Соғыстың сұрапылын бастан кешкен,
Менің де тәндерімді оқтар тескен.
Жау оғын омырауымен қаққан Бақыт,
Өмірде кетерсің бе мәңгі естен.
Дихан Әбілов
БАҚЫТ ХАЙДАРОВ
Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен жаужүрек жерлес батырлардың бірі – Бақыт Хайдаров. 1919 жылы Баянауыл ауданы, Алексеевка ауылында дүниеге келген ұлан жастайынан еңбекпен шыңдалып өсті. Орта мектепті тәмамдаған соң, 1939 жылы Кеңес әскері қатарына әскери борышын өтеуге шақырылады. Әскер қатарында артиллериалық істі жетік меңгере білді. Полк жауынгерлері арасында зор абыройға ие болды. Әскер қатарындағы борышы аяқталар шақта соғыс атты зұлмат басталып кетті. Осы шақтың ең алғашқы күндерінен бастап, Бақыт Хайдаров жау әскеріне қарсы кескілескен ұрыстарда ерліктің ерең үлгісін танытты. Әсіресе, Ленинград үшін болған шайқаста өшпес ерліктің үлгісін көрсетті. Әсіресе, оның Карель мойнағындағы ерлігі мәңгілікке өшпестей болып қала береді. 1944 жылдың жаз айының бірінде Мустая елді мекені жанындағы шайқастың бірінде ол жаралы болғанына қарамастан жау басқыншыларына тосқауыл қойып, қысыл-таяң кезде керемет ерлікті паш етті. Үш күнге созылған бетпе-бет ұрыста ол жаудың 12 дүркін шабуылына тойтарыс беріп, фашистердің 2 бронетранспортері, 5 танкісін, 3 автомашинасын қиратып, өртеп жіберді. Ентелеген жаудың жаяу әскерін де оқтың астына алып, жүзден астамын жер жастандырды. Осы шайқаста тапқырлық пен шеберлік көрсеткені үшін бірінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Бұдан басқа қиян-кескі ұрыстардағы ерліктері үшін талай наградаларға ұсынылды. Бақыт Хайдаров «Даңқ» орденінің үш дәрежесінің иегері. Батыр Бақыт Хайдаров 1945 жылы Кенисберг (Шығыс Пруссияда) түбінде қайтыс болды. Ерлік ешқашан өшпейді. Жауынгер жерлестерін дәріптейтін ұрпағы барда олардың есімі мәңгілікке ел жанында сақталары сөзсіз.
Ұлы Отан соғысының жеңісіне 30 жыл толуына қарсы Павлодар қаласындағы Жеңіс алаңында бюст - ескерткіші орнатылды.
1991 жылы 23 желтоқсанда Жаңатілек орта білім беру мектебіне батыр аты берілді.
МЕКТЕБІМЕ БАТЫР АТЫ БЕРІЛДІ.
Баянауыл – батырлардың мекені,
Ерлерімен ел мерейі өседі.
Ерліктерін аңыз қылып, дастан қып,
Ұрпақтарға үлгі – өнеге етеді.
Баянауыл – бабалардың кешегі,
Кейінгіге аманаты деседі.
Баянауыл – байлық пен бақ бесігі,
Баянауыл – батырлардың мекені.
Бұлт баспайды ашық қазір аспаны,
Жазылуда ерлік, еңбек дастаны.
Баурайында өсіп – өнген ұрпақпыз,
Жарқылдаған Жаңатілек жастары.
Жаңатілек – Жаяу ата ауылы,
Жаңатілек – өр ұрпақтар қауымы.
Осы жерде туып – өскен ағамыз,
Хайдаровтай батыр Бақыт – тау ұлы.
Өсті батыр асық ойнап, тай мініп,
Өжет еді, көрген емес қаймығып.
Бестөбеден қайтқан кезде сабақтан,
Шомылдырды ақ Айдостың айдыны.
Тынымсыз еді, тұратұғын таң атпай,
Жүретұғын жалқаулықты жаратпай.
Мақтаушы еді мұғалімі Нұргали,
Зерек, алғыр, ынталы деп сабаққа.
Тар болды оған Жуантөбе етегі,
Жалын еді, жанып тұрған от еді.
Керекуде оқып жүрген кезінде,
Жас жігітті әскерге алып кетеді.
Қазақ, қырғыз, украиндер, орыстар
Ұлдарымыз ұлы Отанның борыштар.
Деген оймен кетті Бақыт сұранып,
Ақ финдермен болып жатқан соғысқа.
Батыс жатқан қара құзғын қаптады,
Қанқұйлы жау ар – намысты таптады.
Өлім сеуіп өлермендеп, өңмендеп,
Фашист –ажал шекерадан аттады.
Кеудеде кек, бойда кетті күш қайнап,
Жанда жалын, жанарда от ойнап.
Жауға қарсы белді буып тас түйін,
Қан майданға шықты батыр атойлап.
Халқын сүйді, қарындасын сағынды,
Ер қайраты ен майданда танылды.
Ленинград қаласында алғашқы,
Кеудесіне Даңқ ордені тағылды.
Елестетіп найзағайды, жасынды,
Батыр Бақыт жаудың құтын қашырды.
Хатарында Қанағатқа жазатын,
Бойындағы жарасын да жасырды.
Дойче Эйланд, Розенбург қаланы,
Қорғай алмай қансырап жау қалды.
Быт – шыт қылып бекінісін фашистің,
Бақыт тағы Даңқ орденін алады.
Қаңтар айы 45 – тің қақаған,
Кезі еді бұл жеңістің де тақаған.
Жекпе –жекте жеңіп шықты Хайдаров,
Беттей алмай жау аттады тасадан.
Өтті тағы ай, өтті ақпан да ақырып,
Батыр алға ұмтылады асығып.
Қалтылдайды қыл үстінде жас өмір,
Ажалменен арпалысып жас үміт.
Соғыс қызу жер мен аспан гүрілдеп,
Тұрса да әлі Наурыз келді күлімдеп.
Қалтырайды жалын оттан бүрісіп,
Жас ағаштар бүршік жарған дірілдеп.
1945 – тің наурызы...
Жас ғұмырды ажал оғы алды үзіп.
Жаңатілек аспанында жарқырап,
Ағып өткен жұлдыздай боп қалды ізің.
Елдік, ерлік, еңбек жолын құрметтеп,
Жас ұрпақтар жауқазындай жүр көктеп.
Хайдаровтың атыменен аталды,
Бақыт туған ауылдағы бір мектеп.
Ердің қаны елі үшін төгілді,
Қабырына қызыл гүлдер егілді.
Жас ұрпаққа өнеге етіп мәңгілік,
Мектебіме батыр аты берілді.
Н. Ж. Жүнісов
Б. Хайдаров атындағы жалпы білім
беру мектебінің ұстазы