Сәдуақас Шормановтың қайда және қашан туғаны туралы деректер әртүрлі болып келеді. Біреулер Баянауылда десе, екіншілер Омбы қаласында туған дейді.Сондықтан баспа беттерңнде 1848, 1849, 1850, және 1854 туды деп жазылып жүр. Мәселен, өлкетанушы марқұм Қазыбек Нұралин «Сәдуақас Шорманов» деген мақаласында («Жұлдыз» 1994 ж № 1) былай деп баяндайды: Шорман би Омбыға барғанымда тамақ ішетін, намаз оқитын жерім жоқ депкадет корпусының қазірдегі Фрунзе атындағы жоғарғы дә режелі әскери училищесінің қарсысынан (1849 жылы) 250 сомға жер сатып алып, сол жерге ағайын Кемеңгер Атанұлына (Көшке Кемеңгеротың атасы) айтып, өзіне үй салдырады. Онымен бірге қызметшілері тұратын үйлер, атқоралар, бидің Омбы жәрмеңкесінде сатылатын малдарын қимайтын қора қопсылары да салынады. Ауылға айналады.Ол Қаржас ауылы деп аталады.
Осы ауылды Садуақас (Сағди ибн Уахас) 1850 жылы дүниеге келіпті.Осыны естіген Шыңғыс сұлтан қасына дос адамдары керей Әлдебек пен Атығай Құлымбеттің Мұқанын ертіп, Шорманға , оның әулетіне құтты болсын айтып, Садуақасқа «Орта жүздің бұрын өткен игі жақсыларындай қасиет иесі бол» деп бата береді. Қазақтың танымал жазушысы, әрі өлкетанушы Қалмұқан Исабаев Садуақас 1849 жылы 25 ақпанда («Сарыарқа самалы» газеті, 24.10.03) туған деп жазды. Архивте сақталған анкетада осылай көрсетіліпті.
Сәдуақас екі жасқа келгенде Ақкелін ауылындағы атасы Шорманның бауырына әкелінеді. Ол он жасқа дейін осы ауылда болады. Ауыл молдасынан дәріс алады. Атасы мұғалім жалдап, Сәдуақасты орысшаға үйретеді. Бұл оның гимназияға түсуіне және оны ойдағыдай тәмамдауына үлкен көмек болады. Оқуды ойдағыдай бітіргеннен кейін Сәдуақас Томск университетіне түседі. Бірақ, денсаулығына байланысты оқуды тастап елге қайтады.
Сәдуақас Шорманов сол уақытта ақын ретінде жақсы танылған, Қазақ халқының көрнекті мемлекет қайраткері, әдебиет пен өнердің білгірі Смағұл Сәдуақасов «Мағжан Жұмабаевтан кейін, хал-қадірінше қазақ ақындарының арасынан С.Шормановты айтуға болады»-деген еді.
Ақын ретінде С.Шорманов адалдықты, махаббатты, табиғатты, адамгершілікті, қайырымдылықты, руханиятты жырлаған. Абай мектебін өнеге тұтқан ақын. Абайдан үйреніп, оған еліктегенін «Ер қоспақ пен сөз сөйлемек» деген өлеңінен анық байқауға болады. Шорманов Сәдуақас қазақ қолжазбаларын жинаушы, солардың ішінде Абай өлеңдерінің қолжазбасын П.М.Мелиоранскийге тапсырған.
С.Шорманов поэзиясы әртүрлі тақырыпқа арналған. Солардың барлығын тұтастыратын негізгі идея адамгершілік, адалдық идеясы. Ақын адамдарды үлкен-кіші деп бөлуге болмайтындығы, қоғам жеке адамдардан бірігіп барып көзге түсетіндігін, тіршілік тірегі бірлік екенін нықтай жырлайды.
С.Шормановтан қалған поэзиялық мұра көп болуға тиіс. Ақын «Махаббат», «Ақ баян құсманы біз қолдайық», «Мінәжат» т.б. көлемді толғаулар жазған.
Елдің тұрмыс жағдайы, қоғамдық халі С.Шормановтың санасында ерекше ұялаған көкейкесті мәселе еді. Сондықтан да «Айқап» журналы шығысымен, оған елдің тұрмыс халі, шаруашылығы туралы мақалалар, хабарлар жазып тұрды. Ол мақалаларында қазақ халқының отырықшылық өмірге ауысып, тұрақтануына, сол арқылы оқу оқып, алдыңғы ел қатарына қосылуына жаңашырлық пікірлер айтты. Болашағы мол өмір салтын насихаттады.
Сонымен қатар, шаруашылық жағдайына ерекше ықпалы бар деген салаларға да қалам тартты. С.Шормановтың «Өрттің зияны», «Шөлді суару» атты мақалалары бұған толық дәлел. «Қазақ» газетінде қазақ елінің әкімшілік және сот құрылысындағы өзгерістер, бұрынғы билер мен кейінгі билерді салыстарған мақалалары жарияланған.
С.Шорманов - шығармашылығы зерттелмеген талантты тұлға. Оның 1907 жылы баспадан шыққан «Аушы» (дұрысы «Аңшы» болу керек) атты бір шағын кітабы ғана белгілі. Ақынның ел аузында сақталған, баспасөз бетінде жарияланған қолжазбаларын іздестіріп жинақ етіп шығару аса қажет.