Қымбатты ата-ана! Бала дамуы туралы қандай да бір сұрақтарыңыз болса бізге жолдауыңызға болады.
Кері байланыстар үшін: электронды мекен-жай: sanakova.00@ mail.ru ұялы байланыс: +7 7076406127
Сұрақ: Балам тұтығып сөйлейді. Ашуланса тіпті сөйлей алмай қалады. Оның тұтығуын азайтуға немесе мүлдем қойдыртуға арналған жаттығулар бар ма?
Жауап: Тұтығу қазір жиі кездеседі. Ол баланың қатты шошуынан болады. Үй жағдайында баланы жиі-жиі құшақтап, айналып-толғанып, айналаның қауіпсіз екенін сездіртіңіз. Жылы сөз бен мейірім көрсетіңіз. Тұтықса, мазақтауға ешқандай да жол бермеңіз. Суретті көп салдыртып, жануарларға қамқорлық жасауын қадағалаңыз. Жаттығуларды өз бетіңізбен таңдамағаныңыз дұрыс болады.
Сұрақ: Тұтығу тұқым қуалай ма? Менің жолдасым 5 жасынан бастап тұтығып сөйлеген екен. Балам 5 жаста, ол да тұтығуды бастаған сияқты. Не істесем болады?
Жауап: Сіздің алаңдауыңыз орынды. Егер балаңыз тұтығып сөйлеуді бастаса, себебін біліңіз. Қатты шошыса да тұтығады. Жолдасыңыз тұтығып сөйлейтін болса соған еліктеуі де мүмкін. Бізге балаңызды кеңес алуға әкеліңіз. Психоневролог дәрігерге көрсетіп алуыңызға да болады.
Сұрақ: Балам әріптерді түгел таниды. Бірақ қосып оқи алмайды. Қиналып кеттім. Қалай көмектесемін?
Жауап: Балаңызды бізге алып келіңіз. Тәжірибелі бастауыш сынып мұғалімдерімен бірге оқудағы қиындықтарын анықтайық. Әріптің барлығын танып тұрса буындап оқып кетуге дайын деген сөз. Сізден өтінеріміз: балаға көп ұрыспай, сыпайы болыңыз. Өзінің оқи алмайтынына өзі сеніп қалып, мектепті жек көріп кетуі де мүмкін.
Сұрақ: Бала қанша жастан бастап сөйлеуі керек?
Жауап: Баланың дыбыс шығаруы жас кезеңдеріне қарай бөлінеді. 3 айлық бала уілдесе, 6 айында қаттырақ дыбыстап, оқыстан айқайлауы да мүмкін. 1 жасқа жақындағанда 3-4 буынды сөздерді айтып жүреді. 2 жастан бастап сөздің мағынасын түсініп, сөздік қоры көбейіп, өзі жауап бере алады. 3 жастан бастап тақпақ, жаңылтпаш жаттатып баламен жүмыс жасаған дұрыс.Егер 3 жастан кейін де сөйлемесе логопедке барып кеңес алыңыз.
Сұрақ: Баланы логопедке қанша жастан бастап апару керек?
Жауап: 2 жастан бастап жылына 1 рет кеңес алып, тілінің мүкістігі бар немесе жоқтығын анықтатудың маңызы зор.
Сұрақ: Баламның тіліндегі мүкістіктерді өзім жұмыстанып, жөндей аламын ба?
Жауап: Сізге бұлай жасамаған дұрыс. Дұрыс емес жасалған жаттығулар баланы шошытып жіберуі мүмкін. Тек қана маман көмегіне жүгініңіз.
Сұрақ: Балам 1-сыныпқа келгенде байқағаным, орысшаға да жоқ, қазақшаны да түсінбейді. Сабақты тіпті тыңдамайды.Үйде папасы орысша, мен қазақша сөйлеймін. Мүмкін содан ба екен?
Жауап: Кішкентай баланың тілі өз ана тілінде шыққаны дұрыс. Балаңызбен жеке сөйлесіп барып қана себебін айта аламыз. Сізге балаға көбірек қазақша ертегілер тыңдатып, оқып беруді қолға алуға кеңес береміз.
Сұрақ: Баламды бірінші неврологқа апарғаным дұрыс па, әлде логопедке апарайын ба?
Жауап: Балаңыздың сөйлеуінде ақау не тіл мүкістігі байқалса қай маманға апарамын десеңіз де өзіңіз білесіз. Балаңызға медициналық тұрғыдан невролог дәрігер көмектессе, педагогикалық тұрғыдан логопед -мұғалім көмектесе алады. Екеуінің де міндеті-баланың сөйлеуінде қандай кедергілер бар екенін анықтап, түзетуге жұмыстану болып табылады.
Сұрақ: Баланы тіл мүкістігі өз-өзінен жойылып, қалпына келуі мүмкін бе?
Жауап: Кейбір балалар көпке дейін "р" дыбысын айта алмай жүреді де, мектепке келген соң айтып кетеді. Бұл жасына қарай болатын өзгерістер. Егер бірнеше әріпке тілі келмесе, маманға апару керек. Аталған кемшілік өз-өзінен жойылып кетпейді.
Сұрақ: "ЗРР" деген диагноз туралы білгім келеді. Ол не үшін қойылады?
Жауап: ЗРР қысқарған сөз. Толықтай "задержка речевого развития" немесе сөйлеудің тежелуі. Мұндай диагноз 1 жастан асқан баланың тілдік қорында кемінде 10 сөз болмаса, ал 3 жасында сөз тіркестерін қолдана алмаса қойылады. Егер 3 жастан асқан соң да сөйлеуде тежелу байқалса, дабыл қағу керек. Өйткені, емделмесе аутизм белгілеріне ұласып кетуі мүмкін. Сондықтан саусақ моторикасына арналған жаттығуларды көп жасату керек.