Бірлік ауылы

«Ауыл»-ол менің тамырым, тұғырым бет-бейнем, болмысым. Өйткені сол ауылдың түтіні, сол ауылдың бүкіл қасиеті, сол ауылдың жусанының иісін бойыма сіңіріп, сол ауылда қазақтың барлық салт-дәстүрін біліп өсіп келемін. Егер бүгін бір нәрсеге қолым жетіп жатса, сол ауылдан нәр алып, тәлім-тәрбие алғаным.

Расында да, мемлекетіміздің негізгі тірегі-ауыл екені айдан анық. Өйткені ел байлығы алтын астықты, малды өсіріп, ет-сүт дайындайтын ауыл адамдары, елдің болашағы жастардың дені ауылда өсіп енеді. Түптеп келгенде, ауыл өскелең де өрнекті өміріміздің айнасы іспеттес. Ауыл мен адам, мен қоғам бір-бірінен алшақ кете алмайды.

Саналы ғұмырын өзінің кіндік кескен ауылында өткізіп, еңбек азаматтың өзі «Мен бірінші ата-анама, екінші туып-өскен ауылыма қарыздармын»-дейді.

Көрнекті жазушы марқұм Тахауи Ахтанов «Ойлап отырсам, талантты ақын-жазушылардың тоқсан тоғыз пайызы ауылда дүниеге келген екен. Сондықтан біздің ұямыз-ауыл. Біздердің қан-тамырымыз да, жүрегіміз де ауыл деп соғады»-деп тебіренген екен.

Өкінішке орай Бірліктің өткені жайында нақты деректер жоқ, тек әр жылдардағы еңбек көрсеткіштері мен анықтамалар ғана сақталған. Көнекөз қариялардың айтулары бойынша осы елдің өткеніне бір сәт көз жүгіртсек, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында бұл өңір Баянаула округіне қарасты Шақшан болысы деп аталған. Шақшанның бұрыңғы атауы Сақсан болуы да мүмкін.

1992 жылы археологтардың қазба жұмыстарыының нәтижесінде Ащы өзенінің бойынан сақтар тайпасының мүрдесі мен жауынгерлік құралдар табылған.

1928 жылдары Шақшан болысына қарасты ел – 14-ші ауыл деп аталған. Осы ауылдық кеңеске қарасты екі шаруашылық ұжым ұйымдастырылды. Біріншісі-Егінді, екіншісі-Жаңа дәуір деп аталған.

1933 жылдың көктемінде Жұмабек Мендібайұлы деген азаматтың басқаруымен егін шаруашылығын ұйымдастырған. 1934 жылы ұжым мүшелері – Рақыш, Сұңғат Дүзкенұлдары, Манап Иманбекұлы, Рахмет Еңсебайұлы, Бейсембай Қорабайұлы, Әйтін Дауылұлы дорбаларын иықтарына асынып, жаяу жүріп тұқым шашып, егін салады. Сол жылдары бейнеттеніп салған егіндері бітік шығып, халық мол өнім алып, молшылыққа кенеледі. Үкіметтін шығарған қаулысы бойынша ашаршылықтан аман шыққандарға  ұжым серіктестігінен азын-аулақ мал беріледі.

1940 жылы шаруашылыққа Жақия Әбдірахманұлы деген көзі ашық азамат басшы болып тағайындалады.