Мәтіндік редакторда реферат, ғылыми жоба, мақалалар жазуда нұсқама және сілтемелерді қолданған өте қолайлы. Нұсқамалар жоғарыда айтылған құжат түрлерінде түсіндірме, пайдаланған ақпараттардың дереккөздерін көрсетуде қолданылады. Мәтіндік редакторларда нұсқамаларды автоматты түрде кірістіреді. Құжатқа кірістірілген нұсқама автоматты түрде беттің төменгі жағында орналасады. Нұсқаманың қажетті қаріп өлшемін таңдап, құжатта өзгеріс болған жағдайда оның реттік нөмірлерін сақтауға болады.
Нұсқамалардың (Сноски) екі түрі бар. Біріншісі – түсіндірме мәтін сілтеме тұрған бетте орналасатын қарапайым нұсқама. Әдетте, олар әдеби шығарма, эссе жазу кезінде қолданылады. Ал екіншісі – түсіндірме мәтін құжаттың, тараудың соңында орналасатын құжат соңындағы нұсқама. Нұсқамалардың бұл түрі реферат, мақала, курстық т.б. құжаттарды дайындауда қолданылады.
Сурет 1 - Нұсқама қосымшасы
Құжаттың не тараудың соңына соңғы нұсқаманы кірістіру үшін Вставить концевую сноску (Соңғы нұсқаманы кірістіру) батырмасын пайдалану керек. Сноски (Нұсқамалар) сұхбат терезесі арқылы кірістірілетін нұсқаманың құжаттағы орналасуы мен нөмірлеу тәсілдерін басқаруға болады (2-сурет). Терезенің Формат (Пішім) бөлігінде нұсқамаларды нөмірлеуге болатын өрістер берілген. Начать с (Бастау керек) өрісіндегі құжатқа қойылатын нұсқама қай нөмірден бастап қойылатынын көрсетеді. Нұсқамаларды нөмірлеуде тек араб цифрларын ғана емес, сонымен қатар басқа да таңбаларды қолдануға болады.
Егер қарапайым нұсқаманың түсіндірме мәтіні көп болса, онда сыймай қалған түсіндірме мәтіннің жалғасы келесі бетке жазылады.
Сноски (Нұсқамалар) тақтасындағы орналасқан Следующая сноска (Келесі нұсқама) батырмасы арқылы бір нұсқамадан екіншісіне ауысуға болады. Нұсқаманы жою үшін оны ерекшелеп, Delete пернесін басу керек. Показать сноски (Нұсқамаларды көрсету) – нұсқамаларды және соңғы нұсқамаларды көру үшін құжатта мәтін бойынша қозғала отырып көруге болады.
Сурет 2 - Нұсқамалар сұхбат терезесі
Сонымен бірге құжаттарда пайдаланған әдебиеттер тізімін көрсету үшін Ссылки и список литературы (Сілтемелер мен әдебиеттер тізімі) тобындағы командаларды пайдаланған дұрыс.
Олар төмендегі қызметтерді атқарады:
1. Вставить ссылку (Сілтеме енгізу) – құжат бөлігі үшін дереккөз ретіндегі кітапқа, журналға т.б. мерзімді басылымдардағы мақалаларға сілтеме жасайды;
2. Управления источниками (Дереккөздерді басқару) – құжатта сілтемелер берілген дереккөздердің тізімін көру;
3. Стиль – құжатта қолдану үшін сілтеме стилін таңдау;
4. Список литературы (Әдебиеттер тізімі) – құжатта сілтеме жасалған әдебиеттердің тізімін кірістіру.
Нұсқама құру
Көлемді құжаттармен жұмыс істеуде, мысалы, техникалық құжаттармен жұмыс кезінде қажетті ақпаратты табу үшін нұсқамалар қойған тиімді. Берілген «Компьютер» тақырыбындағы құжатқа нұсқама қой.
1. Құжатқа нұсқамалар не үшін қойылады?
2. Нұсқаманы кірістіру мен Соңғы нұсқаманы кірістіру командаларының қандай айырмашылықтары бар?
3. Сілтемелер мен әдебиеттер тізімі қандай мақсатта қолданылады?
4. Соңғы нұсқаманы кірістіру және Сілтемелер мен әдебиеттер тізімі командаларының қызметіндегі ерекшелікті қалай түсіндіресің?
1-тапсырма
Геометриялық фигуралар жайлы 5 сөйлемнен тұратын мәтін құрастыр. Негізгі мәтін: Қаріп: 12 pt, Arial. Түсі: қара. Абзац: мәтін реттелген, интервал 1.0. Нұсқамалар. Қаріп: 10 pt, Comic Sans MS. Түсі: көк. Абзац: мәтін сол жаққа қарай реттелген, жоларалық интервал 1.0 өлшемімен берілген.
2-тапсырма
«Әлемнің жеті кереметі» тақырыбында орындалған құжатқа сілтеме қоюда қандай қателер жіберілгенін анықта. Бұл қателерді қалай түзетуге болады?
Kitap.kz сайтынан (https://kitap.kz/ book/menn_atim_koj) «Менің атым – Қожа» шығармасынан екі бет ақпарат көшіріп алып, мәтіндік редакторға кірістір.
Тапсырма
1. Көшіріп алған мәтінде кездескен кейіпкердің есіміне нұсқама беріп, беттің соңында сол кейіпкердің бейнесін сипаттайтын түсіндірме жаз.
2. 2-беттің соңында «Соңғы нұсқаманы кірістіру» командасы арқылы әр кейіпкердің шығармадағы рөліне бір сөйлемнен тұратын сипаттама енгіз.
3. Төмендегі интерактивті тапсырманы орында.