Шоң нақылдары
Құдай рахмат қылсын: «Шоң би айтады екен: «Берген аста береке бар». «Береке» – деген періштенің аты. Берген үйдің асына періштесі береке береді. «Бермеген аста біте бар». «Біте» деген – шайтанның аты. «Бермеген үйдің асын Біте деген шайтан сорып құртады» – дейді. Отыз жеті жасымда Ташкент барғанда, атармын (аңармыз) құлақтан құлақта қалған сөз еді. Алпыс үш жасымда нұсқа болып қағаз үстіне жазылды. Жасымда жүрмесем, тұрмасам, маған бұл қайда? 1921-інші жылында 25 декабрьде – жаңаша.
Тіл мен көз
Шоң би, Торайғыр би және қасында Тайкелтір бидің тоқалынан туған баласы Өтеп сақау бар және Торайғырдың атшысы Ыстықмұрт: Ерсары бар – Қаракесекке бітімге бара жатып, Қаракесектің бір ауылына жақындап қалғанда, бір кісінің басындай доп-домалақ ақ тасты көріп, айнала тұра қалып, тамаша қылып, көреді де, кете барады. Ауылға барып қоныпты. Байдың екі ала бас ботасын, екі ақ қара бас марқасын көріп, тамаша қылып, таңданыпты. Бұлар аттанғанша, екі бота да, екі марқа да пышаққа ілініпті. Сонан соң бұлар әңгіме қылыпты: – Мына екі бота мен екі марқаға біздің көзіміз тиді. Кешегі біз таңданған тас қайтті екен? – десіп, әлгі ауылдан аттанып, әдейі барып, тасты көрсе, ортасынан қақ жарылып жатыр екен дейді.
Сарман мен Шоң би
Шоң би бір шаруа жөнінен ақылы алты тарап болып отырғанда, бір-екі даугері Сарманға айдап жіберген екен. Сонда Сарман екеуінің сөзін сұрап естіп алып: – Сен де жан бер, сен де жан бер! – депті. Екеуі қайта Шоңға келіпті. – Қайттіңдер, біттіңдер ме? – депті. – Екеумізге де жанға салды, – депті. Сарманды шақырып алып: – Мұның рас па? – деген екен. – Маған салсаң, осы сөзден басқа айтарым жоқ! – депті.
(Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Көп томдық шығармалар жинағы. 6-том)
***
Тоқа ішінде Алтай елінің ұрылары көрші ауылдың малын айдап әкетіпті. Екі ел арасында дау шығыпты. Билік бітімге Атығай Арық би мен Тоқа Шоң би шығыпты.Шоң би ірі денелі насат кісі болса керек те, Арық би кішкене ғана ажарсыз адам екен. Шоң сөз бастапты: - Арқаның арық биі сапарың оң болсын! Елің де, өзің де жүдеп шыққан екенсің, сөйле? Сонда Арық би: - Әлей болсын. Аққу құстың төресі жеке жүріп оттамас. Асыл ердің жақсысы бұралқы сөзді бұттамас. Мен арық болсам елімнің жоғын жоқтап жүрген болармын. Өлеңді жерде өгіз семіз,ұрылы жерде би семіз деген. Сіздің семіз болатын ретіңіз бар ғой, - депті. Шоң басқа сөзге келмей, жанындағы жігіттерге қарап: - Мына арық бидің малын беріңдер, малымен қоса жолын беріңдер,- деп билікті көп созбай тындыра салыпты.
***
Керей Нұрбай әрі батыр, әрі сөзге шешен кісі болыпты. Ел арасындағы малдың дауымен Шоң бидің ауылына таңертең ерте, түн қатып, күн шығар шықпаста келсе, Шоң би қотанның шетінде жалғыз тұр екен. Келген кісілер сәлемдесіп болған соң: «Иә, кімсіңдер? Ертелетіп қайдан келесіңдер, жол болсын? — депті Шоң би. «Мен, Керей Нұрбаймын. Он бес шақты жылқы алдырып, соны іздеп келеміз». Сонда Шоң би: «Нұрбай қарақшы сен бе едің?» — депті. «Сіздің ел қандай нәрсені қарақшы дейтінін білмеймін. Біздің ел сіз секілді қотанның шетінде жалғыз қарайып тұрғанды, қарақшы деп айтушы еді», — депті Нұрбай. Сонда Шоң би: «Мені қотанның шетіндегі қарақшыға теңедің», — деп ашуланып: «Онда жоғалған малыңды екі есе қылып қайтарып алатын болдың ғой», — депті кекетіп. «Дұрыс айтасыз, төреңізге құлдық. Мен билігіңізге өте ризамын», — депті Нұрбай. «Сен немене, қалжыңға да түсінбейсің бе? Қалжың сөз ғой бұл, билік сөз емес», — деп жалтарыпты Шоң би. Сонда Нұрбай: «Ұлы биде қалжың болмас, әділ би мылжың болмас деген. Не би емеспін деп мойында, әйтпесе, айтқан өз сөзіңді, билігіңді орында», — деп сөзден жеңіп, малдарын екі есе қылып алыпты.
***
Шоң мен Ақтайлақ.
Уақ елінің мықтылары Сүйіндіктен барымтамен жүз жылқы алдырыпты. Осы себепті екі елдің арасында дау туып, ақыры, сөйлесе келгенде, екі жақтың басты адамдары келісімге келеді. Бірақ, бұл келісім жасалғанда Шоң би жоқ екен. Екі жақтың шешіміне келіспей, Шоңның өзі барады. Ақтайлақ деген атақты биінің үйіне түседі. Ақтайлақ кедей екен, амандықтан кейін: «Көрші ауылға барып келейін», – деп кетерінде әйеліне:
Едігенің Шоңы келді,
Бұрынғының соңы келді.
Қазаныңа ас сал,
Аз болса, көбейт,
Көп болса, азайт, – дейді. Көрші ауылдағы саудагерлердің жаңа кигіз үйін ас-суымен ала келіп, Шоңды екі күн құрметтеп, күтеді. Бұл уақытта екі жақтың арасында ешбір сөз болмайды. Үшінші күн Шоң қайтатын болады. Ақтайлақ би құрметтеп шығарып салады. Біраз жерге дейін еріп барып, Ақтайлақ тоқтап:
–Шоң, Шоң! ,- деп дауыстайды.
Шоң жалт қарайды. Ақтайлақ қолын көпке бір сілтейді, көкке бір сілтейді де, ерінің қасын ұрады. Екі би түсінісіп,, дау осы ишаратпен бітеді. Жанындағылар емеурінді түсінбей сұрағанда, Шоң:
–Ақтайлақ бидің жұмбақтап, әйеліне айтқан сөздері «Бір біткен билікті бұзып, өзің келдің, енді өзің айт шешімін», «Қазаныңа ас сал, аз болса, көбейт, көп болса, азайт» дегені «бұрынғы кесімді кеміт» дегені. Ал, ат үстінде тұрып қолымен ымдағаны «менің тұрмысымды көкте Құдай білсін, жерде екеуіміз-ақ білейік, кедейлігімді ешкімге айтпа» дегені, – депті.
«Қазақ өнерінің антологиясы» кітабынан.