Жаяу Мұса бір кезде қыр-сахараны әнімен күңіренткен атақты әші-серілердің бірі. Және ол тек қана әнші, сері болып қалмаған. Дүниені жақсы танып, өзі жасаған заманына терең сын көзімен қарап еркіндікті, әділетті көксеп өткен кісі. Бұрын әділеттің ұшқыны жоқ зұлымдық белең алған заманда, Жаяу Мұса жауыздықпен жалғыз жүріп алысып, бар өмірін халық мүддесін жоқтау жолында сарп еткен, белгілі қоғам қайраткері.
Әлкей Марғұлан
Жаяу Мұса өз туындылары арқылы халқының рухани байлығының бірі – музыка тілін өткірлеп, тақырыптық, мазмұндық өрісін кеңейте түсті. Өз замандастары сияқты махаббат тақырыбын күйттей бермей, әлеуметтік күресті өз әндеріне арқау етті.Сондықтан да болар Жаяу Мұсаның музыкасында торығушылық, күйректік сарын байқалмайды.
Зейнұр Қоспақов
( өнертанушы)
«Ресейдің шеткері қалаларының бірі болған омбы секілді қалада ең болмағанда бастапқы музықалық білім алудың өзі орындалмас арман болатын. Дегенмен Омбы Мұсаның музыка мектебіне айналды. Ол орыс классиктерінің шығармашылығын мұқият зерттеп, сыни әдебиетті оқып, қонцеттерге қатысты.Бұл қалада Мұса бірінші рет үрлемелі аспаптар оркестірінің ойынын естиді, орыс халық аспаптары оркестрімен танысып, кәсіби музыка туралы алғашқы мәлімет алады. Егер ол бұған дейін тек ән мен күйді ғана естісе, енді басқа музыка жанрлары – марш, вальс, мазурка, т. б. болатындығын білді»
Ахмет Жұбанов
«Ақ сиса» - жеңілдікті көтермейтін шығарма». Әннің бойында қазақстың қамын жеген қайраткердің басындағы трагедия ғана емес, бүкіл қазақ халқының «әлімжеттік» кезеңдегі жағдайы сипатталған. Бұл өмір бойы тауқымет тартқан ақын-сазгердің жанайқайы іспетті.
Ғалым Жайлыбай
«Ақ сиса» Жаяу Мұсаның ең күрделі шығармаларының бірі екенін айтады. Оны кез келген әнші жеріне жеткізе орындай алмайды. Жалпы ақын әлемдік музыканы меңгергендіктен, аталмыш шығарма марш түрінде шығарылған. Бірнеше нұсқасы бар. Дегенмен қай-қайсысын айту үшін әннің жілігін шағып, майын ішкен, асқақ дауысты өнерпаз болу керек.
Арман Қани