Бірліктен шыққан тұңғыш партизан
Акәділов Жылбек, 1913 жылдың 18 қаңтарында туған, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Бірлік ауылынан он екі шақырым жердегі Үштөбеде дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, ауыл молдасынан арабша-төтеше хат таныған Жылбек,алдымен, 1928 жылы Павлодардағы интернат-коммунаға оқуға түседі, оны бітірісімен Шымкенттегі Қапланбек ауылшаруашылық техникумында білімін жалғастырады. Оқуын табысты аяқтаған бозбала Сарыағашқа жіберіледі. Сол арадан Түркіменстанның Кушка деген жеріндегі 152 атты әскер полкына әскер қатарына алынады. Алдымен қатардағы жауынгер ретінде Краснодар аумағында Армавир атты әскер училищесіне оқуға түсті. 1939 жылы кіші лейтенант шенімен бітіріп шығады. Взвод командирі ретінде Моңғолияның Эринцап қаласындағы атты әскер полкінде қызмет еткен Акәділов, кейін 1938-1939 жылдары Жапон,Фин соғыстарына қатысады. Бес жыл әскер қатарында жүрген офицер 1940 жылы күзде Белоруссияға ауыстырылады. 1941 жылы қызметтік демалыс алып туған жеріне келген Жылбек Акәділов Жамал есімді арумен жұп жарастырып, Белоруссияға қол ұстасып бірге атанады. Келіншегін алып әскери бөлімшесіне жетер жолда соғыс басталып кетіп, олар мінген поезд жау бомбасының астында қалды. Жамал екеуі содан бір-бірін таппай қалды.Жылбек Брянск облысының Клетнян ауданы төңірегінде партизандарға келіп қосылады.Содан бастап, полкімен бірге Могилев тұсында қоршауда қалып, жүз шақты адамымен ажал азуынан сытылып шыққан партизандардың бригада командирі Тимофей Михайлович Коротченкомен бірлесе қимылдап, жау басып алған деревняларды азат етуде ерлік көрсетті.
Белорусь ормандарында партизандармен тізе қосып, жауға соққы беріп жүрген Жылбек Денгубовка деревнясында жары Жамалмен қайта табысады.
Күл-талқаны шыққан поезда ғайыптан тайып аман қалған Жамал небір ауыр қиыншылықтарды көріп, орман ішінде адасып жүріп, орыстың кемпір-шалына жолығады.Солар арқылы Жылбек Жамалмен 2 жыл партизандардың сапында болды. Белоруссияның Клетня орманында 1941 жылдың 27 қарашасында тұңғыштары Майя дүниеге келеді. 1943 жылы отряд әскери құрама қатарына қосылып, отбасын еліне жіберген.
Алапат соғыстың алғашқы күнінен жеңістің қуанышты сәтіне дейін майдан даласында қолынан қаруын тастамаған партизан Акәділов екінші Украин майданы қатарында Румыния, Венгрия, Чехославакия, Австрия жерлерін жаудан азат етуге қатысады. Жасаған ерліктері үшін Бас қолбасшы И.Сталиннен бес мәрте алғыс алды, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Отан соғысы», «Партизан соғысы» медальдарымен марапатталды.202-ші полктің командирі полковник Шумский штабта Жылбек пен Жамалдың екі жылдан аса партизандар қатарында соғысқа қатысқанын есептеп, 1943 жылы сол кездің қаражатымен бір қап ақша бергізген екен.Осы қаражатқа олар Павлодар қаласындағы 25 қазан (қазіргі генерал Дүйсенов атындағы көше) көшесіндегі төрт бөлмелі №171 ағаш үйді сатып алады. Сол үйге отбасын кіргізіп, 1944 жылы қаңтарда қайтадан соғысқа еніп, жоғарыда айтылған Витебск қаласын азат етуге қатысады. 2003 жылдың мамыр айында сол үйдің қабырғасына туған-туыстары отбасының партизандар қатарында жүрген кезде түскен фотосуреттерін салғызып, ескерткіш тақта орнатыпты. Бұл үй казір де бар. Баянауыл ауданының Бірлік жалпы орта білім беру мектебіне Ұлы Отан соғысының батыры Жылбек Акәділовтің есімі берілді.
Соғыстан кейін..
Соғыстан кейін де Акәділовтер отбасы ел игілігі үшін еңбек етті. 1946 жылдан 1970 жылдың 23 ақпанына дейін Жылбек Павлодар облыстық қаржы басқармасында салық инспекторынан бастап, аға экономист, аға ревизор қызметтерін атқарыпты.Абыройлы еңбегіне қарай 1966 жылы «КСРО-ның қаржы қызметінің үздігі» белгісімен марапатталған. 1970 жылы 57 жасында «Республиқалық дәрежедегі дербес зейнеткер» ретінде зейнеткерлікке шығып, бірақ көп ұзамай өмірден өткен екен.Ал, Жамал 1943 жылдың аяғында Павлодар қаласындағы қаладағы «8 наурыз» атындағы тігін фабрикасына тігінші-шебер болып жұмысқа орналасып,осы жерде зейнеткерлікке шыққанға дейін тігін цехының бригадирі болды.Ол бірнеше рет Павлодар қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды, «Құрмет белгісі» орденімен, «Ұлы Отан соғысының партизаны» медалімен марапатталған. Ал «партизан қызы» болса ұстаздық жолды таңдады. Павлодар қаласындағы №24 орта мектепте ұстаздық қызмет етеді. Өкінішке қарай, Майя Жылбекқызы жасында өмірден ертерек өткен екен. Артында 2 ер баласы қалды.
Марапаттары.
Ордендер: Отечественной войны ІІ степени, «Красной Звезды» (екеу)
Медальдар: «За победу над Германией в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг.», «Партизану Отечественной войны» ІІ степени.