Әулиелі Қызылтау таулары
Орналасқан жері: Қызылтау ауылдық округі, Ж. Аймауытов ауылының оңтүстік-шығыс жағындағы 18 шақырым жер.
Қысқаша анықтама: киелі де қасиетті мекен Қызылтау таулары Павлодар облысындағы теңіз деңгейінен 1055 метр биіктікте орналасқан ең биік нүкте. Қызылтау! Әулиелі Қызылтау, Баянаула-Қызылтау! Жалпы әдебиет пен тарихтан хабары бар адам Қызылтау атауынан құлағдар. Себебі, халықтың ауыз әдебиеті мұраларында, әр кездерде жарық көрген әдеби-деректі шығармаларда, мұрағаттық құжаттарда Қызылтау атауы молынан ұсынылады. Сонау XVIII ғасырдың адуынды жырауы Үмбетей Тілеуұлы: «Баянаул-Қызылтау, Абыралы-Шыңғыстау, Қозымаңырақ, Қоймаңырақ, Арасы толған көп қалмақ» деп толғағанын білеміз. Қызылтау атауы сондай-ақ осы өңірде дүниеге келген. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Қадыр Тайшықовтардың әдеби-көркем деректі шығармаларында барынша аталып өтілетіні оқырман қауымға белгілі. Осыдан үш ғасырдай әріге көз салып, Шобалай әулие Наурызұлы, Қошқар абыз, Абылай заманындағы Жаңабатыр, Жанақ билерді, Көтеш, Жәмшібай секілді ақындарды Амалдық софы, Өтеміс абыз, Ғабдолла Хазірет Исабекұлы, Күнтәй Бейбітұлы, Тарпаң (Асау) Шөгелұлы, Нұрмағамбет (Аласақал) сынды әулиелерді ауызға алсақ, сол елден қажылық парызын өтеуге барған Түкей Наурызұлы, Самай Тоқпанұлы, Тұяқ Жәменкеұлы, Тілесбай Жәутенұлы, Торсықбай Құсақұлы, Тотай Құсақұлы, Қожылдақ Байғараұлы, Құлатай Найзабекұлы, Омар Молдабайұлы, Жортпас Өзденұлы, Әсембай Бүркітбайұлы, Қасым Салпақұлы секілді қажыларды атасақ, Қызылтауды тағы да айналып өте алмаймыз.
Әулиелі Қызылтау таулары
Әулиелі Қызылтау тауының архарлары
Қызылтаудағы Әулие үңгірі
Орналасқан жері: Қызылтау ауылдық округі Ж. Аймауытов ауылынан оңтүстікке қарай 18 шақырым жер.
Қысқаша анықтама: Қызылтау тауларындағы биіктегі табиғи «Құлан әулие үңгірі». Осы Әулие үңгірі жөнінде ел аузында әртүрлі аңыз-әңгімелер сақталған. Қазақ заманында Қызылтау өңірінде үйір-үйірімен құландар жүреді екен. Жаз айларындағы аптап ыстықтарда көлеңкелеп, үңгірдің төңірегінде мекендейді. Елдегі ақсақалдардың айтуынша XX ғасырдың Кеңес үкіметінің тәркілеу науқаны қарқын алған тұстарда соңғы құландарды әскери адамдардың атып, құртқаны баяндалады. Тағы бір аңызға зер салсақ, Нұх Пайғамбар заманында үш әулие Нұхтың кемесіне сыймай қалып, кеменің соңына бір-бір бөренеден сал жасап, соларға отырып кете барыпты деседі. Су қайтқан шамада солтүстіктен соққан желдің екпінімен тауға, тастарға соғылып, үш әулие үш жерде қалыпты дейді. Қоңыр әулие Жамбақы тауларындағы үңгірде, Қыран әулие Баянауылдың Жасыбай жақ беткейдегі биік тауда, ал Құлан Қызылтаудағы осы үңгірде қалған деседі. Әрине бізге Нұх Пайғамбар өмірінен кітап жеткен жоқ және ол заманда біреу қазақша сөйледі деп айту қиын. Бұл біздің арғы бабаларымыздың мифологиялық сана-сезімдерінен туылған аңыздар.
Үңгір тас
Тұяқ қажы зираты
Орналасқан жері: Қызылтау ауылдық округі, Ж. Аймауытов ауылынан 2,5 шақырым жерде жерленген.
Қысқаша анықтама: Тұяқ қажы Жәменкеұлы руы Күлік-Данияр XIX ғасырда өмір сүрген. Ислам дінін қазақ арасына таралуына белсенді қатысып, үлкен үлес қосқан тұлға. Өз заманында қажылыққа 4 рет барған. Ол кісі батыр болған адам, кейбір тарихи деректерде Тұяқ батыр деп те атайды. Жаугершілік заманда аз жауынгерлерімен жорыққа шықанда жауларына алыстан қалың әскер келе жатқан сияқты көрініс береді екен. Көзі өте өткір, жауымен жекпе-жекке шыққанда көзіне көзі түссе, қарсыласы қолындағы қаруын түсіріп алады екен. Бұл кісінің ұрпағы композитор Садық Кәрімбаев.
Қолданған әдебиет: «Қызылтау – құтты қоныс, киелі аймақ» атты кітап.
Авторлары: Сайлау Байбосын, Рамазан Нұрғалиев.
Жүсіпбек Аймауытовтың туып-өскен жеріне құрылған ескерткіш
Бұл тас 1989 жылы
Жүсіпбек Аймауытовтың 100 жылдық тойына арналып қойылған