Бірлік ауылдық округі

Ол кісі 1943 жылы Ұлы Отан соғысына  аттанып содан оралмады. Бұл күндері ауылда ұрпақтары тұрып жатыр.

1950 жылы Бірлік колхозы құрылып, Бірлік атауын Адильшина Нұржамал жиналыста ұсынған. Жолдасбек Дөненбаев  ауылдық кеңес төрағасы болып сайланып, халыққа адал қызмет етті. Осы жылдары тың игеру науқаны басталып, ауыл адамдары - Жұмат Ағыбайұлы, Нескен Ақылбекұлы, Есенбай Қуанұлы, Нәжмиден Сұңғатұлы, Матай Мәжитұлы белсене қатысты.

Мәйда Төлегенқызы ауылда трактор рөліне отырған тұңғыш әйел болса, Әлбосын Сейтқазыұлы-егіннен түскен астықты тиірменге өткізген тұңғыш тиірменші екенің айтқан жөн.

1954 жылдары 3 мыңға жуық ірі қара, 26 мыңнан аса қой түлігі ел дәулетін еселей түсті.

Жалпы Баян өңіріне 20-шы ғасырдың 50-60 жылдарында Ресей мен Украина, Белоруссиядан тың жерлерді игеруге отбасылы адамдар, жастар көптеп ағылды.

Үкіметтің қаулысы бойынша 1961 жылы Бірлік колхозының шет жағына яғни бос жатқан ұлан ғайыр далаға палаткалар тігіліп, Бірлік кеңшары деп жазылған алғашқы қадасы қағылды.

1961 жылы көктемде Бірліктің тың  дала төсіне тұңғыш түрен салып, жер жыртқан тракторшы-комсомол Иван Кузнецов болатын. Сол күндері комсомолдық жолдамамен келген ұлт өкілдері - Тохмаси Ниефталиев, Иван Шатанов, Иван Вельш, Михайл Клещев, ағайынды Верещагиндер тағы басқалары кеңшар дәулеті мен сәулетін еселеуде көп еңбек сіңіріп, кезінде олар орден, медальдармен марапатталды. Осы ауылда балалары өсіп, білім алды, қазақшаға да судай болды.

Бірлік кеңшарының тұңғыш директоры - Юрьев Михаил Павлович болды. 1967-1971 жылдар аралығында Исатай Құлқашев, 1972-1976 жылдары Бекболат Бәкенов, 1976-1985 жылдары Алпысбес Әділханов директорлық етіп, кеңшар экономикасы мен мәдениетінің көтерілуіне көп еңбек сіңірді.

Тың игеру жылдары  9 сыныптық мектеп, балабақша, клуб, асхана, фельдшерлік пункт және тұрғын үй құрылыстары қарқынды жүргізілді. Демографиялық өсу де жоғары деңгейде болды. Бірлік кеңшарының экономикалық өсу жолына назар аударсақ, түңілуден гөрі үлкен үмітке, алауыздықтан гөрі бірлікке құлшына ұмтылысты көреміз.

Егер жансыз сандарға тіл бітірсек, байыпты баяндап берері сөзсіз.

«Елу жылда ел жаңа, қырық жылда-қазан» - қағидасын ескерсек, өткен жылдардың өзінде ғана әлеуметтік мәдени өмірі өрге басқаның, өркені етек жайғаның бағамдау қиын емес. Уақыттың уысында умаждалмай, атын өшірмей, абыройын жоғалтпай 55 жылдың жүзінде серкелер қатарынан ойып орын алуға ұмтылған арманшыл адамдары киелі жердің ұлағатын ұлғайтып, абыройын аспандатуға күш жігерің жұмсағаны артындағы айшықты да ізетті іздерінде жатыр.

Адам тіршілік иесі десек, ол ғұмырдың қалыптасуына, қоршаған ортаға ықпал етуге жаратылады. Ендеше, Бірлік ауылының құрылуына, өсіп-өркендеуіне, ерен еңбегімен үлес қосқан, жыл он екі айдағы жұмысының нәтижесін күзде тосқан еңбектерді неге ауызға алмасқа?

Осы өңірде туып-өскен, арманның ақ кемесін айдынға салып, мақсат-мұрат жолында білімі мен білігін сарқа пайдаланған,елі мен жері үшін тер төккен ата-әжелерімізді неге есте жаңғыртпасқа?

Тіпті, одан арғы замандағы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елі мен жерін қорғап, еркіндік жолында жан беріп жан алған бабаларды қалай ұмытамыз? Ауылдың әрекеттенуіне еселі еңбегі мен зор үлес қосқан, тыл, еңбек, соғыс ардагерлерінің есімдерін бір мақаланың ен бойына сыйғызу мүмкін емес. 80-90 жылдары ерен еңбектің үлгісін көрсеткен озаттар жайлы жазған мақалалар жинақталған жеке мұрағатымда ауыл адамдарының қарапайым өмірі сыр шертеді.

Иә, кеңес дәуірі күйреп, елдің тоз-тозы шығып, басқа ауыртпалық түскен шақта, бірліктердің дені басқа жерге, қалаларға қоныс аударды. Өзге ұлт өкілдерінің басқа елді мекендерге көшкен көзі де қиын шақта болды.

Мемлекет меншігіндегі мал, техника түгелдей сатылып, жеке меншік қолға өтті. Ата-баба жерін қиып кете алмай қалған байырғы тұрғындар енді бағыт-бағдарын анық бағамдап, санаға сілкініс жасап, ешкімге иек артпай  өздігінше тірлік ету қажеттігі туындағаның түсінді. Алдарындағы төрт-түлік  малын ұқсатып, өнімін өндіруді қолға алды. Ауылдың байырғы азаматтары - Дүйсенбай Сүйіндіков, Өндіріс Сатыбалдин, Егінтай Ақболин, Данияр Мұқашев, Ерлан Нығметжанов тағы басқалары шаруа қожалықтарын құрып, бұл күндері еліміздің азық-түлік бағдарламасының жүзеге асуына өз үлестерін қосуда.

Мұнда қос қабатты мектеп, мәдениет үйі, мешіт, әкімшілік үйі-халық игілігі үшін қызмет етеді.

Берекелі бірлігі жарасқан Бірлік ауылы алдағы уақытта да ел дәулетін арттыруға лайықты үлес қосып, Тәуелсіздік туы желбіреген мемлекетімізде өрісі кеңейіп көркейе беретініне сеніміміз мол.