Қамар Қасымов 1893 ж. Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылында дүниеге келген – 1966 ж. Алматы қаласында қайтыс болған – музыка аспаптарын жасау шебері, Қазақ КСР-інің мәдениет саласына еңбек сіңірген қайраткері (1974). 1925 ж. А.В.Луначарскийдің өтініші бойынша Мәскеудің музыка шеберханасында әнші Ә.Қашаубаевқа Дүниежүзілік, этнограф. концертке (Париж, 1925) арнап домбыра жасаған. Қасымов Қамар ұлттық музыка аспаптарын өндеп, жаңалап, жетілдіріп отырды. Құрманғазы атындағы академ. оркестрінің музыка аспаптарын жасаған. Мәскеуде П.И.Чайковский атынд. шеберханада қызмет атқарған. 1934 жылы Қамардың басшылығындағы шеберлер алғаш құрылған қазақтың ұлт аспаптар оркестріне домбыра, қобыз, сыбызғы және көптеген музыка аспаптарының түрлерін жасаған. Қамар жас күнінен өнерге ынтық болады. Домбыра жасауды да ерте қолға алады. Алғашқы домбыраларының бірін өзінiң құрдасы, туысы Сұлтанмахмұт ақынға арнаған. Қамар мен асқақ арманды ақын Сұлтанмахмұт түйдей құрдас, дос өте сыйлас болып өскен. Сұлтанмахмұт Тройцкіге оқуға баруға қаражат таппай қиналып жүргенде Қамар өзі жасаған ағаш бұйымдарын сатып және ауылдастарынан қаражат жинап, қаржылай көмек көрсетеді. Осыған ризашылығы ретінде ақын Қамар досына «Алғыс хат», «Досыма» атты өлең арнайды және әйгілі «Қамар сұлу» шығармасындағы басты кейіпкер Гүләйімнің есімін өзгертіп, Қамардың атымен атаған екен. Қ. Қасымовтың бала кезінде анасы Күлсім ерте дүние салып, әкесі Қасымның қолында тәрбиеленеді. Ол 1912 жылдан ұсталық жолмен айналыса бастайды. Алдымен үйде халықтың музыкалық аспабы домбыраны жасайтын қолөнершіден бастап, содан соң ағаштан үй сандықтары мен ыдыстар т.б. заттарды безендіруші ұста болған. 1919 жылы М. Омаровамен шаңырақ құрады, бірақ келіншегі 1927 жылы өмірден озып, Отыз бірінші жылдың аштығына душар болған Қасымовтар отбасынан аман қалған жалғыз Қамар арып-ашып, жадап-жүдеп, өлім халіне келген шағында «таныс біреу табылар ма екен» деген соңғы үмітпен теміржол вокзалында теңселіп жүргенде, бағына қарай, ағайыны Ағзам Боқанов ұшыраса кетедi. Өзінiң отбасын көшіріп алуға келген Ағзам өзімен бірге Қамарды да Семейлетiп отырып, Оңтүстік Қазақстандағы Өзген каласына апарып, жұмысқа орналастырады. Қырғыз еліндегі «Киргизторга» деген дүкенде кассирші, сосын Оңтүстік Қазақстан облысының Сырдария ауданындағы №2 завод дүкенінің меңгерушісі (1933ж.) болып жұмыс істейді. 1934 жылы Қ. Қасымов жұмыс іздеп Сібір өлкесіндегі «Кальчугин заводына» барып қайтады. Көп ұзамай Алматыға келіп өнерпаздардың республикалық бірінші слетіне қатысады, мұндай шебер маманды сол мезетте-ақ, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына шебер-бригадир ретінде жұмысқа қабылдайды. 1937 жылдан қазақтың халық аспаптарын жетілдіру ісінің аға-шебері болған Қ. Қасымовты 1943 жылы «Ұлттық оркестр» құрамына әртіс ретінде бекітеді.
Филармонияда ұзақ жылдар жұмыс жасаған Қамар Қасымов 1962 жылы қазанның 17-күні зейнеткерлік демалысқа шығады.
Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген өнер қайраткері Қамар Касымов 1966 жылы маусымның 14-күні қайтыс болды. Қамар Қасымовтың өз қолымен әшекейлеп, өрнектеп жасаған музыка аспаптары Қазақстанның Орталық және Ықылас атындағы Халық музыка аспаптар мұражайларының қорында сақтаулы тұр.
Ерлан Олжаұлы Рахимов
Павлодар қаласы
Майра Шамсутдинова музейінің жетекшісі
Марапаттары:
Қамар Қасымовтың еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, 1944 жылы тамыздың 7-күні халық аспаптар оркестрінің 10 жылдығына орай, Қазақстанның музыкалық өнеріне қосқан зор үлесі үшін Қазақ КСР-ының Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен, 1946 жылы мамырдың 16-күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ерен еңбегі үшін» медалімен, 1947 жылы желтоқсанның 29-күні Қазақ КСР-ының Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағымен және құрмет грамоталарымен (09.06.1949ж.; 03.12.1954ж.; 10.12.1955ж.) марапатталды.
Қамар Қасымов. – Павлодар: ЭКО, 2004. – 206 б.