Тарихы

Құбылаға қарсы аққан қасиетті бұлағы бар Егіндібұлақ ауылының тарихы тамырын тереңге тартқан. Есімі аңызға айналған, осынау көрікті Баян тауы сырттай тұлғасы тұтас көрінгенімен, шығысы – Жақсыаула, батысы – Жаманаула болып егіз есімді биік таулар бой көтерген.

Сол Жаманаула бар батыс сілемімен, жиделі байсын құтты мекендерімен «Алексеевка» кеңшарына  қарасты жерлердің еншісіне тиген екен.

1929-1933 жылдар аралығында Баянауыл аймағында алғашқы қоғамдасу басталып (артель, тоздар) болған. 1931-1932 жылғы ашаршылыққа байланысты барлығы ыдырап, халық бас сауғалап әр жаққа кеткен. Содан кейінгі жылдары ел есін жинаған соң, елде 2 рет ұжымдастыру жүргізілген. Осыған орай ауылымызда шамамен 1934 жылдары қайта қоғамдастыру басталып, ауылымызда құбылаға қарсы аққан қасиетті бұлақтың бойында «Жаңатілек» бұлақтың шығыс жағы және «Қара қоға» артелі бұлақтың батыс жағы болып ұжымдар құрылған. Осы екі артелдің үйлерін салғызған  Шайхин Аймажан деген азамат.

1949-1951 жылдары ел кішкентай ұйымдардан «Қызыл әскер», «Заря», «Молотов», «Сталин» сияқты қуатты коллективтік шаруашылықтар ұйымдастырылды. Осылай коллективтендіру, одан соң ірі шаруашылыққа ауысу кезеңдерінде, қиыншылық бой алған уақыттарда болашақтың дамуына үлкен үлесін қосқан майталман еңбек ардагерлерінің еңбектері орасан зор болған. Сол «Жаңатілек» артелінің мүшелері: артель бастығы Кәкеш есімді азамат, одан соң Молдахан Сабабеков, Мақа Теміржанов деген азаматтар болған. Артель мүшелері: Серікбай, Оспан, Аулабай, Әлпәміш, Омар, Жанбәкір, Ақат, Молдабай, Әбілдә, Мұқан, Ыбырай, Әбдікәрім, Бекеш, Қозғанбай, Құсайын сияқты ер тұлғалар елдің көркеюіне аянбай тер төгіп еліне қызмет жасаған. (Үй саны – 16). 

«Қара қоға» артелінің мүшелері: артель бастықтары Сабағұлов Молдабек, Мақажанов Күлдә, Мейірман Исабеков сынды майталман ер азаматтар болған. Артель мүшелері: Шайқыжан, Әбдірайым, Өмірбай, Мәкен, Мұхаметжан, Төлеу, Сансызбай, Аманжол, Қасым, Сүлеймен, Ақыш, Күлдә болған. (Үй саны – 12).

1949-1951 жж. Қарашат (Сталин), Тайлақ (Қызыл әскер), (Молотов) біріктіріліп үлкен «Сталин» колхозы болып, одан соң үш колхоз біріктіріліп-ірілендірілді, орталығы Егіндібұлақ ауылы болып бекітілді. Жоғарғы совет шешімімен Қазақстанда жаппай тың игеру басталды. Осыған орай колхоздар таратылып, орнына мемлекеттік совхоздар құрылды. «Сталин» және «Заря» колхоздары біріктіріліп, «Алексеевка» совхозы құрылып бекітілген. Колхоз бастығы Мақажанов Күлдә (1936-1938), орынбасары Жанғозин Төлеу болған. Одан кейін Сман Смайлов (1938-1940), Бердібеков Көпен (1941-1942), Қыпшақбаев Сейсек (1943-1944), Төрмұратов Айтмағанбет (1944-1948), Әбдірмәнов Нүриден (1949), Піштібаев Кенжебек (1949-1951) және де Хамитов Арын, Макин Теміршот, Үсенов Әзмұқан әр жылдары колхоз бастықтары болса, ауылдық кеңес қызметін Әбілқасов Балықбай және де Ысқақова Бибіқайша елі үшін аянбай ерен еңбек атқарған. Ауыл ішінде ферма меңгерушілері және шаруашылық мамандары болып Жанғозин Төлеу, Мадин Шолтым, Жанғозин Мәлік ферма меңгерушілері болса, Сансызбаев Зікірия, Байғозин Әлім, Ибраев Әліпбек, Тілеубаев Екпін – есепші, Атанбаев Әбілтай, Енсебаев Мұқатай – зоотехник қызметін атқарды, Мұқатай Күлжанов, Мұхаметжанов Серікбай – агроном болды, Әлкенов Алтыкен, Хамитова Мәктәй – жер өлшеуші, Ахатова Көкеш анамыз  – алғашқы ауылымыздан шыққан тракторист әйел адам болған. Аудан көлеміндегі басқару орындарында қызмет еткендер: Мәметов Балта, Маликов Әйтіш, Шахметов Бәзтай ауданымыздың көркеюіне ат салысқан ер азаматтар еді. 

Ел басына күн туған кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында, одан соң күйзелген халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында, колхоз шаруашылығының өркендеуіне жетекші мұрындық болған Төлеу Жанғозин, Қанапия Үбдин, Ағайынды Шахмет және Мәжит Айдархановтар, Ысқақ Есенбеков, Яков Анатольевич Пинчук, Форфей Васильвич Химич, Арсентий Владимирович  Горкун, Леонид Григорьевич Киснер сияқты арда азаматтар болған.

1949-1951 жылдары қазіргі Егіндібұлақ бұрынғы «Молотов» колхозының құрылуына  бірден бір себепкер болған ауылымыздың жанашыр азаматшасы, ер мінезді ауылдық кеңес қызметін атқарушысы Бибіқайша Ысқақованың еңбегі өте зор болған. Сол кездері үкіметтің қаулысымен ірілендіру басталды. Осы қаулыға сәйкес Бибіқайша Ысқақова «Сталин», «Қызыл әскер» сияқты кішігірім колхоздарды біріктіріп (Егіндібұлақ ауылын) «Молотов» атты ірі колхоз құрылуына ат салысқан. Бибіқайша Ысқақованың ұйымдастыруымен ауылымыздың қыз келіншектері кірпіш бастырып, соғыстың алапатынан бітпей қалған ауыл мектебінің ірге тасын көтерген  аяулы да ардақты аналарымыз  Хамитова Мәктәй, Ахатова Көкеш-Орынтай, Солтанбаева Шолпан, Абдраймова Қайша, Бидильдина Күлшім, Әлкенова Алтыкен аналарымыз маңдай терімен жанын сала қызмет етті. Сондай-ақ, колхоз құрлысы кезінде Алексеевка кеңшарында асыл тұқымды өсіретін ферма ауданымыздың мақтанышы болған. Қиын-қыстау кезеңде сол жылқыларды өсіріп майданға жіберіп отырған. Алексеевка совхозындағы №2 бөлімшесін (Егіндібұлақ ауылын) жиырма жылға таяу басқарған Теміршот Макин және облысқа әйгілі жылқы өсірудің шебері атанған, бір топ ордендерінің кавалері Оразғұлов Титан бастаған жылқышылар, Аденов Олжа, Ахатов Қуандық, Балмағамбетов Нұрмықан, Жанбакиров Қадыр, Иманов Қабдолла, Арыстанбеков Теміртай, Сұңқарбеков Мәулит олар ауыл шаруашылығының өркендеуіне қосқан үздік үлестері үшін бірнеше ордендерімен, медальдарымен марапатталған. Ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығына еңбек сіңірген майталман малшылар Төлеу Сұңқарбеков, Сарыбай Алтаев, Сентай Ертаев, қарт мұғалім Әпсәләм Мүрсәлімовтар еді.

Осы еңбек ардагерлерінің еңбек жолын ілгері жалғастырып, шаруашылықтың ауыр жүгін арқалап, өнегелі еңбегімен елге еңбегі сіңген азаматтар оныншы бесжылдықтың озаты, қозы алып өсіруден екі жылда үш жылдың жоспарын орындаған «Құрмет Белгісі» орденінің кавалері Жетпіс Әбжанов, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің кавалері, Бүкілодақтық халықшаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) екі рет қола және күміс медальдарының иегері жыл сайын әр жүз саулықтан 130-140 қозыдан алып, өзінің бес жылдық жоспарын 3 жыл 8 айда орындаған Жұмаш Сарыбаев, Сағындық Әушәріпов, Уахит Ахметов, Сауырбаев Базарбай, Мақатов Жақсылық, Нарынбаев Серік, Ахметов Бисенбек және де Төтен Кәкімов қыс бойы «Қызыл әскер» мал отарында 170 аналық сиырды қарамағына алып, оны бағып, өсіріп-өрбіткен. Қазақ ССР Еңбек сіңірген ауыл шаруашылық қызметкері, көп жылдар бойы механизатор қызметін атқарған Бағдат Хамитов. Техника тілін шебер меңгерген Тимаш Жұмагелдіұлы – комбайн штурвалында отырып егін жинау науқанында тынымсыз еңбек еткен, ең озат механизатор құрметіне ие болған және адал еңбегі нәтижесінің арқасында Мәскеу қаласында өткен ВДНХ ауылшаруашылық көрмесіне қатысып, күміс медалімен марапатталған. Тынымсыз еңбек еткен шоферлер Б.Антоненко, Әлпәміш Кожин, Төлепберген Еркеев, Мұқатай Оралбаев, Сапар Бейсенбаев және де жыл сайын табыннан табын өргізген озат мал бақташылары Қ.Еңсебаев пен Әскер Жанғозин, зоотехник Қабиден Тәшімов, жылқышы Олжа Әденов сияқты ардақты азаматтар ерен еңбектерімен, ел мақтанышына бөленген. Адам өмірінің арашасы болған, аурухананың бас дәрігері, ақ халатты абзал жан Жақтай Әдешов көп жылдар бойы халыққа қызмет көрсеткен. Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы еліне мінсіз қызмет жасаған есеп қызметкерлері болған Тұрсын Оспанов және Екпін Тілеубаев. Қазақстанның Ауылшаруашылық министрлігінің қой бөлімі саласының асылдандыру басқармасының басшысы қызметін атқарған Баян Тілеубаев сияқты ардақты тұлғаларымыз, ауылдың көркеюіне күш жігерлерін салған еді. 

1934-35 жылдары сауатсыздықпен күресу мақсатында Асанов Мұқан мен мұғалім прораб – Шанхин Аймажанның  басшылығымен  Көкдомбақтан Әшірбек байдың бес бөлмелі ағаш үйін бұзып әкеліп, бұлақтың батыс жағына «Қара қоға» бастауыш сыныптарға арналған мектеп салынған болатын. Сол мектептің табалдырығын аттаған ауыл балаларының сауаттарын ашып, қалам ұстатқан алғашқы мұғалімдері Әбдірзақов Қанаш, Мүсенов Қабыш, Сүйінбеков Төлеутай атты ұстаздар болды. Осы мектеп 1935-1936 оқу жылдары «В.М.Молотов» атындағы бастауыш мектеп болып,  директоры Сүйінбеков Төлеу, мұғалімдері: Әжмағи молда, Ахметов Кәрібай, Күзеков Қани болған. Бір балаға бір жарты қарындаш,  жазуға екі парақ қағаз пайдалануға берілген. 1936-37 жылдары мектеп партамен,  тақтамен қамтамасыз етілді. 1940-41 жылы төрт бөлмелі мектептің ірге тасы құрыла басталып, соғыстың салдарынан мектеп үйі салынып бітпей қалады  да, 1944-45 жылдары ауылда қалған ересек балалар мен қарттар, әйелдер күшімен мектептің құрылысын бітірген.  Қазіргі кезде ауылымызда 1974 жылы салынған екі қабатты мектеп, 1 - балабақша, 1 - клуб, 1 - ауылдық кітапхана, 1 - ФАП халыққа қызмет көрсетуде.