Кім жазықты

Бір сөзім бар шалдуар
Болмаса да тыңшысы.
Бұ күнде жоқ, соң туар
Роман мен сыншысы.
I
Түскендей әуе жерге қырық күн шілде
Ішкен мас, жегендер тоқ күнде-күнде.
Қысқа түн қымқырылды, таң көрінді:
Кел, шық деп, иек қағып жарық күнге.
Ән салды таңды мақтап сансыз торғай
Бас иіп, бәйік болып, жерге қонбай.
Найқалып таң желіне тербетілді
Көк майса көзі ілініп тұрған сондай.
Асыл шөп, жасыл шықтың иісі аңқып
Батқандай мелдігінен нұрға қалқып,
Күлімдеп көктің жүзі көңілі шат:
Жауһардай күн шығар деп бізге балқып.
Көлбеңдеп көкке қарай жердің буы,
Айнадай анандайдан көлдің суы;
Күй билеп суда тұрған барлық қамыс,
Ән салды домбыра мен құстың шуы.
Мақтанып қара түнде нұрын шашқан,
Айдың да өлеусіреп түсі қашқан;
Шығарын сұлу күннің сезгеннен соң,
Бірі жоқ таман жұлдыз бетін басқан.
Жайылып төрге қарай таңның ағы,
Көрінді ауыл-ауыл маңайдағы.
Қарайып, өрген сиыр, түйе менен,
Ауылдың малға толды әрбір жағы.
Ыңыранып қой қотанда таңды көріп,
Күн шықса, жайылысқа кетпек өріп.
Төбеттер үй алдына жаңа жатты
Түн бойы қой күзеткен, ұйқы бөліп.
Таяқты, жалаң аяқ шалдар тұрып,
Сүйкенген үйлеріне қойларды ұрып.
Бір молда шәугім ұстап, тысқа шықты,
Бүкшеңдеп, арба айнала қақырынып.
Қисайған қос секілді жалғыз қара -
Ауылдан арқан бойы тұрды дара.
Қолтықтап "Әптиек" пен "Құрандарын"
Жиналып жатыр сонда біткен бала.
Күн хабар сонда берді нұрын шашып,
Бір күлдік жүзіменен амандасып:
"Ал, бізге сәуле түсті алақай!" деп,
Ой мен қыр қарап тұрды жымыңдасып.
Өргізді қойшы тұрып қойын айдап,
Ерттеп ап арқандағы атын жайлап:
Торсыққа ақ боз үйден қымыз құйып,
Жанына мықтап алды байлап.
II
Жайлауға кеше қонған Тасболат бай,
Дарыған қыдыр соған, дәулеті сай,
Ақ орда сегіз қанат тігіп тастап,
Жатқаны қор-қор ұйықтап: көңіл жай.
Бейқисап ол жайлауда жердің шөбі:
Көрінбес кірсе ішінен малдың төлі.
Айдын көл айналасы, ат шаршарлық,
Көркейтіп көздің жауын жердің өңі;
Жан-жағы көк майсалы шалғын томар,
Қаңқылдап жалтырына қаздар қонар.
Мөп-мөлдір суы таза, суықтығы:
Шілдеде түскен кісі жаурап шығар.
Өрісі көз көрім жер, ұзақ кеткен,
Мың жылқы тырағайлап ұзап кеткен.
Жер еркін, қуар, қорыр тірі жан жоқ:
Бетімен жей береді аяқ жеткен.
Іргеден бие бауы тұрған пісіп,
Құрақ жеп, ыстық болса, суға түсіп.
Аяқты малдың оңалғанын көріп,
Ойларсың кетті ме деп күп боп ісіп.
Сүт тұрды сауған сайын малдан ағып,
Ешкім жоқ азаптанған, оны бағып.
"Ет, ет" деп қымыз ішіп, көпірісіп,
Қазақтар тек жүрмекте, сандал қағып.
Бұ жерде мекен еткен Керей халқы,
Кең жері, байлығымен шыққан даңқы.
Бұл елде басқа елден де басым еді.
Бұрынғы қазақшылық, ата салты.
III
Тасболат жұрттан асқан малды кісі
Сол үшін өз табының алдыңғысы.
"Болса да аузы қисық, бай сөйлесін"
Дегендей оңға басқан әрбір ісі.
Он бес жыл болыс болған, Меке барған,
Қазақша еш қызығы жоқ мұнан қалған.
Шалдары қошеметші айтушы еді,
- Апырмау, бар ма екен,- деп, сізде де арман?
Үйінен күндіз-түні ат кетпеген,
Қонаққа, мырзалыққа жан жетпеген.
Қазақ тұрсын, "начальник", "төрелер де"
Қағысып "пожалуйте" етпеттеген.
Саудагер жүрген-тұрған, қожа молда
Жем үшін, тұрымтайдай қонып қолға;
Қазақша барып тұрған жуан тұқым
Үкімі жүріп тұрды оң мен солға.
Бұл дәулет жалғыз ғана ез басында,
Жоқ еді Жақып деген ағасында.
Баласын ағасының болыс қойды,
Билеген өз халқының арасында.
Мырзамыз болыс болған Байбол атты,
Орысша білуші еді тіл мен хатты.
Баласы Тасболаттың Жақан мырза
Жағынып әзер алды кандидатты.
Тасболат қимаса да болыстықты,
Тіл білмесе қоймайтын закон шықты;
Не баласы, не өзі оқымаған,
Болмағанмен қара күшке сонша мықты.
Ал енді қыларыңды қыл заманға:
Бір білген ауысылмас мың наданға!
Байболды амалсыздан қоя салды,
Кететін болғаннан соң басқа адамға.
Оқуды іздеп еді Байбол жаста,
Мәз болмай, Жақанға еріп, ішер асқа;
Жасы жас, семинарияға былтыр кірген,
Өтірік "приговормен" толды жасқа.
Көрмеді болыстықты Байбол оңды,
Жұрт шулап, десе-дағы: "бақыт қонды..."
Көп қашты "оқимын" деп болыстықтан,
Қоймады жұрт талқысы, ақыр көнді.
Жақан мен Тасболаттың өңі қашып,
Сырты жай болса-дағы, жүрегі ашып:
"Қонақ күт, оқып не бар саған!" дейтін,
Кеткен соң өздерінен Байбол асып.
IV
Екі жыл мұнан кейін заман өтті,
Қыршын жас Жақан өлді, ажал жетті;
Ауруы күйдіргі еді, докторға айтпай,
"Құдай сақтар өзі" деп, қапы кетті.
Жылады: "жөн менікі ед" деп атасы,
Сүйтсе де артында бар бір баласы;
"Соған өмір берсін деп" тоқтау айтып,
Бата оқыды, бас жеді отағасы.
Бата оқыр, ағайыны күнде торып;
Жемтік көріп жиналған молда отыр;
Қылқиып мойындары шарт жүгініп,
Мықшита "ағузыны" "құран" оқыр.
Жақан марқұм қатынды жасында алған,
Өскен соң бірді айттырған, қылып арман.
Бастапқысы жиырма алты жасында еді,
Бесікте бір ұлы бар, туып қалған.
Соңғының болған әбден малын беріп,
Той қылған, қол ұстаған, қойынға еніп;
Біраздан соң алам деп жүргенінде,
Жетпеді мақсатына ажал келіп.
Бәрінен Тасболатқа осы батты,
Қайғырды келіні үшін жаман қатты;
Тірі кісі тіршілік қамын қылып,
Жыл өтті: есін жиды, етек жапты.
Әжібай кенже қалған жалғыз бала,
Он екі өтіп, он үшке толған жаңа.
Әжібайға бес жасында қыз айттырып,
Мал беріліп қойылған оған және.
Оқуға ынтық емес қазақ халқы,
Атадан қалған қате бұл бір қалып;
"Бай кісі бала оқытып, підие ала ма?"
Дейтұғын Тасболаттай байлар салты.
Үйреткен Тапекеңді өткен сайлау:
Тіл білмеу болыстыққа болып байлау.
Сол жылы шардан қалып ыза болып,
Школға беріп еді Әжібайды-ау.
Екі қыс оқып еді Әжібай онда,
Биыл тағы жүр еді оқып сонда:
"Қарағым ағаң өлді, үйге жүр!" деп,
Тасболат Әжібайды алды қайта қолға.
Алатын неге десең жесірі бар,
(Қазақтың жесір деген кесірі бар).
"Бар болса өмеңгері жесір кетпес",
Дейтұғын ескі ғұрып кесімі бар.
V
Әжібай ерке өскен, қағу көрмей,
Бетіне ешбіреуден шіркеу келмей.
Балаға, тілі шықса айналасы,
Қоя ма тұрмысынан өрнек бермей?
Тәрбие жоқ қой қазақ арасында
Солайша өскен ата-бабасы да:
Көргені әке-шеше қалай болса,
Алмақшы содан үлгі баласы да.
Еркінше ел жұртына еркелеген,
Әкесі: "Бұл қарағым ерке" деген.
Жан біткен қымыз бенен еттің құлы:
Ел оны еркелетпей қойсын неден?
Боқтаса "қарағым!"- деп беттен сүйген,
Болмай ма байға ала көз оған тиген?
Жан-жағы тәрбиесіз, надан болып,
Солардың жұға-жұға кебін киген.
Оқытқан "әліпсін-ә" надан молда,
"Иман шарт", "Әптиегін" беріп қолга.
Онда да тумыстағы зеректікпен,
Үш жылда хат таныған шала-зорға.
Жүр еді орысша оқып өнер бастап,
Әдетін мектеп көріп, бір-бір тастап.
Тасболат тоқтатқанын сөйлеп өттік,
Талабын өркендемек бетке жасқап.
Әлпеті алмас қылыш жайнап тұрған,
Ашуы шапшаң, қатты барып тұрған.
Жасынан зейін, алғыр, тілге шешен
Қазақша қарасөзге ағып тұрған.
Қуаты өлеңшілік жүрегінде
Бар еді Әжібайдың сүйегінде.
Үйренген ауыз бірақ бейпілдікке,
"Тентек" деп сөйленеді жұрт көбінде.
Сымбатты қара торы, орта бойлы,
Кеудесі жылдам сезгіш, жүйрік ойлы.
Осындай, әттең дүние, зеректігін,
Оқытпай надандыққа байлап қойды.
VI
Өз қайыны Әжібайдың алысырақ,
Шамасы сексен шақырым, емес жырақ.
Жәмилә - қалыңдығы жиырма жаста,
Сүйегі бос, бет-аузы тәуір сымақ.
Көрмеген өмірінде ұстаз алдын,
Бетімен қазақша өскен далдың-дұлдың.
"Қыз оқыса, хат жазса, бұзылады",
Дейтін әдет шіп-шикі надандардың.
Жәмилонің әкесі соның бірі,
Әрі пысық жан емес еті тірі.
Шай қамзол, құнды бөрік кигенменен,
Бес батпан десең болар еттің кірі.
Ондай жан құнт қыла ма үсті-басын,
Биттетер салақтықпен, жумай шашын.
Үлгі алар, үйретерлік кісі көрмей,
Откізер қазақ қызы өмір жасын.
Әкесі Жұмағұл бай болған болыс,
Алтайдың бір саласын қылып қоныс.
Қажыға Тасболатпен, бірге барған,
Басталған содан барып құда болыс.
Баласын со жыл туған ырым қылып,
Ат қойды "Қажыбай" деп атандырып;
Ақырда Жұмағұлмен құда болған,
Сүйек жақын болайық десіп жүріп.
Көлденең жұрт: "Жарайды, орын" деді,
Той-құдалық,- бәрі де орынды еді.
Бұлар құда болысып, мал бергенде,
Әжібай - бес, Жәмилә - он бірде еді.
Әжібайдың ағасынан қалған қайны,
Жанғабыл би байшікеш малға сайлы;
Жалғыз қызы - Жаңылды әуелде де,
Беріп еді деп ойлап, орны жайлы.
Жанғабыл неге десең, жерге құмар
Таласып ағайынымен жүрген бұлар;
Аузы бұлды құдайға арқа сүйеп,
Жанғабыл енді алаңсыз билік құрар.
Ақылы аз Жаңылдың да оңып тұрған,
Мінезі құстай ұшып, қонып тұрған.
Сүйегі тым бос емес, іске тәуір,
Парықсыз дарақылау, бойы бұлғаң.
Еш нәрсе оқымаған бұл байғұс та,
Жері жақын бір қоныс, бір болыста.
Әжібайға келіншек боп биыл түсті,
Он сегіз жасқа толар осы қыста.
VII
Жаңылды Жәмиләдан бұрын алған
Бір рет солай етер жөні бардан.
"Не алсын, не босатсын "жесірін" деп
Аздан соң Жұмағұл да кісі салған.
Болғанмен Әжібайдың жасы кіші,
Жек көрер Жәмиләні қазір де іші;
Қол ұстап бұрнағы жыл көргеннен соң,
Келмейтін сонан бері еш алғысы.
Бұл сырын ауылдағы білетұғын:
"Малың босқа кетеді" деп күлетұғын.
Тасболат ел шақырып тойын қылды,
Қайынға уақыт болды жүретұғын.
Бала айтты: "Алмаймын да, бармаймын",- деп,
Әкесі айтты: "Барасың таяқты жеп.
Қажы бардым, сақалды басым мынау...
Бата бұзған не сұмдық сен сүйтті - деп.
Берді деп ойлайсың ба малды босқа?
Өзіме тартпай туған ақымақ шошқа!
Тілімді әлден менің қайырасың.
Айтайын не бетімді дос пен қасқа?"
Ел айтты: "Біз де тұрмыз намыстанып,
Кетеді елге үлгі боп мұндай қалып.
Сүймесең бір қатын тағы аларсың,
Әйтеуір осы ауылға келсейші алып".
- "Разы бол, мен барайын сендер енді,
Ренжіп ата-анам да қарғай берді;
Әйтеуір ауылыңа әкеп бір берейін",-
Деп Әжібай біраз күнде алып келді.
Жәмилә көп жасаумен келіп түсті:
Кілем, тон, шапаны көп әрбір түсті.
Жиыла елі келіп Тасболатқа
"Қайырлы болсындарын" жаудырысты.
Жәмилә келіншек боп түскен күннен,
Әжібай маңайынан алыс жүрген.
Онда да Тасболаттың түрткісімен,
Жылына үш-төрт барып, өмір сүрген.
Әжібайдан Жаңылдың да үлкен жасы,
Нақ разы боп келмеген оның басы.
Баласы жас болған соң іші сенбей,
Жүр еді қысып ұстап қайын анасы.
"Билетпе!" деп Әжібайға сабаттырып,
Кекетіп түзу сөзін теріс бұрып,
Сүйгені барды-жоқты сонді Әжібайдың
Тіліне анасының еріп жүріп.
VIII
Үш-төрт жыл өтті сүйтіп бұл арада,
Жаңылдан туып салды бір бала да.
Жақанның тұл қағыны байға тимек,
Баласын қимай біраз шыдаса да.
Кете алмай жүрсе-дағы орнын қиып,
Жас кісі қалай тұрсын нәпсін тыйып?
Ішінің томпайғанын сезгеннен соң,
Тұра алмай сөз қылдырған үйге сыйып.
"Мұны да ал!- деп айтты Әжібайға:
Жіберме жесіріңді бөтен жайға;
Алмасаң балам, сенің ісің тентек
Ағаңның аруағы мен бір құдайға".
Әжібай деді: "Отырма оттап, үріп!
Қақпасым, жүрген жерің бәрі бүлік!
Алмақ түгіл тастаймын екеуін де..."-
Деді де кетіп қалды атқа мініп.
Тасболат жанындағы жұртқа алаңдап,
Ұялып айтқан болды қызараңдап:
"Баланы ерке өсіру бекер екен...
Қарғайын десем, жалғызым... қап, бәлем, қап...
Әжібайдың көнбесіне көзі жетті,
Кетем деген жесірді енді нетті?
Ағайыны Тасболаттың Садық деген:
Зорлықпен соған қосып, зар еңіретті.
Садықтың алпыс беске жасы келген,
Кемпірі жетпістегі былтыр өлген.
Күтуге енді оны кісі керек,
"Жесір ерден кетсе де, кетпес елден".
Сорлы әйел шарасыздан шалға тиген
Баласы мұнда қалып, іші күйген;
Садық алған уақытта екі қабат,
Айтқан екі сөзді болды деп сондай күймен.
Садыққа барғанына үш ай толды,
Баланың туатұғын уақыты болды,
Шалсынып һәм ұялып ел мен жұрттан
Себепкер жігітімен тартты жолды.
"Кетті,- деп,- жесірімді алып қашып", ,
Сөз қылды Тасболат бай съез ашып.
Жігітке көп мал кесіп айып салды,
Барлық жұрт тентек Қылып шуылдасып.
Малына жігіт шыдап сабыр етті,
Сүйтсе де тым көп еді: батып кетті.
"Қатыннан туған бала менікі" деп,
Садықтың дауласумен өмірі өтті.
IX
Әжібай қазір міне он сегізде,
Әкесін билеп алған осы кезде.
Әке-шеше, қатынды жан деместен,
Қырындап қызды ауылды болған кезбе.
Он төртте еді, төрт жылдай заман өтті,
Бай баласы буланып, өсіп жетті.
Үйінен жасқа толып келген қыздар,
Тұрмыс басты, күн сайын өңі кетті.
Бұл кезде екеуінен бала туған,
Көре алмай бай қызығын қайғы буған.
Жүдеу бас, киімі кір, күтімі жоқ.
Әжібайдың көрген сайын көңілі суыған.
Алмаған басында да Әжібай сүйіп,
Қосылған тек қазақтың ғұрпын киіп:
Әжібай айында бір қатыным дер,
Онда да көңілі түссе құдай иіп.
Астына әсемкерін мініп алып,
Үкі тағып, тамағын алшы салып.
Домбыра, сауық-сайран, өлең құттап.
Қызды қызық жиынға қалмай барып.
Буынып мықынынан ырғаң басып,
Бой салмай шаруасына тиіп-қашып.
Маңында беті тәуір қыздарменен
Жүруді мақтан қылды қалжыңдасып.
Аузына насыбай салып сөзін бұзып,
Жолдасы қошеметшіл өңшең бұзық.
Әйелді алдап тастау, сүйтіп тастау -
Қазақша ер жігітке үлкен қызық.
Жем үшін бес минуттік жігітқұмар,
Деп ойлар: "Ең болмады атым шығар".
Көркі үшін көрінгеннің жаратылған
Әйелді мақұлық деп жігіт ұғар.
Қыз да жоқ, тазалықтың қадірін білер,
Кісімен түпкіліксіз бой бүлдірер.
"Пәленше бай баласы жолдасым" деп,
Ол жетпесе, мақтан қып айтып жүрер.
Әжібай білді құрығы қайтпайтынын,
Көп қыздар теріс жауап айтпайтынын.
Көркем, пысық, бір байдың жалғыз ұлы
Екенін қыздар-дағы байыптайтынын.
Осылай табылды ермек Әжібайға,
Үйдегі қатын қайда, шаруа қайда?
Айтқанына тез көне қоймағанды,
Алдаушы еді алам деп, етіп айла.
Жәмилә тумысынан босаң шіркін:
Білмеді ұстап, ұқсатып үйдің мүлкін,
Салақтықты сыныққа сылтау қылып,
Әжібай сабаушы еді дүркін-дүркін.
Жаңылға түскен жылы шешек шығып,
Бет-аузын кетіп еді бұжыр қылып;
Фельдшер әкеп жасында ектірмейді,
Не болса құдайдан деп, қазақ біліп.
Әжібайға Жаңыл жексұр онан сайын
Көрмеді жылға дейін бір маңайын.
Қатындары Әжібайдан елі үмітті,
Демеді: "Басқа өмір қармалайын":
Неге десең ата-ана, ауыл-аймақ,
Ұқтырған қатындарға әбден жайлап:
"Әжібай әлі-ақ қояды жастығы ғой?
Жасында кім үйтпеген, тұрсақ ойлап...
Пәленше де сүйтетін баяғыда.
Қатынын жақсы көрген аяғында.
Жақтырар бұ сені соңыра таман,
Жүре бер, көтере бер таяғын да..."
Бұл сөзбен қатындардың күні кешкен,
Тосты, күтті, көңіл жоқ әлі үйлескен.
Сергектік, жинақылық қайдан келсін:
Айрылған ойлай-ойлай ақыл естен.
Сүлесоқ былқ-былқ етіп ауру жандай,
"Уһ" десе, көкіректері жарылгандай:
Бір кісі жылы қарап сөз бастаса,
Мұң шағып, көз жастары ағылғандай.
Ой да жоқ, әлдеқашан кеткен тарап,
Көргенде мұңды көзбен етіп алақ.
Ішінен көлденең жұрт ойлаушы еді:
"Әжібай қалай ұнатсын, бұлар салақ..."
Десе де сырттан қазақ сондай
Шынында қалай тұрсын мәңгі болмай?
Келін боп түскен күннен көздерінің,
Құрғақ тұрған күні жоқ жасқа толмай.
Жәмилә, Жаңылменен тірі жесір,
Жас өмір сол қорлықпен өтті-ау есіл!
Шын жесір мұнан дағы болған артық
Қазақтың тағы үйткізбес ғұрпы кесір.
Бұл кірмес Әжібайдың еш ойына:
Оның ойы кезіп жүр өз тойында.
Жәмилә, Жаңылменен керек емес,
Басқа жерден дос табу бар ойында.
X
Отыз шақырым Әжібайдың ауылынан
"Қызыл су" деген қала бар бұрыннан.
Атақты "уездной город" болмаса да,
Халық көп мекен еткен әр рудан.
Әжібайдың бұл қалаға барысы көп,
Ішіп кетер, жеп кетер - танысы көп;
Қаланың майда тілді байларымен
Тасболаттың һәм беріс-алысы көп;
Кейде ішіп Әжібай мырза бүліп жүрді.
Ыржықтап кез келгенмен күліп жүрді.
Дәулетін төгіп-шашу арқасында,
Атаққа "Мырза" деген кіріп жүрді.
Қалада Бейсен деген бір кәрі шал
Бейсеннің екі ұлы һәм қызы бар;
Орныққан не заманнан сол қалада
Дәулеті орташалау, көп емес мал.
Оқыған, бірі - учитель баласының,
Бірі - ішкіш басқан жері бір қап шығын.
Учитель жаңада опат болып,
Бейсенді қайғы басқан тым-ақ мығым.
Марқұм көп ауырған еді чаходкамен,
Енді қалған баласы Жүсіп деген.
Аппақай сол Жүсіптің қарындасы
"Сұлу" деп, көз сұқтаған сондағы елдің.
Мұны да қазақ ғұрып шатастырған,
Жасында бір қазақпен атастырған.
Күйеуін ес білген сон, көңілі сүймей,
Жас жүрек жан серігін қарастырған.
Марқұм болған ағасы тірісінде,
Қазақтың жақтырмайтын бір ісін де.
Бір қазақ қаладағы жас фельдшерге,
Бар еді берем деген ой ішінде.
Таныс боп фельдшер жүрген келіп-кетіп,
Ішкі ойы Аппақайды көңіл етіп;
Жүрегі Аппақаймен құп жарасқан
Бірақ, сөз байланбаған уәде бекіп.
Аппақай хат біледі, мінезі ашық,
Әнге ұста, домбыраға кеткен асып.
Азырақ орысша да сөйлесе алады,
Жасынан жүргендіктен араласып.
Жұрт аузы Аппақайды мақтаушы еді,
Қырындап бозбалалар жақтаушы еді.
Қолдары жетпесе де қоразданып
"Басы бос емес... әттең... қап!" деуші еді.
XI
Ал біздің Әжібай мырза көрсе қызар,
Аузымен Аппақайға бек ынтығар.
Неге десең -"ел мақтап жүрген қызды,
Әжібай сүйтті..." деген ат жұртқа шығар.
Көп уақыт бұл туралы қылған кеңес,
Шығынсыз бұл кеңесі тағы да емес.
Бір досы айтты: "Жүсіппен таныс болсаң,
Біржолата алсаң да, бермен демес.
Ол Жүсіп ішкіш жігіт, араққұмар
Бір-екі мәжіліс құрып, қандырындар.
Бірер жүз саудасына қарыз берсең,
Құрметтеп не десе де, ұшып тұрар.
Онда әрі ол болар пәтер-үйің:
Базарлық қатынына берсең бұйым.
Әзер болса азырақ ақшаң шығар,
Тәйірі ол бар кісіге қанша қиын!?"
"Құп" деді, айтқанының бәрін қылды,
Жүре-жүре Жүсіпті қолы білді.
Аппақайға қаншама жалынса да,
Еңбегін зая қылды, алмай тілді!
Түнде әкесі жататын үйге жатар,
Есікті Әжібай келіп тықырлатар,
Ішінен тас бекітіп дыбыс бермес,
"Ашар" деп, тоса-тоса, таң кеп атар.
Сөйлесер күндіз болса, жүрмес қашып,
Сонда әдепсіз сөз кетер араласып:
"Ал ендеше мен кеттім" дей жөнелер,
Дәрмен жоқ отырғызар иық басып.
Әжібай қала берер, қашып өңі,
Сонда да өсек қылды жұрттың кобі:
Жат жаққа оңашада өзі-дағы
Мақтанар: "түзелді,- деп,- істің жөні".
Базарлық жақсы нәрсе күнде сыйлар,
Сыра әкеп, келген сайын кісі жинар.
Ілтипат ешбіріне қылмаған соң,
Құр іштен қапа болып жанын қинар.
Аппақай фельдшер келсе, бек қуанар,
Бір-бірін көздерімен қабыл алар.
Әжібай іштен тынып, іші күйіп,
Аңызын екеуінің байқап қалар.
Әжібай көрген жоқ-ты шылым тартып,
Тек әдет қылған еді насыбай атып.
Көзінше Аппақайдың бұрқыратып,
Күмісті портсигар жарқыратып.
Жақтырмай жүр шығар деп қазақшамды,
Орысша қымбат киім киіп алды.
Көзінің түк мүкісі болмаса да,
Қымбатты көзілдірік тағы салды.
Аппақай онан сайын суық қарар -
Әжібай ыза болып, іші жанар.
Қалада бақсы-балгер, хазіретке
Әжібай "дуа қыл" деп күнде барар.
Үшкіртті тұз, мейіздің талайларын,
"Ақтыққа" хазірет алды талай малын.
Ешбірі ем болмады, ерегісті,
Ауызбен қылса-дағы оңай бәрін.
Бейсенді көп мал беріп байытар еді,
"Енді күйеу менмін" деп айтар еді.
Атастырған жерінің дауы болса,
Оны да мойынға алып байқар еді.
Ағасы Жүсіп-дағы берер еді
Бейсен де көп сіреспей, көнер еді
Таңдаған Аппақайдай жарын алып,
Әжібай мал қызығын көрер еді.
Бірақ көңілін Аппақайдың бұру қиын,
Оны бұрып, өзіндік қылу қиын.
Тастап-ақ ызасына кетер еді.
Тағы да көрмей шыдап тұру қиын.
Кей уақыт күйіп-пісіп ыза болар,
Деп "Қылық жоқ бұл қызда ешбір оңар".
"Көрмеймін"- деп ант ішіп, кетіп қалып,
Үш күннен соң қайта кеп тағы қонар.
Аппақай сүйтті екен деп қалпын бұзбас,
Сөйлесер баяғыша, сыр алғызбас;
Әжібай сәнденсе де, не қылса да,
Ескермес, Аппақайға бәрібір бәс.
Әжібай білді Аппақай көнбейтінін,
Еш нәрсе құр қуғанмен өнбейтінін.
Басында іздегені атақ еді,
Жабысты шын от енді сөнбейтұғын.
"Шын ғашық" десек-дағы болмас бекер,
Дәрмен жоқ Әжібайда сабыр етер,
"...Қалқатай, мұным осы..." дей бастаса,
Аппақай құлақ қоймай тұрып кетер.
Әжібай ақыл тауып сүйтпесе еғер,
Бұл ақшамен құтылу еш мүмкін бе?
Кіжініп Әжібай жүрді тіпті өшігіп,
Бұлар қатты сақтанды сонысын біліп.
Фельдшерлердің бір қалада жолдасы бар,
Сонда көшті орынын ауыстырып.
Жүз шақырым ол қаланың алыстығы.
Бар еді фельдшерменен таныстығы.
Үйренген жерім демей, тілін алды,
Болған соң ниеттерінің қалыстығы?
XII
Енді әңгімем фельдшерден тайғанақтап,
Қайтадан Әжібай өмірін аяқтатпақ,
Сөйтіп Әжібай салбырап қайтты үйіне,
Аппақайдан суынған, көңілі батпақ.
Ызаланып, қынжылып келсе үйіне -
Жаңыл жоқ, Жәмиләсы жүр үйінде.
Әкесі салқын түспен жаман қарап,
Шешесі жылап сөйледі күйіне-күйіне,
"Біз болдық, қу жалғыз-ау, неден сорлы?
Бейсеннің қызы болмай, бәле болды.
Шаруа тастап, ата-ана тілін алмай,
Зар қақсатып бола ма адам оңды?
Бір қатының кетті үйіне жаяу қашып,
Өлсе қайттік, боранда ол адасып?
Бесікте бала мынау, тастап кеткен,
Өлуге жақындады қарны ашып.
Бір қатының ана үйде, шашын жұлып,
Екі көзі бұлаудай отыр ұлып,
Бесіктегі баланы уата алмай,
Отырмын әбден шаршап, діңкем құрып".
Әкесі айтты: "Сен болдың - сорға берген;
Ұялтып-ақ бітірдің талай елден.
Егер сенде ми болса, намыс болса,
Қыз алам деп бүлінер ме ең сондай жерден?
Бейсен кім? Бізге тең бе, кедей жатақ?
Жұртты құртқан қызымен болдың шатақ.
Ордалы, жақсы, ылайық орын болса,
Бере бер, аямаймын малды матап.
Не бетімді айтайын, жұрт шуылдар,
Осы ісің басымызға емес пе ар?
Ұят-ай! "Малшы-құлшы, көрінгенге,
Көп шашылды" дегенде бет дуылдар.
Кетпей нетті Жүсіпте 500 теңгең:
Нәрсе емес, ол қолынан вексель* берген.
Вексель (орысша)- қарыз ақшаны мерзімді уақытында кайтаруға беретін міндетті қағаз.
Малы жоқ, таңса, даулап несін алдық?
Алшы, кәне, кісің ғой беріп сенген!"
Жәмилә анау үйден сөйлей еніп,
Жылады бірдеңе деп еңк-еңк.
Манадан ашу қысып тұрған Әжібай
Жіберді жүгіріп барып теуіп-теуіп.
Жәмилә содан жығылып танды есінен,
Әжібай тағы мыжыды тізесімен;
Арашалаған шешесін қоса қабат,
Жықты итеріп ашумен кеудесімен.
Тасболат: "Кет!" деп ұрысты, кетті шығып,
Тағы қайта жөнелді атқа мініп.
Үйіне 15 күндей жоламады,
Баяғыша саудайылық елде құрып.
Тасболат көрмей тағы шыдамады:
Ұялды "үйге жүр!" деп, өзі барды.
"Ұрысса да өз әкең"- деп үгіт айтып,
Елінің тіл алғызды жақсылары.
Мұнан соң Жаңылдың да төркіндері:
"Өз ерің, ұрса, ұрысса" деп және әкелді.
Бұрын бетін көп ашпай жүруші еді,
Әжібай енді әкесін мүлде жеңді.
Жаңылдың жасқа жуылып екі беті,
Таяқ өтіп көгерген дене еті.
Жоқ нәрсені сылтау ғып, тұрса сабап,
Ашуын сонан алмақ Әжібай ниеті.
Әжібай жүрсе үйінде айғай-ұйғай,
Тынымсыз басылмайды салған ойбай.
Көзіне бәрін қылған солар көрініп,
Ұрушы еді жүрегі ішке сыймай.
"Кет!" деді, қайда кетсін ол қатындар?
Ұлғайған һәм бауырында баласы бар.
Не түрлі мехнаттың бәрін көріп,
Құр жүрер шықпаған соң кеудеде жан.
Қалмаған баста ақыл, беттерінде ар,
Бір күні әкесі айтты: "Тіл алмадың;
Бәрін дұшпан көресін айтқан жанның
Мазаны алмай, таңдашы сүйгеніңді,
Әзер болса бір жылғы төлі малдың".
Айттырмақшы ол қызды, бұл қызды да,
Бүгін, ертең хабар сап болмақ құда;
Жеме-жемге келгенде сөзін бұзып,
Әжібай кете берер тайқып шыға.
Неге десең жүрегі көшпелі оның,
Болғаннан, махаббатқа болмас орын.
Ойлаушы еді: "Түбінде қайда қашар?
Әзірге бек жігіттік - осы жолым..."
Сол оймен Әжібай кетті өз жайына,
Амалсыз үйі көнді ыңғайына.
Көзге: "Мырза, жоғары шық" десе-дағы,
Жексұрын болды зиян сап маңдайына.
Әсіресе бой жеткен қызы барлар,
Әжібай десе, түрпідей көріп зарлар.
Неге десең халыққа әшкереленген,
Әжібайдың жүрісінде мұндай мән бар.
XIII
Әжібай мырза саудайылық қыла жүріп,
Кез келгенмен ыржақтар дәурен сүріп.
Ет жақын ағайынның бір қызымен,
Көп жүрген көңіл қосып ойнап-күліп.
Қыз еді ол берілген бір бай жерге,
Алыстау болысы басқа екінші елде.
Қалыңдық ойнағалы күйеу келсе,
Қыз бен Әжібай жан құрлы көрмейтін де.
Күйеуі ішке сақтаған бұл жұмысты,
Амалсыздан шыдаған, сезсе де істі.
"Босағама бір келер күні болса,
Көрермін!" деп қайраған күйеу тісті.
Сүйте жүре қыз байғұс жуандаған,
Ол кімдікі? Жұрт теғіс біліп қалған.
Жұрт білген соң күйеуі намыстанып,
Тастаған, "алмаймын!" деп безген малдан.
Сыймаса да ұятынан қыз үйіне,
Қайда барсын!.. Әжібай кетті өз күйіне.
Ақырда күйеуінің інісі алған,
"Мал кетед" деп, баяғы зорлық дүние.
Алса да қор қып жүрген, отаспаған,
Үстіне қатын алған һәм тастаған.
Бір бұл емес, ор жерде осындай ғып,
Әжібай еш жазықсыз ел ластаған.
Бұл күнде Әжібай араз Байболменен;
Араздығының басы - айтылған әңгімеден.
Сырттан Әжібай Байболды балағаттар:
Болыстықты алмасам,- деп,- бәлем сенен!"
Бұрын жоқ іштерінде көңіл кірі,
Бұл турада түйедей Әжібай міні:
Бұрын оны өзінен төмен көріп,
Дейтұғын: "қызметшінің бұ да бірі..."
Ал енді бүл екеуі жоғарғы істен,
Сыртқа шашпай, ішінара ренжіскен.
Көрер қызық Әжібайда болмаса да,
Өз қолын кеспей Байбол күйіп-піскен.
Сөйтіп Байбол бұл істің ақылын тауып,
Жұртқа күлкі болмасқа қойған жауып.
Тұп-тура Байбол болыс өз ісінде,
Асқан әділ, жәбірсіз еш кісіге.
Өзі өлмей Әжібайын болыс қылып,
Жұрт баурату Тасаңның бар есінде.
Әжібай орысшаны білмес жетік,
Және жүр жастық жолын қуып кетіп.
Әуелі қатын алсын, орнықсын деп,
Тасболат жүріп еді сабыр етіп.
Бірақ бір іс тура кеп Тасболатты,
Ыза қылды Байболға жаман қатты;
Тасболат не себепті ашуланған,
Бұрайық сол тураға хикаятты.
Елінен көп ауырмай біреу өлген,
Ақ жуып, таза арулап оны көмген;
Өлімнің тездігіне қарағанда,
Қылды деп біреу қастық ойға келген.
Кісі еді марқұм алған қатыны көп:
Елде өсек болып жүрді солардан деп.
Сол сөзбен жүре-жүре бір қыстан соң,
Тезінен шыға қалды мынадай кеп:
Марқұммен ауылнайлас Қарт деген бай,
Кісі еді аңқау момын, әншейін жай.
Кісіге тиер пайда, зияны жоқ,
Бек сараң жайшылықта тап Қарынбай.
Сол баймен тірісінде болған араз,
Араздығы: "Бермедің, мен малым аз,
Қарындассың, қашан да қараспайсың",
Дегендей болады ғой жай кемпір наз.
Елдегі жемқор билер атақ мінген,
"Қарау" деп Қартқа азуын басып жүрген.
Марқұмның аға, інісі желіктіріп,
Өсектеп құн даулатқан өшіктірген.
Мирасқорлар бұл өсек сөзге нанған,
Барымта алып, қиратып, бүлік салған.
Байболдан басқа жақсылары,
"Бұл істі жайлаймыз" деп қолына алған.
Байболдың жұмысы болып басқа жақта,
Тапсырды бармаса да,- деп "Жылатпа!"
Тыңдар ма айтты екен деп: өңшең құлқын,
Байбол кетті, қаһарын тікті Қартқа.
Қырық жылқы, алты жамбы құнға салды,
Өздері қақ жартысын олжаланды.
Сойылған барымта мен он ту бие,
О-дағы Қартқа тимей, отказ қалды.
Дәулетті көптігімен төпей беріп,
Дендеді партияда Әжібай жеңіп.
Күн сайын мұны көріп Байбол жағы,
Кеміді жазғытұрғы қардай еріп.
Байболға осы кезі ауыр тиді,
Шаршады кетіріп ап ішкі күйді.
Бұл жайын білдірмекке құлын сойып,
Баяғы таластырған досты жиды.
Достардың бірақ көбі келмей қалған,
Қырын қарап, құйрықты сыртқа салған;
Келген достың бәрінің жүні жығық,
Баяғы күпіл де жоқ дүниені алған.
Әзер отыр сыныққа сылтау іздеп,
"Қит етсе екен, ана жаққа кетеміз"- деп,
"Талассаң басым малым құрбан" деген,
Қажыға Байбол айтты мұңайып бек:
"Ағайын, талас дедің, таластырдың,
Жолына партияның мал шаштырдың.
Өзіме өз обалым, өзіме сот,
Демеймін мен сіздерді адастырдың.
Аударып жұртты, міне, мал әкетті,
Бес айдай аянбадым титық жетті.
Құран сүйіп сендірген кісілердің
Бірі жоқ, бүгін көрсең, бөрі бітті.
Ең шыны, енді хал жоқ таласарға,
Жөн бар ма татуласып жарасарға?
Не болмаса бәрің де айтып едің.
Мінекей, орын келді қарасарға..."
Күбілжіп үндей алмай түйді қабақ,
Су құйылды, ет әкелді табақ-табақ.
Суырып жандарынан бір-бір пышақ
Қонақтар келген етті алды қамап.
Бір кісі бір табағын лақтырды итке:
"Байбол, сірә аруақты қорлап бүйтпе!
Ішінде жаясы жоқ тартқан етің -
Көзіңді аш! Мені қара! Кісі ме, ит пе?!
Соңыңнан біз жүреміз бе қорқып еріп..."
Сол жерде көп жалынды Байбол келіп.
Карамай жалынса да боқтап-боқтап,
Жөнелді атқа мініп атой беріп.
Бұл істі қалған қонақ жақсы көрді,
Сол уақытта мынадай бір іс болды.
Қазаннан ет алам деп аты тулап,
Жығылып астында қап Жұман өлді.
Тезінен құлақ түріп бұл дыбысқа,
Жүгірді кісілердің бәрі тысқа.
Ит қуып, ер тоқымын бауырына алып,
Мөңкіп жүр төбел ат шықса тысқа.
Бір қара анадайдан қалған жатып,
Байқаса, дем алыс жоқ, қимылдатып.
Қайқайып құйрықтары балп-балп үрген,
Жанында иттер ерген, жер шаңдатып.
Бұл жығылған Байболдың қоңысы еді,
Жасында қойын баққан қойшысы еді.
Беті жара, сөйлерге тіл-аузы жоқ,
Бейшара талып жатыр шықпай демі.
Байбол айтты, қолын сап өкпесіне,
"Мінеки жаны жатыр кеудесінде"
Қасында бір ақсақал Байболға ұрысты;
"Айтасың жаны бар деп сен несіне?
Кетпен, шотпен бір салып жайлап жатқыз,
Құдай берді, қалаға жылдам шапқыз.
Біздерден үш-төрт кісі куә қойып,
"Әжібай өлтірді" деп жайын тапқыз.
Орысқа анау куә болып,
О да мал тартқызды ғой... біз нақақпыз..."
Өзгелер: "Ақсақалым, таптың!- деді,
Көрдің бе, міне, орнауын бақтың!- деді.
Олар да талай жала салып еді,
Кез келтіргені осы ғой ақтың"- деді.
"Өлтір! деп, сүйдеп бәрі шуылдасты:
Өлтіртпеді, Байболдың ақылы асты.
Қойшыны үйге апарып жақсы күтіп,
Жұрт сөзін естіместен аулақ қашты.
Өкпелеп: "өлтірмеді" деп бейшараны,
Кеткен соң Байбол үйге жұрт тарады.
Оңаша тағы бірі шығарып ап,
Байболды былайынша қолға алады:
-   Шырағым, мен әуелден сенің кісің,
Менің інім - Қасымды білемісің?
Тілімді алмай, анжақта бұлғақтап жүр,
Аз берсең де, бірдеме қылмаймысың?-
-        Ойларың біржола құртпақ па енді?
Күні кеше бір ат ап, сенім берді...
-   Жоқ, шырағым, тоқтай тұр,- десе-дағы,
Байбол үйге жөнелді, үндемеді.
Бұдан соң Байбол келіп Тасболатқа,
Ағасын риза қылды шапан, атқа.
Сайлауда "Әжібай болыс болды" деген
Естілді құлақ түрген жамиғатқа.
Әжібай шашса-дағы неше мыңды,
Әйтеуір болыс болып, көңілі тынды.
Қосылып Байболменен шығын жиып,
Момынды әлі жеткен типыл қылды.
"Табайын, малым сатып..." дегенінше,
Ұрылып бейшараның жағы сынды.
Шытырайған болыс, билер күңгірт түспен,
Топ құрып, әр ауылға барып түскен.
Кеудеңмен партияда тау бұзушы ең,
Ал енді, кедей сорлы, құтыл күшпен!
Тұтылып "шелек жалап" тамам нашар,
Әлділер құтылысты "айран ішкен".
Әлділер неге десең тағы керек,
Жарай ма, партия енді болмас десек?
Залымға сол турадан бата алмаса,
Момынды жемегенде, кімді жемек?
Қылған соң өзін азат залымдар да,
Момынды жегізуге болар көмек.
Көңілін тоқтатпаққа Әжібай енді,
Өзіне таңдай жүріп қалың берді.
Өзіндей қайыны да жуан тұқым,
Жастанды құда болып бір бай жерді.
Ажары қалыңдықтың сұлу еді.
Дегізді: "Жарар осы!"- көргендерді.
Мал берілді, кешікпей келін келді,
Той болды, дүрліктірді тамам елді.
Қыздың аты Зылиха (Зықыш) еді.
Әжібай шат, таптым деп өзі теңді.
Өткір, пысық, айыбы - өте надан,
"Әжібайды билер-ақ" деп халқы сенді.
Онысы рас, Әжібай мен Зықыш тату,
Болмады ұру, ұрсу һәм мұқату.
Бұларға жеңіл-желпі есебінде:
Көнбесе ұрып-соғып мойындату.
Жәмилә көптен үзген байдан күдер;
Болмай тұр Жаңылға да кезек жату.
Жүре-жүре Жаңылдың балалары,
Азғантайлап ес біліп өсті бәрі.
Әжібай да бала қадірін біле бастап,
Дейтінін қойған еді "әрмен... әрі!"
Жаңылға бұрынғыдан тәуір қарар,
"Шешемді ренжіттіңдер" деп әлі.
Жақтырмай Зықыш бірақ бұл жұмысты,
Баяғы күндестіктен тарылтты ішті.
Әжібайдың олай-бұлай айтқанына,
Көнбеді, от басқандай ыршып түсті.
Араға жүре-бара өсек еріп,
Ең басы мынау істен бұзылысты.
Баяғы желбастығын Әжібай қоймай,
Жүретін кезі келсе оны да ойлай.
Ер, әйел арасына өсек енсе,
Қоя ма, махаббаттың отын жоймай?
Зықыштың үш жыл өтті, баласы бар,
Байына сенбей, ұрыс-таласы бар;
Сол үшін өз-өзінен қуыстанып,
Көңілінде тыншытпайтын жарасы бар.
Әжібай көп уақытта үйде тұрмас,
Жұмыс көп, қаласы бар, даласы бар.
Былайша Зықыш кейде ойға қетер:
"Ол мен неге әрдайым ұрсып-кекер?
Үндемей ырқына оның көне берсем,
Жаңыл мен Жәмиләдай мені де етер.
"Бұл сені жуас болсаң, жан деп білмес",
Айтқаны кемпірлердің емес бекер.
Даладан келсе Әжібай түйді қабақ,
Жылатты балаларын қарғап-сабап,
Шай құйса, шыны аяқты тарс-тарс ұрып,
Сүт төгілді, қирады шыны-табақ.
Сөйлесе одан жаман екіленді,
Қарамай отыр-ау деп үйде қонақ.
Белбеуге түйіп алып беттің арын,
Жазықсыз кекеп-шалды жұрттың бәрін.
Бәріне келген жұрттың тағы көйтті,
Әжібайдың не жасырын қылғандарын.
Басқа ұрып, балағаттап, шан-шұң қылды,
Мүбада араласа шаруа малын.
Көтерер Әжібайда мінез қайда?
Бермейді ұрып-ұрсу ешбір пайда.
Деді Әжібай: "Мен жуыман енді саған,
Көнсең көндің, көнбесең жөнел айда!"
(Мақсұты біржолата безу емес,
Көңілін тоқтатайын деген айла).
Көрмеймін десе-дағы көріп жүрді,
Бірақ көңілін басқаға бөліп жүрді.
Зықыш та өз жұмысын өзі біліп,
Не қылған жазасына көніп жүрді.
Елеусіз кісілермен ептеп ойнап,
Іздерін ұрлығының көміп жүрді.
Жамандық жасырынбас үсті-үстінен
Бір күні Жаңыл көріп бір кісімен.
Әдейі аңдып жүрген өзі күндес,
Ел-жұртқа жариялады білісімен.
Зықыштың сонан былай құты қашып,
Ұялды қорғаншақ боп өз ісінен.
Зықышқа Әжібай болды ешбір жатпас,
Жатпақ түгіл қарамас, жауап қатпас.
Жағам деп қылған ісін, не жүрісін,
Атады оқты көзбен еш ұнатпас.
Байына бұрынғыдай тиісуге,
Зықышта сөйлер тіл жоқ, көңілі батпас.
Бұл қалып айға кетті, жылға кетті,
Зар еңіреп Зықыш солай азап шекті.
Зықышқа үш жыл ұдай жуымасқа,
Ішінен қылған еді Әжібай сертті.
Құрсағы жыл өткен соң жуанданып,
Қарайтты онан жаман Зықыш бетті.
Бұл іске Жаңыл күнде қуанады,
Кер кетіп, Зықыш байғұс суалады.
Қайтерін білмей Әжібай күйіп-пісіп,
Жүрегін ащы қайғы, у алады.
"Болған соң өз қатыным не сөгіс бар?
Қай кісі бөтен санар бұл баланы.
Қаламын үйден қусам жұрт сөзіне,
Сырт шулап айтпаса да өз көзіме.
Баласын табар, жүрер, жас қыз алам,
Маған еш өкпелемес енді өзі де".
Деп ойлап Жаңылдардың аузын тыйды,
Көруге не болса да өз кезінде.
Жаңылға Зықыш байғұс жалынышты,
Жалынды апатайлап, мойның құшты.
Баласын малайының шырақ қылып,
Жасыр деп қате болған бұл жұмысты.
Шошытып әлденемен азаптанды,
Мезгілсіз жіңішкертуге жуан ішті.
Кісіге көріне алмай бұл күйінде,
Шығарды төр үйінен ас үйіне.
Егіліп бордай болып ол жыласа,
Күледі Жаңыл іштен сүйіне-сүйіне.
"Баймен де басқаларды санға алмайтын,
Дәуренім қайда кетті, шіркін, дүние!
Дегенмен мен байғұсқа енді күн жоқ"
Деп ойлап жас төгеді оқтын-оқтын.
Ойламай өткен күнін Зықыш қайтсін,
Шамы жоқ, жатқан үйі қараңғы түн.
Ашамай - баста жастық, жабу - төсек,
Ішінде зар еңірер тамам боқтың.
Ол үйде Зықышпенен бірге қонақ:
Байланған қотыр бұзау, арық-тұрақ.
Есіне түсуші еді өткен күндер
Қыз болып бойға толып жеткен күндер,
Көңілі, сүйген жармен сөйлескені.
Ағаштың саясында жазғы түндер.
Қаша алмай қапияда қалғандығы;
Сол үшін ол байғүстың жанғандығы.
"Айырар бір қара жер, сен қалқам!"- деп,
Мал беріп Әжібайдың алғандығы.
Басында сәжде еткен болып жүріп,
Сөзінен жүре-бара танғандығы;
Сонысына ерегісіп суық жүріп,
Өз-өзін бүл қорлыққа салғандығы.
Көк түман төңіректің болып бәрі,
Жас болып бетін жуып тамшылады,
Ес те жоқ, қуат та жоқ, үрей де жоқ,
Кеудеде бар демесең шыбын жаны.
- "Ішіңді жеңілтем" деп сүм кемпірлер,
Қинайды бейшараны онан әрі.
Жеңілер ауруынан уақыты болды,
Сұп-суық қараңғы үйге қатын толды.
Дауысы жас баланың шыр еткенде,
Үстіне жата қалды Зықыш сорлы.
Қатындар: "Мұның не?" деп ұрсып еді,
Зықыш айтты: "Қайғырма, сонысы оңды".
Бір кемпір орап алып кетті шығып,
Аздан соң қайтып келді қарға тығып;
Қараса көмдіруге ертеңінде,-
Бала жоқ!.. ит жеді ме?.. неткен қылық?
Көрінбей тағы он бес күн Зықыш байғұс,
Баяғы сасық үйде жатты бұғып.
Өн бойын суық үйде шаншу алған
Сау жер жоқ, бейне қурай қатып қалған.
Сол үйдің сасығынан жиіркеніп,
Ешкім жоқ оны күткен, оған барған.
Тұрса да, көріне алмай жұрт көзіне,
Өлімнен ұят күшті дүние жалған.
Барады шай ішуге ауыз үйге,
Кісі жоқ бола қалса зәуде үйде;
Бір үйді кеше билеп жүрген кісі,
Амал не, кез келген соң мұндай күйге?
Әжібайдан қорықса да бойы үйреніп,
Жататын болып еді ауыз үйіне.
Әжібай жүрсе-дағы бәрін біліп,
Ешкімге сыр ашпады жария қылып.
Бір күні есікті іштен бекітіп ап,
Зықышты жаман ұрды шашын жұлып.
Тұра алмай Зықыш сонда үш күн жатты,
Аузы қан, күрек тісі бірі сынып.
Әжібайдың қыз айттырмақ еді ойы,
Болыс қой әркімге де сыйлы бойы.
Малы да бағыменен таласа өсіп,
Ақша көп, өріс толды жылқы, қойы.
Үйінен көруші еді түзді қызық,
Қыз аулап, қымыз ішіп, жүрер қызып.
Өзі жаһаннамдай көрінуші еді,
Келсе азап тартушы еді қанын бұзып.
Өйткені қатындары тұрмас тыныш,
Бір-бірін түрткілесіп қылар ұрыс.
Кеткен сон құлақ тынышы шыдай алмай,
Ал бірі сабау керек дүрс-дүрс.
Сабаса одан жаман кетті ұлғайып,
Күндікке жылар түге шашын жайып:
Үй іші ұрыс-керіс болғаннан соң,
Жылайды балалар да бек мұңайып.
Берілмес мезгілімен малшыларға ас,
Сол үшін олар ұрсып қылар талас.
Қатынның қарастырар сиқы анау,
Қайғымен әлде жынды, немесе мас...
Жәмилә, Жаңылменен көптен мәңгі,
Мәңгі емес Зықыштың да жайы әлгі;
Ұру, ұрсу, даң-дүңмен милары ашып,
Бастары болып кеткен әңкі-тәңкі.
Үй іші, шаруасы жайрап жатқан,
Со қалы қонақ келсе бөтен жақтан.
Шешесі айғайшы боп жүрушы еді.
О-дағы жазғытұрым қаза тапқан.
Келмейді бұл қалыпта еш көргісі:
Қайтерін білмей құрыр әбден мысы;
Сол үшін болыстықты сылтау қылып,
Көп уақыт үйде тұрмас жазы-қысы.
Әкесі сөзден қалған, жасы жеткен,
Ендігі Жәмиләнің есі-дерті:
Жақпақшы соны күтіп қызметпен.
Әуелден Жаңыл жаман Әжібайға,
Жүреді кекеп-мұқап әрбір жайда.
Зықышта бір бала бар: соны күтіп,
Алданады, көңілі жоқ оның байда.
Зықыштың мәлім емес осы жайы,
Сырт кісі ойлар Әжібай деп оның байы.
Айтпаса оз ойын шын сырласына,
Білетін сырын оның бір құдайы.
Жаңылдың бір қызы бар Күлтай атты,
Жас бала болса-дағы артық затты;
Тәуірі баласының сол дегізіп,
Жасынан көрген жұртты таңырқатты.
Бұған біреу қойған құда болып,
Құданың мал жағынан жері толық.
Қытайға қараған ол Керей елі.
Қарғы бау беріп қойған келіп қонып.
Керейде Тасболаттың бір құдасы
Бар еді алыс-беріс, араласы.
Екі шал атастырған немересін,
Артқыны жақын қылмақ ірәдасы.
Баланы онда Әжібай білмейтұғын,
Маңында қатын-бала жүрмейтұғын.
Бар баласы бауырында кемпір-шалдың,
"Аға!"- десе,- әрі, аулақ жүр!",- дейтұғын.
Бұ күнде ондай емес, алдына алар;
Үсті-басын, күтімін байқап қарар.
Көрмеген байдан қызық шешелері,
Тағы емес, баладан да қызық табар.
Қатындар неге десең, ызаларын
Алатын балалардан, ұрып бәрін.
Қолдан келер - қос көз бен баласы боп,
Суытқан балалардың ерте қанын.
Шешені сол себепті көрмес жуық,
Бармастай шақырса да бармас жуық,
Жалғыз-ақ шешем дейтін Күлтай ғана
(Шешеге жуық келер әйел бала),
Әжібай қатындарды сабағанда,
Алады арашалап, "қой,- деп,- аға!"
Күлтайын жақсы көрер басқасынан:
Түсірмес үйде отырса арқасынан;
Керейден атастырған мал алмай жүр,
"Ассын деп тым болмаса он жасынан".
"Мал ал" деп тығыздайды Керей келіп,
Жүз қойды қарғы бауға қойған беріп.
Әжібай ешкімнен мал алмақ емес,
Баласы ер жеткенше ақылы еніп.
Балаға тағы айттыру жастай қатын,
Зор қате Әжібайша, емес мақұл.
Тигізіп заман-ғұрып маңдайына,
Білгізген тәжірибесін бұл бір ақыл.
Деуші еді: "Қыз теңіне сүйіп барсын,
Қатынды ер балалар өздері алсын!
Балаға жастай қатын айттыратын,
Іс емес, сол ғұрыптар отқа жансын!"
Жетпеді Әжібай бірақ бұл сөзіне,
Тағдыр ма жеткізбеген, әлде өзі ме?
Әжібай не себепті сертін бұзған,
Оқушым, көрсетейін ой көзіңе.
Күпшектей айналмалы дәулет пен бақ:
Тұрмыстың кейі қоңыр, кей жағы ақ.
Кейде күліп, кей-кейде қабақ түйіп,
Дүние бір қалыпта тұрмайды нақ.
Сол кезде Әжібайдың қайтып бағы,
Күпшектің айналды оған күңгірт жағы.
Күпшекті бұрып алу тағы өзінен,
Айтайын оның мәнін тыңда тағы.
Ең басы Әжібайдың әкесі өлді,
Шығартып жаназасын жақсы көмді.
"Атаусыз атақты адам қалу ұят;
Үлкен ғып, ас бер"- деген сөзге көнді.
Қонған соң жүз үй тігіп Марқакөлге,
Қалдырмай сауын айтты маңдағы елге.
"Асы бар Тасболаттың, ат жарат" деп,
Сөйленді көп күн бұрын мәжілістерде.
Жиылды асқа саулап Арғын, Найман,
Керейге, Қалмаққа да хабар жайған.
Шыңғыртып асқа сойған жылқылардың,
Қандары бұлақ болып ақты сайдан.
Бәйгеге жіберілді үш жүздей ат,
Бәйгесі алдыңғы аттың он жылқы нақ.
Одан соңғы жүз теңге, бір топ шұға,
Қой-қозы артқылары мақпал мен бәт.
Сойылған екі жүздей малдың саны,
Балуан, бәйге... молдалар жатыр әлі...
Ауызша көлденең жұрт есеп қылып,
Он бес мың сом десті ғой шығындары.
Табылды өкпелеуші сонда да етке,
Лақтырды талай кісі етті бетке.
"Ол баста қонақ тойғыза алмасың бар,
Неге айттың "ас берем" деп қиыр шетке?"
Қолымен ерегісе ұстап сойды,
Жуандар көрсеткенсіп жұртқа бойды.
"Бір жолға не қылса да шыдадық" деп,
Әжібай жақ ауыздарын жауып қойды.
Өлген бар, жығылған бар, үш-төрт бала,
Дау-жанжал ат бәйгеден шықты және...
Жазудың бәрін тегіс орыны жоқ,
Бұл істі аңғарарсыз солай ғана.
Бұл жаздың жайлы тимей келер қысы,
Бұзылды күзді күннен күннің түсі.
Мұз жауып, қарашада қар бекіп қап,
Жерден шөп жей алмады малдың тісі.
Жазды күн қазақ байғұс шөп шаппаған.
Қыдырып қымыз ішіп қылжақтаған.
Шапса да омбы қарда шартарапқа,
Қалғандай мал асырап шөп таппаған.
Соғады үдей-үдей боран қаптап,
Қар көмген қара жерді қылып аппақ.
Қатайып қыстың арты барған сайын,
Күйзелді шаруа жаман сасқалақтап.
Шапса да тамыр-таныс орыстарға,
Шана шөп отыз сомға табар зорға
Арбасы күзді күні отыз тиын,
Не дерсің сонда алмаған қазақ сорға?
Шөп жұлды кейбіреулер қарды қазып,
Жұлмаған қар жоғында кімде жазық?
Кедейлер байдан келіп ақша сұрар,
"Мал түгіл, кісіме де жоқ,- деп- азық".
Бай ұрысты: "Дендерің не деген сақ!
Осы ма сұрауға ақша табылар шақ?..
Жасығын асып жерлік отын да жоқ:
Ал, кедей, қораңды бұз, ашаңды жақ".
Шұбырып, тері арқалап қалаларға,
Орыстан нан сұрады балаларға.
Тақтайын Андрейлер былғадың деп,
Шығарды желке беріп шара бар ма?
Аты жоқ бұт көтерер байғұстардың,
Ішінде жаяу малтып аппақ қардың,
- Обалым шөп шаппаған иеме,- деп,
Қандары сел боп жатыр хайуан малдың.
Жіберді шөп сұрата байлар досқа,
Барса шөп жоқ, арбалар қайтты босқа.
Күдерді қолдағыдан үзгеннен соң,
Шапқызды жылқыға адам бар деп қосқа.
Көп жылқы әлдеқашан ығып кеткен,
Қолынан жылқышының шығып кеткен.
Бұйырмай тарамысы иесіне,
Жануар қар астына сапар еткен.
Төгіліп бір боранда барлық құты,
Мал тұрсын, кісі өлтірді тамақ жұты.
Көтермей бір-екі айды ақ сүйек боп,
Жүгенін ұстап қалды қазақ жұрты.
Қыс қылып қылатынын, жазы жетті,
Кедейлер қақтап жатыр жасық етті:
Не жесін жасық жемей, сауыны жоқ,
Бұрын тар, кеңейтер ме байлар ниетті?
Жұтатқан жұртпен бірге Әжібай малды,
Үш мыңнан екі жүздей жылқы қалды.
Қалғаны да өз құнын өздері жеп,
Босатты ақша салған сандықтарды.
Кебі өліп тең жарадан қой мен сиыр,
Әр жерде жемтік жатыр үйім-үйім.
Бұрынғы ен дәулетке көзі үйренген,
Амал не Әжібайға болды-ақ қиын.
Жұтаған малдың орны тырнап ішін,
Бұзылар ойлағанда сыртқы пішін.
Орынын немен болсын толтыруға,
Жұмсады барлық ақыл, айла-күшін.
Шөп жиған неге десең Байбол аман,
Аққұла амандығы бұған жаман.
Әжібай ойлар: "Айырылам болыстықтан
Тұрмаса малым асып,- деп - анадан".
Байболды шөп жинады деп қылып мазақ,
Айтатын: "Жер қарада неткен азап?"
Басына заман келіп тигізғен соң,
Шулап жүр: "Ақылды" деп енді қазақ.
Сол оймен Әжібай бұзып ішкі ниетін,
Бұрынғы адалдықтан бұрды бетін.
Аударып-төңкерді де елін жеді,
Демеді мынау нашар, мынау жетім.
Билердің ауыздығын алып қойды,
Әркімге қаршыға ғып салып қойды.
Пайдасын ірілердің солай тапсам,
Ел менен кетпейсің деп танып қойды.
Төлетті асыратқан жылқыларын,
Таңдады билерді өңшең жуан қарын.
"Бірге өлді өз малыммен қайтейін",- деп
Момынның тыңдамады айтқандарын.
Маңында бір ауылдың жемтік жатса,
"Міндің..." деп, момындардан төлеу алды,
Амал не, мейлің жыла, мейлің қақса.
Момынға жұрттан бұрын мынау батты,
Байболға бәрі жылап барып шақты.
"Обал жоқ не қылса да сендерге!" деп,
Бермеді Байбол жауап, бойын тартты.
Себебі Байбол енді жұртқа нанбас,
Нанбақ тұрсын, сөзіне құлақ салмас.
Алдыңғы партиядан зәрде болған,
Жұрт әкеп болыстықты берсе алмас.
Көбейді Әжібайдың елінде ұры,
Ұрлықтан ауыл басы емес құры.
Тап өзі болмаса да олжаға ортақ,
Қорғайды тыю қайда Әжібай мұны.
Жіберіп билер "хотқа" бұл жұмысты
Өзінің дауын сөйлеп, қылды күшті.
Әжібай сүйеп жүрген бір ұрысын,
Уезден: "ұстап бер", деп бұйрық түсті.
Әжібай ұстап бермей, жасырды оны,
Өтірік Қытай жаққа қашырды оны.
Қорлыққа ұрлық түбі айналмас па?
Шатылды жасырам деп жүріп соны.
Уезге: "заграниңаға қашты", деген,
"Біледі жұрттың бәрі, тақсыр", деген,
"Бас салып елге келсе ұстап берем,
Ол иттің залымдығы асты", деген.
Тып-тыныш, ол қашқан жоқ, үйінде еді,
Баяғы ұрлық қылған күйінде еді.
Әжібайдан қорлық көрген бір бейшара,
Уезге "домалақ хат" түйіндеді.
Урядник тез жарлықпен елге шығып,
Ұрыны тауып алды тінтіп жүріп.
Әжібайды болыстықтан түсірді уез,
Ұрыны сүйейсің деп үйге тығып.
Ақыры сотқа кетіп, болып зор іс,
Әжібайды ұстап алды он шақты орыс.
Адвокат, төрелерге ақша төгіп,
Кепілге шықты біраз Әжібай болыс.
Ізденіп Байбол қабат Омбы кетті,
Жалдады нелер жүйрік адвокатты.
Ақырда адвокаттар жөнін тауып,
Істерін окружной сот отказ етті.
Еліне келсе, елі жүр қорқып, шауып,
Қытайға қақ жарымы кеткен ауып.
Ең мықты Әжібайға қылғаны анау,
Қырар деп, бізді мүлде қылып қауіп.
Ұлықтан "тоқтат" деген бұйрық алып,
Соңынан ауған елдің әскер барып.
Өлтіріп өлтіргенін қырып-жойып,
Қайтадан айдап келген қанға малып.
Келген соң қазық болып бұлар елге
Әуелі орнықтырды мекен жерге.
Бұл ісі Әжібайдың, елдің жайы,
Сөйленді көпке дейін маңдағы елде.
Шығыны Әжібайдың бастан асты,
Еңсесін көтерместей борыш басты.
Қалғанын тақыр болып сезгеннен соң,
Аударды ел тоқыратуға ықыласты.
Табылды табалаушы айтпай көзге,
Халқының бұрынғыдан қарасы өзге.
"Ниеті бұ шіркіннің бұзылып еді,-
Естілді:- көрінді ғой", деген сөз де.
Тілеуқор, қошеметшіл ағалары,
Әжібайға қырын жақты, сағалады.
Жолында өлем дейтін достары да,
Көзіне күліп, сыртынан табалады.
Әжібайға оқ боп тиді бұл көрініс.
Тамағын ыза буды бермей тыныс.
Талайлар айтқан сөзін жүре тыңдар,
Құртуға қолында жоқ бұрынғы күш.
Мінеки, сайлау болса келе жатыр,
Тұр әне құлақ түріп алыс-жақын.
Елі жүр Әжібайға ыңғайламай,
Алуға күшпен тартып, қалта тақыр.
Құр қалу Әжібайға қатты намыс,
Қалай қылар: Елінің түрі шалыс.
Баласы Тасекеңнің шынжыр балақ,
Не сұмдық, ел билемей, шардан қалыс?
Бақ, дәулет жеті атадан арылмаған,
Өмірі қарыны ашып, тарылмаған.
Естуден, сөйтіп жүріп, өлген артық,
Дегенді: "Сөзі жұртқа алынбаған".
Әжібай ойлап-ойлап амал тапты,
Өзінен кетірмеске ескі бақты.
Бұрынғы айнып жүрген Керейіне
Күлтайды бермекші боп малға сатты.
Керейлер аман қалған өткен жұттан,
Қорлады деп өкпелейтін бұрын сырттан.
Сұраған сонда-дағы малын беріп,
Өкпені ескі-құсқы болды ұмытқан.
Суысқан Керей құда қайта келді,
Күлтайға қызыққаннан көп мал берді.
Әжібай сол-ақ екен ауқаттанды.
Үш қызға тағы құда болып салды.
Балаға жастай құда болман деген
Сертінен баяғы айтқан мүлде танды.
Қалмады ұл-қызының басы босы,
"Жез" үшін Әжібайдың қылғаны осы.
Қиқаңдап, ел азғырып жүретұғын,
Екі-үш жерде құдалықпен болды досы.
Жебеді құдалары болыс болды,
Баяғы кеткен бағы қайта қонды.
Немене бес-алты жыл өтпестен-ақ,
Қораға мал, қойынға ақша толды.
Ортада заман өтті әлдеқандай,
Елі де болды жұтты ұмытқандай.
Кең жердің арқасында тез жетіліп,
Береке қайта кірді бас пен малға-ай.
Әжібай көп тәжірибе, көп іс көрді,
Бұзықтың мінезінен сотқа да енді.
Көңіліне соның бәрі ғибрат болып,
Залымдық баяғыдай қылмайды енді.
Халықтың тұрмысы алды ескі қалпын,
Басқарды жақсы ғана Әжібай халқын.
Өткірлік, пысықтықтың арқасында,
Шығарып басқа елге де жүрді даңқын.
Берумен жақсыларға араласты.
Жарыққа бірте-бірте аяқ басты.
Бастаушы болса, қостап еретіндік,
Көңілінен өз-өзінің есік ашты.
Болғанмен өзі сондай, халқы қара,
Айта алмас бата торып оған және.
Халқынан түсіретін олжасы көп,
Білдірмей жүрер еппен істеп қана.
Үндемесе, қақай бас неткен жан деп,
Тағы айтса ашуланар ақиқатын.
Кейбірі дұрыс па деп қылған ісін,
Жоры деп кейбіреулер көрген түсін.
Кіжінді сырттан тентек шалдар біліп,
Көңілі деп, әттең Әжібай, қайрап тісін.
Болған соң ас беретін ыдыс кірлі,
Әнуар өзі тұрып жуып жүрді.
Жиіркенсе, біз шақырып келдік пе?- деп,
Мінгізді ағаш атқа неше түрлі.
Қонақтар келіп кеткен көңіл бұрып,
Баланы оқытуға бермес ырық.
Қонады кейде келіп Керей, Қалмақ,
Сасытып үйдің ішін тұман қылып.
Әнуар бұл тұрмысқа қарап салқын,
Тыпыршып жүрді біраз бұзбай қалпын.
Өз кебін жүре-жүре кимей қойса,
Білді енді үркітерін келген халқын.
Ойлады тәжірибе қып көрейін деп,
Халықтың ыңғайына көнейін деп.
Табылмас не қаражат, не түзелмес,
Ойды енді басқа жаққа бөлейін деп.
Ол қылды шу дегенде басты тақыр,
Демеске қажы-сопы: "азғын-кәпір!"
Тұрса да терістікке іші күйіп,
Дей берді жұрттың қылған ісін мақұл.
Бұл жерде көп сөз жоғалған. - Ред.
Жүрмеді сопыларға тілі тиіп,
Жолықса сәлем берді басын иіп.
Өзгертті сыртқы түрін түгелімен,
Қалыпты миссионерлік кебін киіп.
Халыққа сүйте жүре нандырды өзін,
Алғыза бастады ептеп айтқан сөзін.
Әнуар онан сайын қылды іждағат,
Үміттің көргеннен соң жылы жүзін.
Қаладан ойнас байын білу керек,
Басына қолға түссе, міну керек.
Өгізге теріс мінгізіп, ел қыдыртып,
Мойнына құрым киіз ілу керек.
Қабыштың ақша салған жоқ сандығы,
Мағұлым енді Әнуардың алғандығы.
Тай-тұяқ, жамбы-бұлғын, торғындармен,
Белгілі екі мыңдай сом барлығы.
Деді жұрт: "Білдіріңдер оны оязға,
Екі мың тұрсын, бір мың болса да аз ба?
Апыр-ай, бұл адамға сенім жоқ-ау!..
Тағы ұстаймыз деп жүрсек осы жазда".
Дегенде молда сөйтті, нанбай тұрдық,
Жымиып жүрсе де ішінде екен сұмдық.
Молдаға пайғамбармын десе сенбе,
Көрдің бе, ақырында қылған ұрлық.
Манадан Күлтай тұр еді есі жаңылып,
Алақтап не айтарын білмей аңырып.
Әнуарға жауып отырған жаласына,
Ашумен кете жаздады іші жарылып.
Деді: "Әжеке, сандығыңыз анау үйде,
Бірге тұр жүкпен бірге жиған күйде.
Нәрсені көзіңізге көрсетейін
Құдайдан қорық, Әнуарға нақақ тиме".
Бұл жерде де көп сөздер түсіп қалған.
"Оңбасын қызды балам деген кісі,
Қылығын қара мұның, жаудың ісі",-
Деп Әжібай Күлтайға ашуланып,
Шатынап құп-қу болды өңі-түсі.
Именіп Күлтай одан тайсалмады:
"Айтармын, керек болса, шынын тағы.
Жазықсыз Айшаны да күйдірмеңіз!
Сөзімнің аңғарылсын түпкі жағы.
Сөзімді алмай-ақ қой, пайда болса,
Мен мұны сөйлермін-ақ қайда болса.
Аталық жүрегімде қадіріңіз бар,
Алмаңыз соны жойып, айла болса.
Айтамын сізге, өзіме жаным ашып,
Аузымды тұра алмассыз қолмен басып.
Өртті сөндір, балаңмын, барамын да,
Болмаса біреу сөндірер қанын шашып".
Аңырды сонда үйдегі жиылған топ,
Ешбірі төмен қарап, үндеген жоқ.
Төркінге Айша, әйтеуір, айдалған жоқ,
Білмеймін аяды ма іші жібіп.
Әжібай қарауытып, түтін болып
Қалшиды кеудесіне тигендей оқ.
Шыдамай үйдегілер кетті шығып,
Күлтайды шығысымен аңыз қылып.
Әнуарға ұрлады деп күйе жақпай,
Не себеп ол жаласын қойды жаппай.
Тергетті оны бірақ приставқа:
"Үкіметті жамандап жүр,- деп,- ұнатпай".
Байбол һәм кей адамдар десіп жалған,
Әнуар сол себепті аман қалған.
"Бұл жерден жаз шығысымен кетесің деп" деп,
Пристав Әнуардан қолхат алған.
Әжібай араз болды Байболменен,
Көрдім деп бүл турада қастық сенен.
Қаймығып Әжібайдың сұмдығынан,
Қалаға кетті Әнуар Құмкөл деген.
Күлтайдың әл жеткені екі көзі,
Болса да не қайғысы тартты өзі.
Жанына жаман батар:- "Еліне Әнуар,
Конвоймен кетті"- деген жұрттың сөзі.
Біржола түңілсін деген ниетпен,
Айласы ед Әжібайдың бұл көрсеткен.
Айтқан боп жай біреуге Күлтай барда
Деуші еді: "Ол конвоймен мүлдем кеткен".
Мұны естіп Күлтай әрең өлмей жүрді,
Сонда да ешкімге сыр бермей жүрді.
Үйдегі тілмәш Петька Күлтайды аяп,
Әнуардан әкеп тұрды хат пен тілді.
Ол Петька Әжібайдың тілмәші еді,
Сөйтеді деп, оны ешкім парқ қылмас еді.
Сұмдыққа көңілі әзір былғанбаған,
Жас еді, Әнуармен құрдас еді.
Әнуар тұрған күнде Әжібайда,
Екеуі қыдырар еді әлдеқайда.
Үйреніп өзі орысша, Әнуар оны,
Үйретер қазақтағы қалып-жайға.
Әнуарды мінезінен көріп жандай,
Болып еді жат та болса туысқандай.
Әнуар да көргендіктен сонша жақын,
Сөйлеуші еді Күлтайменен өзі қандай.
Үйдегі қатындардың көріп халін;
"Емес қой адамшылық мынау жаным!"-
Деп тілмәш Әнуармен бірге аясып,
Жүрер еді Күлтай, Айшаны айтып бәрін.
Әкеліп сол Әнуардан жасырын хат,
Күлтайдың етіп жүрді көңілін шат.
Сезбеді бұл жұмысты еш бірі де
Үй іші, не басқа бір жақын мен жат.
Күлтай бұл жақсылықты іштен күтіп,
Кеткендей сырты Әнуарды мүлде ұмытып,
Ұялып бір ісінен жүрген жанша,
Болады жуып-шайған айла жұтып.
Деуші еді енді оны кім есіне алсын,
Жастықпен бір іс өтті, кетсін, барсын.
Періште болса-дағы жолдан таяр,
Қасында біреу күн-түн азғырған соң.
Баламның өз ұяты өзін жеңіп,
Түзелген, басқа ой жоқ өңі еніп,
Әжібай Күлтай жақтан қауіп қылмай,
Келмес деп Әнуарға да қойды сеніп.
Қар кеткен наурыздың аяқ кезі,
Жайған еді жерге шуақ күннің көзі.
Әжібай өлгендей-ақ үш қатыны,
"Ойбай да ойбай" еді барлық сөзі.
Ардақты әлде мұның баласы өлген,
Атасы не інісі, ағасы өлген.
Жоқ, аман, ауырмаған ешбірі де.
Алды деп Әжібай тоқал хабар келген.
Әжібайдан бір кісі әкеп Күлтайға хат.
Жылап еді сол кісіні көргеннен-ақ.
Хатында жазған екен: "Келеміз" деп.
Қарағым, жыламасын, шешеңді уат!-
Күлтай айтты шешелеріне ептеп барып:
"Не пайда іс өткен соң, ойбай салып?"
Күлтайды өз шешесі қарғап-сілеп,
Қасынан қуды қолға бақан алып.
Аптығып алқымына ашу тығылып,
Қуам деп бір дөңбекке қалды жығылып;
Балалар соны көрген осы күнде
Мазақтар әндерін сап, жылап-ұлып
Қатындар қуып сонда ер баланы,
Қарғап-сілеп у-шу қып айдаланы.
Өйткені Әжібай келіп бүгін жармақ,
Жүректе көптен бітеу бір жараны.
Қалмады сықақ қылып күлмеген жұрт,
Қайтеді сүйтпегенде білмеген жұрт.
Кешке ойын, келін түсіс болады деп.
Қыз-қатын сапырылысқан күліп жырқ-жырқ
Алдынан келіншектің олар бармақ,
Түземек Күлтай үйді, көрпе салмақ;
Күлтайға шеше қайда, үй жөндетер?
Ұрсады: "Жетіспе,- деп,- арсыз салдақ!"
Лақтырды көрпелерін шаңырақтан,
Кілемді, жүкті бұзып бұрқыратқан.
Бұлар бүйтіп арамтер боп жатқанда,
Сау етіп Әжібайлар кеп түсті аттан.
Қасында қайын ағасы, қайындары,
-Қош, үйге жүріңіз!- деп кірді бәрі.
Кірсе, қатын беттерін алып салған,
Секілді жын ойнаған үйдің мәні.
Біле алмай сабауға да қайсыбірін,
Ішінен қан ішердей тартты сұрын.
Естілді сатыр-сұтыр таяқ даусы -
Жаңыл шықты жаулығы жырым-жырым.
Қолға ұстап сирағынан кішкене ұлын,
Жайылып даударланған екі бұрым,
Бар сөзі: "Ойбай, ойбай, ойбай да ойбай!"
Жуылып қызыл қанға бет пен мұрын.
Шулаған арашашы қоршаған жан,
Зықыш шықты басынан сорғалап қан.
Әжібай: "Кет, талақ!- деп тепкілеп жүр,
Не дерін қайын ағалар білмей аң-таң.
Жаңыл жүр шырылдатып сәби бала,
Баланы Әжібайға шоқпарға ала.
Біреу кеп өлтірер деп тартып алды,
Кеп қалды келіншек те сол арада.
Келіншек көрді мынау тамашаны,
Тұрса да көзін жауып жібек шәлі.
Қапыда душар болған бұл жұмыстан
Шошыды дір-дір етіп қорқып жаны.
Ісі емес бұл Әжібайдың жаңа көрген,
Мұндайға қатындардың еттері өлген.
Мұнысы өздерінше күндегі әдет.
Тоқалға ауыр тиді жаңа келген.
Болыстың жас келін ед қарындасы,
Аты - Ырысты, он жеті жас шамасы.
Жиылып қыз-бозбала ойнағанда,
Мөлтілдеп неге отырды көздің жасы.
Алдынан көрінген соң әлгі форым,
Білді ғой бұл келгені қандай орын.
Үйінен әке, ағасын қимағаннан,
Бұза алмай келіп еді рәсім-жолын.
Көңілі әкеп көз алдына құбыжық елес,
Қайғыға көмілгендей не барлық іс...
Өзін бір тұтқындағы кісі көрер.
Төркіні Ырыстыны сөзбен жұбатып;
Әжібайды мақтап-мақтап көңілін уатып,
"Байыңа жақсаң, кем-қор болмассың",- деп
Ат-түйе жолын алып кетті қайтып.
Қалғандай болды Ырысты жау ішінде,
Құлағы керең болып дау ішінде.
Бұл өзі тимесе де күндестері,
Жамандап килігеді әр ісіне.
Мақсаты күндестердің билетпеске,
Қамтыды осы бастан алып еске.
Тоқалын жақсы көрген бүйткеннен соң,
Оларды Әжібай шаштан сүйретпес пе?
Ырысты жаңа түскен уһ-аһлап,
Жүреді томсырайып ізін бақылап.
Көңілден қапырық кетпес, бой сергімес,
Тау басып тұла бойын тұрғандай нақ.
Қолына Әжібайдың түскен кісі,
Аюдай болу керек тырнақ, тісі.
Жеңбесі үш күндесін арсыздықпен,
Өмірде оңға баспас ешбір ісі.
Бұл іске күндестері әдіс алған,
Оларда баяғыдан ар жоқ қалған.
Ұрсысып, шаштасудан жалықпайды,
Әйтеуір, тоным ғой деп суға малған.
Әжібай қастарында тұрмас аңдып,
Кетеді қайда болса, сонда қаңғып.
Күндестері соқтығып еш жазықсыз,
Ұрыс-керіс шығарар басын даң ғып.
Бар қадар таппақ тұрсын, көріп қызық,
Жылаумен көзге салды әжім-сызық.
Бар-жоқты Әжібайды сүюін де -
Тура кеп мынадай іс кетті бұзып.
Бір күні Жаңылдың аузы бек бұлтиып,
Әкесі өлгендей-ақ тым қыртиып.
"Бір жеген соқтасын ит қайта жеді",- деп,
Долданды қалың бетке ашу жиып.
Зықышқа жеп қойғандай төніп-төніп,
Баяғы айыбын да ашты төгіп:
"Ойнас қып бала тапқан, бала өлтірген,
Қаншық!" деп балағаттар ұрсып-сөгіп.
Солайша отырса да Жаңыл бүлініп,
Зықыш шат, күңгірт бетке шырай жүріп.
Бұрынғы кекесіннің бірі де жоқ,
"Иә, иә",- деп төмен қарар көзі күліп.
Зықыштың күндегіден жүрісі жат,
Істеген ісіне де көңілі шат.
Еріксіз ішкі шаттық жымыңдатар,
Жазадан құтылатын кісідей-ақ.
Бір жаңа шырай кірген денесіне,
Япырым-ау, жетіседі бұл несіне?
Буына қуаныштың мас болғандай,
Жаңылдың ұрысқанын алмайды есіне.
Сүзілген күнде үмітсіз көзқарастар,
Тұратын сорағытып көзден жастар,
Бірі жоқ, бүгін қайда қашып кеткен;
Еңсесін көтертпейтін ауыр тастар.
Зықышқа қайдан келді бұл несібе?
Оқушым, түсірейін мен есіңе.
"Зықышты Әжекеңе айтып кешірт" деген,
Күлтайдың Әнуар сөзі бар-ды есінде.
Сондықтан Күлтай алып әке тынышын,
Жадыратқан арадағы құрыс-тырысын.
Әнуардың аманатын орындаған,
Сөксе де өз шешесі бұл жұмысын.
Ашар деп бүркеулі істің жұртқа бетін,
Жаңылдан бұрын Әжібай именетін.
Тамшы боп өз ойына Күлтай сөзі,
Міне, енді бұл жұмыстың тапты ретін.
Әзірше сонда-дағы жүрді жасырып,
Жаңылға білдірмеуге бой қашырып.
Үстінен татулықтың Жаңыл түсіп,
Әжекең абыройы қалды ашылып.
Жаңылдың бүгін сол ед тыртиғаны,
Зықышты ұрсып, аузы бұртиғаны.
Игендей көздің жасын болғаннан соң,
Зықыштың сол - қуанып жымиғаны.
Долданып Жаңыл жұртқа әйгілетті:
"Алды,- деп,- тастап кеткен қара бетті.
Ана жыл Зықыш қылған жамандықты.
Бала тауып, ол пәлен-түген етті".
Жас тоқал "Қор болдым" деп жылап жүрді,
Ой ойлап, шым-шытырық неше түрлі.
Сөйлескен кісілерге мұңын шағып,
Былайша ағытушы еді ішкі сырды:
"Қор болдым, көп күндесті білмей келіп,
Табар ем, егер білсем басыма ерік.
- Олар күң, сенен басқа қатыным жоқ -
Алдандым деген сөзге нанып, еріп.
Қайта алды мен келісімен тастағанын,
Білмеймін құдай неге бастағанын.
Мұндайын үйде мұның білген болсам,
Жақсы еді былай қарай баспағаным".
Ырысты өз ісіне болмай ырза,
Сөйледі келген-кеткен қатын-қызға,
Ол ол ма, сөз жайылды шын ба, өтірік;
"Алмақ,- деп,- тағы қатын Әжібай мырза".
Өйткені жаңада өлген бір ноғайдың,
Қатыны танысы еді Әжібайдың.
Жас қатын, баласы жоқ заты қазақ,
Мүлкіне өзі ие өлген байдың.
Қызығып оған Әжібай дүниесі үшін,
Алуға жұмсап еді айла-күшін.
Екенін дүниесі үшін о да біліп,
Әжібайдың тимей бірақ, құртты мысын.
Бұл хабар естілген соң Ырыстыға,
Неше рет Әжібаймен ұрысты да.
Ырысты иланбады, тыңдамады.
"Олда!" деп Әжібай айтқан дұрысты да.
Жиырма тоғызы, міне, енді апрельдің,
Көк торғын жамылғаны қара жердің.
Әжібайдың қыз ұзатар тойы ертең деп,
Тиген ед құлағына маңдағы елдің.
Қорадан оқшау тіккен оюлы отау,
Салбырап әшекейлі тұр салған бау.
Тігілген оған таяу ақ боз үйлер,
Сыртында нұрға қалқып көгерген тау.
Киініп ағаштар да жасыл тонын,
Жоғалған жер жүзінен қысқы форым.
Жасыл шөп, көз жасындай аққан бұлақ,
Бассаң да қай жерге аяқ, жүрген жолың.
Дүниеге күннің көзі күле қарап,
Майда жел табиғатты сүйіп-жалап.
Жазды мақтап, құттықтап ән салысқан,
Адамдар бұлбұл дауысын тамашалап.
Қысыр алып қымыз ішіп Әжібайлар,
Күмпиген күпі тастап құнан тайлар.
Көркіне табиғаттың көңіл босап,
Көл қылған көз жастарын терең сайлар.
Мынау той, ауыл үсті толған кісі,
Бықырлап оқшау тіккен отау іші;
Шаңқылдап ауыздарын кере сөйлеп,
"Той құтты болсын!" десті әрбір ісі.
Басына бозбалалар үкі таққан,
Мақтанып құрбысына бұлғақтатқан,
Білгендер екеу-екеу ән салысып,
Саусақтар домбыраның шегін қаққан.
Жарысқан, көкпар алған, тарс-тұрс,
Ойнасқан, әзілдескен, алыс-жұлыс.
Топтанған отау жақта қыз-келіншек,
Естілер ду-ду әзіл, сылқ-сылқ күліс.
Шай жасап, табақ-табақ тартылған ет,
Бұл келген қонақтарды қылып құрмет.
"Тиед,- деп,- енді Күлтай біздің қолға
Көңілі құда, күйеу орныққан ед.
Жиылган отау тола жасау-бұйым,
Ілінген көз тартарлық асыл киім.
"Ұзатқан мұндай қылып адам жоқ" деп,
Мақтасты жасауларын көрген жиын.
Той өтті кешке таман тарқап қызық,
Таңғызды отау жығып, жүгін бұзып.
Еліне Коңбай құда ат шапқызды,
Сүйінші сұратуға қаны қызып.
Әжібай құдасымен кешке таман,
Отыр еді көңілдегі бітіп алаң.
"Білмеймін бізден сізді іш тарта ма,
-Деді,- үйге түк қалдырар емес балаң"
Қуаныш кернеген соң бойын буып,
Жымындап, езу жимай мұрттан күліп.
Шаттығын көкірегі сыйғыза алмай,
Көңбайдың көзінен жас кетті шығып.
Ол айтты: "Мен ырзамын, құдай ырза,
Ырза шығар бабамыз, бабаңыз да.
Қылық жоқ жасыратын, мың шүкірлік,
Айтпады жұрт не өсек арамызға.
"Шұлғау күң Шөмтік Әжі,- деді өзіме:
Алданба Әжібайдың сен сөзіне!
Жеп кетеді, қыз бермейді", дегендердің,
Көрсетсем, арманым жоқ, бір көздеріне.
"Біреумен қойыпты-мыс уәде етіп,
Қапты-мыс бала молда сонда кетіп..."
Деп, алыс та, жақын да таба қылып,
Мазамды алып еді дүңк-дүңк етіп.
Солардың шақырып тұрып тойға бәрін,
Көрсетіп келген жасау, үй сайманын...
Құдайым жеткізген соң бұл тілекке,
Өлсем де енді менің не арманым?
Көкірегім, Әжібай мырза, сізге мәлім,
Болмайды менің сірә, қалт қылғаным.
Өзім тірі тұрғанда бұл дүниеде,
Не болсын сенен аяр басым-малым".
Бірталай Әжібайдан да сыр ашылды,
Күлтайдың ырза еместігін ол жасырды.
"Дұшпанның к... от басылды" деп,
Мақтауын жолдастары тағы асырды.
Күйеуін, құдаларын жақсы сыйлап,
Нәрсесін жөнелтетін ыңғай жинап,
Сенбіге бүрсігүні жүк жөнелтіп,
Указной молда ертең кеш неке қимақ.
Күлтайдан көрмеген соң мінезді жат,
Барад деп Әжібайдың көңілі шат.
Жүрегі неге бірақ, күп-күп етіп,
Қорқады еститіндей бір жаманат.
Көңілінде Әжібайдың бар бір түйін,
Ол - Қабыш, қармауы шаруа күйін.
Осындай тым болмаса жабдық барда,
Жүргені үйде көрмей болды қиын.
Қаңғырып қалада жүр көрмей үйін,
Өйткені той болардан көп ілгері,
Кеткен еді атқа мініп Қабыш сері.
Қалада жүрмес енді бұрынғыдай.
Әлміш боп таяқ жегеннен бері.
Анау күн алмақ болып орыс қызын,
Барғанда біліп қойған суық ізін.
Орыстың жігіттері алдап тұрып,
Шиедей аузы-басын қылған қызыл.
Ақшасын ұрып-ұрып тартып алған,
Мастықпен Қабыш бірін білмей қалған.
Әйтеуір, өлмеуіне себепші боп,
Көрші ноғайлар көріп айғай салған.
Алғаннан соң олар өшін қол іспенен,
Соттасып, тонадың деп, орыспенен.
Келуден құдалары он күн бұрын,
Шатасқан Әжібай сондай зор іспенен.
Қабышқа тыюшылық беріп құдай,
Қалаға жуымайтын содан былай.
Үстінен таныс қызы арыз берген,
"Кетті,- деп,- Қабыш алдап", арын сұрай.
Ол жұмыс шым-шытырық дауға кетіп,
Екі жақ арыздасқан дүрілдетіп.
Әжібай төрелерге ақша төгіп,
Іздеткен адвокатты іске жетік.
Бұл қайғы Әжібайды басатұғын,
Сырты бүтін, ішінен сасатұғын.
Қабыштың басы сотқа кете ме деп,
Шығынды ақша төгіп шашатұғын.
Ол ол ма? Анау күні жәрмеңкеде,
Ұтқызған Қабыш қартқа бір мың теңге.
Үйінен Қабыш оны жасырса да,
Сөйленген сол маңдағы мәжілістерде.
Әжібай сол себепті Қабышқа ұрсып,
Өзіне ұрысқаны болып қырсық:
"Сөзіңмен дәл к... сүртейін!- деп,
Жөнелген атқа мініп, Қабыш ыршып.
Келген жоқ қайтып үйге сонан әлі,
Ол жоқта өтіп жатыр той мен жыры.
Сол тағы бірдеңеге шатасар деп,
Жүр еді Әжібайдың қорқып жаны.
Ел-жұрты білгендіктен Қабыш сырын,
Сұрамас, сөз де қылмас оның жырын.
Жолдастары: "Дәулетіңнің арқасында,
Жүре бер" деп, жел берер, қозғап жанын.
Әжібай айтты: отырған құдасына:
-        Қабыш ие болмады өз басына.
Қайда жүр? Жабдықпен де жұмысы жоқ,
Мен соның болыс болдым сол жасында.
Асса да жиырма жастан әлі бала,
Айтқан сөз, ақылға да көнбес және.
Адам болудан кетті шығармасам,
Қолына тиесісін беріп қана.
Содан соң не қылса да ықтияры,
Шоқынып кетсін мейлі одан өрі...
-        Жоқ, мырза! үйдемеңіз жаман сөзді,-
Деп шулап, тоқтау салды құдалары.
Қолында әжесінің ерке өсіп,
Жасынан ен дәулетті жүрді кешіп:
"Малынды балаң таласын" деген бар ғой,
Бағына біткен шығар осы несіп.
Онымен, құдай берсе, ол тауыспас,
Ондайға жас күнінде кім ауыспас?
Еркелік шығар, онысын әлі-ақ қояр,
Бала ғой қанша айтқанмен әлі де жас.
-        Ой тәйірі-ай, бұл күнгеше не балалық?
Тартқаны нағашыға диуаналық,
Айтқанда сондайымда дауға билік,
Қалып ед шөмекеңдер таңырқанып.
Баласы пәленшенің дейді халық,
Боп жүр ем болыс қоймақ шарға салып.
Өзгесі басымыздан өткен іс қой,
Жүрмейді сол арасын есіне алып.
Боламын соған ырза, әсіресе,
Байқаңыз сіздер айтып өзі келсе.
Енді өзі адам болсын, мен ұлғайдым,
Берейін қатын алып "қатын" десе.
Жүргені, құдай өмірі, мұндай жан боп,
Көнбесе кеткені ғой басы даң боп.
Болмай ма шыдай тұрса біраз күнге,
Катыннан менен бейнет көрген жан жоқ...
Деп Әжібай күле сөйлеп, сырын ашып,
Серпіліп қайғысынан жүрген сасып,
Шу етті қатын-қалаш, бала-шаға:
"Кәмиланы Қабыш келді,- деп,- алып қашып".
Қарады отырған жұрт қозғалысып,
Екенін не оқиға көрді барысып.
Үн-түн жоқ, қарауытып Әжібай жүрді,
Бетінен түтін шығып, түгі басып.
Әжібай ренжімес еді бұған,
Өзі де келіншек әпермек болған.
Әкелген жесір, бірақ біреудікі.
Ұзатпақ, мал төленген неше жылдан.

1914-1915.
*Романның соңы жоғалған. - Ред.

Comments