Сарыарқа асқақ әншілерге бай өлке Сарыарқа десек сонау Біржан сал, Сегіз Сері, Жаяу Мұса, Ақан сері,Үкілі Ыбырай, Естай, Жарылғапберді сияқты Сарыарқаны сазды әуенге бөлеген нағыз күміс көмей, жез таңдай дүлдүл әншілердің тұлғалары көз алдымызға келеді. Әншіліктің үлкен мектебіне парапар болған Жарылғапбердінің соңына еріп, шәкірті болған, оның әншілік дәстүрін кейінгіге жеткізген Арқаның асқақ әншісі Қали Байжанов.
Қали Байжанов 1877 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы «Қайыңдыкөл» деген жерде туған. Еңбекке жастайынан араласқан ол он бес жасынан бастап «Екібастұзда» шахтер, онан соң «Желтау», «Казмедстрой» құрылыстарында тас қалаушы болып істейді.
Байжановтың әншілік дарыны ерте оянып, ауыл арасында «әнші бала» атанған. Ата-анасынан ерте айрылып, жоқшылық көріп өскен.
Қали өнер іздеу жолында жүріп талай жердің дәмін татады, талай білімді талант иелерінен тәлім-тәрбие алады. Өзінің орындаушылық өнерінің кемелденген шағында, Қали сол елдегі Күдерінің Нұрланы деген кісінің жанына еріп, бір жылы Абай ауылына да барады. Ұлы ақынның алдында асқақтап ән салады. Әнді аса қадірлейтін Абай Қалидың құдіретті үні мен әуелете салған әсем әндерін өте ұнатады. Оның келешек өнеріне жол сілтеп, бағалы кеңестер айтады. Осы сапардан қайтып келе жатып, олар жолда Семейге соғады. Онда Қали тұңғыш рет Әміремен жолығады. Артынан олар Қоянды жәрмеңкесінде, Қызылорда қаласында және Мәскеуде бірге жүріп, ән шырқайды, өмірлік дос болып кетеді.
Қали Байжанов жыл сайын Қоянды жәрмеңкесіне барып Қажымұқан, Қалибек, Зәрубай, Омар, Майра, Иса сияқты өңшең өнер саңлақтарымен бірге ай бойы ойын-сауықтар жасаумен, барған жерін базар етіп жүрген.
Қали Байжанов – қазақ өнерінің іргетасын қалаушылардың бірі. 1927 жылы Александр Затаевичтің ұйымдастыруымен Мәскеуде өткен тұңғыш этнографиялық концертке қатысқан аз ғана топтың ішінде де Қали Байжанов болды. Алғаш ұйымдасқан драма театрында біраз уақыт әртіс болып істеген Қалекен кейін бірыңғай әншілік өнерге көшеді де ұзақ уақыт Қарағанды қаласында облыстық радионың және Борис Александрович Орлов басқаратын хордың жеке дауыстағы әншісі – солист болып істейді.
Қали Байжанов әншілік өнердің асқарына өзі шығып қана қоймай басқалардың да шеберлігін жетілдіруге ерекше мән берген адам. Бүкіл қазақ қауымына аты мәлім Жүсіпбек Елебековтен бастап, Мағауйя Көшкімбаев, Нығман Әбішев, қарағандылық Рахметжан Ибраев, Зәбира Жұбатова, Жаңыл Қартабаева, Мұрат Толыбаев сияқты үздік әншілер де Қали Байжановтың шәкірті болып саналады. Байжанов Қозыкенің «Топайкөк», Шама Нұрұлының «Шама», Ақан серінің «Сырымбет», «Құлагер», Біржан салдың «Жанбота», Бүркітбайдың «Ақбет» әндерімен қоса «Ардақ», т.б. халық әндерін де асқан шеберлікпен орындаған.
Қали Байжанов әншілік саласында мол мұра қалдырады. Қазақ Ұлттық академиясының қорында елу шақты қазақ әндерін үн таспаға жаздырып қалдырған. Еліне сіңірген қызметіне орай еңбегі де өз дәрежесінде бағаланып, тиісті бағаға ие болған. Атап айтсақ, Қали Байжанов ұзақ жылдар өнер саласында сіңірген еңбектері үшін 1938 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, 1945 жылы Қазақ ССР-нің халық әртісі деген құрметті атаққа ие болды.
1966 жылы Қарағанды қаласында Сексен тоғыз жасында дүниеден өткен. Қали Байжанов халқына алпыс жыл бойы сахнада өнер көрсеткен асқақ дауысты, асқан дарын иесі болды.