Қамар сұлу

Жіңішке сымға тартқан әні қандай.
Балауыз балбыраған тәні қандай.
Ақыл, ой, мінез, көрік түгел келіп,
Толықсып толып тұрған сәні қандай.
Еріткен іші-бауырыңды көзі қандай,
Бал тамған майда бұлбұл сөзі қандай.
Жұп-жұмсақ, бып-биязы ішке кіріп,
Жайтаңдап жан күйдірген көзі қандай!
Күлгенде көзіңді алып кірсіз тісі,
Қайнамас оны көріп кімнің іші?
Алмас қылыш жүзіндей аударылған,
Сүйгізіп көлеңкесі әрбір ісі.
Нұрлы жүз жан-жағына сәуле шашып,
Бойының мінсіздігі онан асып.
Өзгеден сып-сыпайы һәм сүйкімді,
Ең арты жүрсе-дағы аяқ басып.
Толған ай шілдедегі жалт-жұлт еткен,
Мүбәда көрген кісі қиыр шеттен.
Көлеңкесі күйдіріп күні-түні,
Есінен екі-үш айда әрең кеткен.
Талайы бозбаланың болған ғашық,
Уай шіркін! Болсайшы деп бізге нәсіп.
Егерде Қамарменен тіл қағысса,
Құдай ұрып жым болар қара басып.
Омар да қоя берді бетін қақпай,
Жүрсе де сонысынан жұртқа жақпай.
Әркімдер құдалықты ойланса да,
Қамар қыз қайдан көнсін теңін таппай.
Қамар осындай сәулетпен бұлғақтап болып тұрған кезінде құдай берген дәулеттің арқасында абырой, атақ бірдей келіп толықсып тұрған кезінде:
Сұлу Қамар, ақын Қамар, жаным Қамар,
Қамаржан, сені ойласам, ішім жанар.
Үлбіреген аузыңнан бір сүйгізсең,
Ішкендей кәусар суын мейірім қанар...-
дегендей өлеңдер сол маңайдағы бозбалалардың аузынан екі елі тастамайтын тәсбиғы еді. Және бір нәрсені көңілдері ұнатып, мақтағысы келсе: "Уай, шіркін! Мынау Қамардай екен!" десуші еді. Кей уақыт Қамардың көзіне жазатайым көздері түсіп кеткендері де әлдеқандай көтеріліп, қуанып қалушы еді. Қамар біреуінен әншейін бір істің жөнін сұраса да: "Қамар маған сүйдеді, бүйдеді..." деп, неше күндей әркімге бір әйгілетіп, даурығуға со да жетуші еді.
Қамар осылай әркімнің көзіне күйік болған қалпымен күннен-күнге құлпырып, он бес жасына жетті. Бұл кездері баяғы теңмін деп құмартып, құлқынын құртып жүретін замандастарынан жоғары секілді телміріп жазған өлеңдер, хаттар судай ағылып келсе де, кейбіреулерін жауапсыз жыртып, кейбіреулерін өзінің шешендігімен жебедей жерге енгізіп, енді қайтып бас көтеруге жаратпай тастай беруші еді.
Сол кезде аса жақын болмаса да, Омарларға үш-төрт атадан барып қосылатын Сарбас деген ауылда Жәуке деген кісінің оқу соңында жүрген жиырма бір жаста Ахмет есімді бір жақсы зерек баласы бар еді. Жәуке өзі нашар кісі болса да, бар тапқан-таянғанын жалғыз баласы Ахметтің оқуына салып, жасынан олай сүйреп, былай сүйреп жүріп, әйтеуір молда атына іліктіріп еді. Бертін келген кездерде Жәукенің ол бейнеті босқа кетпей, Ахметтің
арқасында аузы асқа, ауы атқа тиіп, есіктегі басы төрге жетті. Аса байып кете қоймаса да, өзіне-өзі тоқ, жақсы ғана дөңгелек ауқат та бітті.
Бұл Сарбас ауылы осы Омекеңдермен ыңғайлас, жазғы, қысқы қоныстары бір, аралас-құралас еді. Ахметпен Омардың үлкен баласы - Қасен құрдас һәм жасынан бірге өсіп, бірге оқып, біте қайнаған сырлас еді. Бірінсіз бірі тыншып тұрмас еді. Мұсылманша оқуды екеуі сабақтас болып оқып рушді сыныфтарын* бітіріп, онан соң ауылнай школда оқып тәмамдаған соң Қасенді әкесі гимназияға енгізіп, Ахмет қолының қысқалығынан онан артық ұзай алмай қалғандығына бірсыпыра жыл болып еді. Ахмет онан соң да тағы талпынып оқып, иғдади сыныфтарын** бітірді. Бертін уақыттарда үлгілі жерлерді аралап,
тәртіп, дүние танығысы келсе де, қартайған әкесін қимай, өзі жалғыз болған соң қайтерін білмей қарайлап жүрген жайы бар еді.
Және Ахметтің ақыл-ой зеректігінің үстіне сұңқардың баласындай бітімі жақсы, көзге түсерлік көркі бар, сөзге шешен, ойдан шығарғыш - ақын, жарып салма өткір еді. Той секілді жұрт жиналған жерлерде өлең болсын, ойын болсын, газет, журнал, кітап оқып, шариғат-насихат айту болсын, ең арты біреуді сықақтаған қулық болсын, бас бәйге Ахметтікі еді. Тартынбай тамылжытып сөйлегенде де өзінен үлкен-кішілердің аузынан суын ағызып, көңілдеріндегі уын шығара жаздаушы еді. Соның үшін елдің атқамінер, ақсақалдары: "Оқыды деп Жәукенің баласын айт. Әне, сондай болсайшы",- деп біреуге ақыл айтқанда қызға Қамарды үлгі қылатын секілді, бозбалаға Ахметгі үлгі қылып ұрсушы еді. "Қыз қылығынан" деп... не қылса да, Ахмет осындай-осындай... қылықты
мінездермен құрбы-замандастары арасында айтулы һәм ағайын, халқына сүйкімді болып, жас та болса біраз жұртқа атағы да шығып кетті... Міне, Ахмет бас болған жерде бас болып, жас болған жерде жас болып, тіпті мас болған жерде мас болып, тоғыз қырлы, тоқсан сырлы жігіт ағасы деуге лайық болып жүрді.
Бірақ аулының малға мастанған мұрындықсыз желбастары ғана Ахметтің зеректігін көре алмай күндеп, іштері жарылып кете жаздаушы еді. "Сонша көтеріп неме керек: кешегі мұрнынан боғы аққан Жәукенің жаман баласы емес пе еді?" деп, жарбаңдап алдына шыға берушілер де аз емес еді.
"Жақсыдан жаман туса - емі болмас, жаманнан жақсы туса - теңі болмас" деген бабаларымыздың жарқыраған жолын надандығы көргізбеуші еді.
* Рушді сыныф (арабша) - 5-7 кластар көлеміндегі оқу.
** Иғдади сыныф (арабша)- 10 класс көлеміндегі оқу.
Көбінесе себеп: олар жүрген бұзық жолда Ахметтің жүрмеуі, оларга жолдас болмауы, жақсылыққа бастауы, жамандыққа баспауы еді. Бозбалалардың сыртқы жәй әңгімелерінде: бұл маңайда Қамармен әзілге, сөзге, өлеңге һәм ақыл, ой білімге де жалғыз-ақ пар келетін Ахмет екендігі айтылып отырушы еді, һәм бұл екеуінің сын-сым-
баты сырттан бір-біріне ұнасқандығына қарағанда, тап шыны да сол болуға лайық еді.
Қамар, Ахмет іштерінен бірін-бірі жанындай көріп жарылып кете жаздаса да, ағасы Қасеннің жаны бірге досты һәм құрдасы болып, бірге жүріп, бірге тұрған соң, бірі аға, бірі қарындас секілді болып бір-біріне ойнап болсын, шындап болсын сыр ашып, сыбырласа қойған жерлері жоқ еді және біраз күнгі ойын-күлкі ғана болмаса, Қамар, Ахмет түпкілікті болып қосыларлық ешбір реті жоқ еді. Себебі: Ахметтің құр жігіттігі болмаса, құда болып аларлық малы жоқ, алып қашар еді, ат салысарлық аудыны жоқ, қолына қарап тұрған әке-шешесі тағы бар: оларды тастау оңай болып па? "Теңі келсе тегін бер" дегенге көне қоятын қазақ па? Өйтпек тұрсын, "Қамар" деп аузынан шығарса-ақ айып салып, бірдеңесін өлтіргеннен жаман тергеуге алатын жайы бар. Міне, бұған Қамардың көзі жеткені секілді, Ахметтің де көзі жетіп, "әйтеуір түпкілікті бола алмайтынымыз ақ,
олай болғанда нақақ біреуді қаралауда қанша пайда деп, олай-былай құмартып құрыстап келгенмен, ақылға жеңдіріп тоқтала беруші еді. Алайда, шын сүйіп күюшілік- бір дерт шыдата ма? "Таң атпайын десе де, күн қоймайды" деген секілді осынша тырмысып, шыдайын-ақ десе де жүрек қоймай барады. Күннен-күнге сабыры қалмай, жатса-тұрса көз алдына Қамардың суреті елестеп жанын қоярға жер таптырмай барады. Ақыр іштегі дертіне шыдай алмады: біраз күн болса да, ептеп мауқын баса тұру қиялына түсті. Ал енді Қамардың оңаша уақытын тауып, жүректегісін ашып салайын деп-ақ батырланып келеді. Не хикмет? Қамармен тап бетпе-бет келген уақытта, беті күйгендей ұялып қызара бастаушы еді. Бойына әлденемене бір қорқу пайда болған секілді, тұла бойы тітіренгенсымақ қызуланып, қызынып, қуанышты-қорқынышты, аттай тулап, аузына қарай тығылыңқыраған жүрегі сөйлесе дірілдеп кетейін деп суынып-ісініп қымтырылып қымсынып, бір жоғары, бір төмен қарап қайта-қайта ұмсынып, ешбір нәрсе айта алмай шыға беруші еді. Сүйтіп іштерінен сүйісіп күйгендігін көлеңкелеген болып отырысса да: "Жаным жарылайын деп-ақ іші-бауырым елжіреп бара жатқандықтан, есалаңданып отырмын, қайтейін?".. дегендей қылып, ақырын баяу ғана аударысқан көздері бір-біріне түсіп кете қалса өздерінің ықтиярсыз барып шап етіп қосылған көлеңкелерін (сурет) көрген секілді беттерінен отары шығып, бір нәрсені шұқылаған болып, күбіжіктеп кетуші
еді. Солай Ахмет әлденеше рет "Әй, енді ме..." деп көңілін бекітіп қатайып келсе де, әлгідей халге ұшырай берді. Таудан, тастан қайтпаған жүрегі Қамарға бір ауыз сөз айтуға бата алмады. Ол Ахметтің қорқақтығынан, я ынжық, жамандығынан емес, ғашық оты күйдірсе де, ақты қаралауға ішкі батылымның бармағандығынан, жүрегінің тазалығынан еді... Жасынан қиянат-бұзықтыққа қарайып үйренбеген таза көңіл жеме-жемге келгенде жиренбей қайтуші еді?..
"Көп жүрдім шыдайын деп іштен жанып,
Кейде олай, кейде бұлай ойға қалып.
Амалсыз арды түйіп қалам алдым:
Кеткен соң ғашық оты бойымды алып.
Ойнайық азғана күн дәурен өтпей,
Тұрғанда басыңыздан билік кетпей.
Шығаршы жүректегі шын сырыңды,
Жаутаңдап екі көзді мөлдіретпей.
Талпынып қол сермедім ұшқан құсқа,
Болса да жетер ме деп қолым қысқа.
Көзге күйік көріндің, іш күйдірдің,
Мейірімсіз отқа салдың, бұл дұрыс па?
Бір өзіңнен басқаны қойдым жауып,
Ұят па, ойнап күлу теңін тауып?
Көрген соң жалғыз ғана ішің білер,
Жау мұндалап жүрмессіз елге шауып.
Ақ тұйғын талпынбай ма теңге қарай,
Басын кессе, бара алмас кемге қарай.
Дауасы сырқатымның жалғыз сенсің:
Талпындым жаным үшін емге қарай.
Қарайсың мөлдіретіп жәудір көзің,
Шын айтсам, шыбын жаным сенің өзің.
Елжіреп іші-бауырым ынтығып тұр,
Тез естір мейірбанды жылы сөзің".
Қамар хатты оқып болған соң бір қызарып, бір сұрланып, жүрегі кеудесіне сыймай, не ашу емес, не қуану емес, белгісіз қысыльш, қарап тұрып бір тынышсыздыққа қалды.
Мұнан соң қайғы басқан кісі секілді әрдайым мұңайып, ойланып жүретін болды. Бұрын таңның атқанын, күннің батқанын білмейтін Қамар бір о жағына, бір бұ жағына аунақшып, көрер таңды көзімен атқызатын уақыттары да болып жүрді. Себебі: бір жағынан Ахметтей ақыл-ой, парасатты, тең жігіт табылмайтындығын ойлап, бір жағынан әке, ағаларының Ахметті кедейсініп бермейтіндігін ойлап, түпкілікті болмаған соң, құр біраз күнге әуреленіп қалудың ретін тағы таба алмай, жатып-тұрып сандала беруші еді.
...Бір күні қағаз алып, әлдене жазуға ойланса да: не хикмәт, қолы жүрмей жіпсіз байланған секілді бір түрлі мұңайған түспен қаламды бір сияға батырып, бір қағаз үстіне жорғалатып, бір ұшы-қиыры жоқ ұзын ойға батты да отырды. Бір жазып өшірді. Бір жазып жыртты. Қаламды қайтадан сия ішіне қойып, бір жақ қолымен жағын таянып, көзін сүзіп тұнжырады да қалды. Әрі ойлады, бері ойлады, уысына еш нәрсе түсіре алмады. Біраздан соң ауыр күрсінді де, қайтадан қаламын алып:
"А, құдай, жасты жасқа пар қылғаның,
Біреуді жоқ, біреуді бар қылғаның.
Біреуге алтын, гауһар тахыт беріп,
Астана жұрт билеген хан қылғаның;
Біреуге мал мен бақты үйіп беріп,
Ақылсыз екі аяқгы мал қылғаның;
Біреуге Аплатондай білім беріп,
Мінер ат, ішер асқа зар қылғаның;
Қыздарын теңге бермей, малға беріп,
Қазақты қара көңіл аң қылғаның;
Мейлі доңыз болсын, қоңыз болсын,
Малдыны кісімсітіп паң қылғаның.
Көрсетіп құдіретіңнің шеберлігін,
Пендеңнің миы жетпес таң қылғаның"
...деп жазды да, қағазын жиып, жанындағы домбырасын алып далаға шықты. Әлгі жазған өлеңін жұрт түсінерлік қылмаса да, бір түрлі зарыққан, зарлы жіңішке әуезбен көмейге салып баяулатып, жаяулатып домбыраға қосты да отырды. Басқалар мұның не екенін қайдан білсін, Қамар тағы бір жақсы ән шығарыпты, ал үйренейік десіп, жүгірісуде еді.
Сөйтіп ойы онға, ақылы алтыға бөлініп әуреленіп жүрген кезінде Ахметтен тағы мынадай хат алды:
"Қалқам-ай, қапа қылдың жауап бермей,
Жүр ме екен қолың тиіп, реті келмей?
Дәрменсіз, дертім қалың, жүрек толқып,
Мен жүрмін сол қападан әзер өлмей.
Қалам қас, мамық тамақ, уыз қойы,
Мөлдір көз, тілің бұлбұл, алма мойын.
Көңілімді көкке ұшырмай дауалатшы:
Алып-ұшып барады тұла бойым.
Апырым-ай, көз қарасың тәуір еді,
Мінезің салмақтылау, ауыр еді;
Жауабың кеше-бүгін болмаған соң,
Көз жасым көктен құйған жауын еді.
Білемін ішкі жағың мені сүйер,
Теңдесін теңдес сүймей, нені сүйер?
Дәл ойың жалғыз қылдың үстінде тұр,
Ауа алмай бір жағына ішің күйер..."
деген жерге келген кезде, Қамардың хатты ақырына дейін оқып шығуға шамасы келе алмады. Сол жерде не болғанын да білмей, тамағында булығып тұрған ызалы жастары көзінен ытып-ытып кетіп, оқымастан алып қойды...
Ал енді Қамардың толған жүрегі, толғанған көңілі олай да, бұлай да толқып келіп, тоқталған уақытта, өзіне-өзі сөйлескен кісідей мынаны айтушы еді: "Ахметті сүйемін-
ақ, сүйгенім үшін осынша күйемін-ақ, ал енді шыдамадым... қараландым. Күні ертең ел-жұртым екеумізді екі айырып жібереді... Онда не болдым? Қосылуға қарар таппаған көңіліміз айырылысуға неғып шыдатады?.. Әке, ағаларым болса, мені оған бермек тұрсын, бұл жазғанын сезсе де, бұ күнімізді өзімізге көп қылады ғой..." деп, оңашада әлі келетіні баяғы аяусыз көздің жасы еді.
Бір күні өзіне-озі қайрат беріп: "Қой, бүйтіп күйік үстіне жалқын салмайын, өзімдікі қабырға бірге түсетін күйік қой, енді тағы Ахметті күйдіріп, кәрі әке-шешесінің обалына қалмайын; бірдеңеміз елге сезіліп қалса, Ахмет байғұстың талқанын шығарады ғой; сонда олардың көз жасы, қарғысы менің мойныма болмағанда, кімге?.. Бес-он күндік ойын үшін, әрі өзімді, әрі оны қараландырып, жұртыма да, құдайға да ұятты болмайын; жанған жаным жана берсін: обалымыз қиюы жоқ, қисыны қашқан дүниеге, оңға баспай, солға басқан қазақтың қара ғүрпына болсын. Бейшараның жанына батыра жазып, көңілін суытайын. Маған әуреленіп Ахмет деген абыройлы атынан айырылып қалмасын. Өмір бойы өзім түскен азапқа ол түспесін..." деп, әр жағын салыстырып шарқ ұрып келіп,
көзінің жасын төге-төге мынау бір хатты Ахметке жазып, беріп жіберді.
"Құп алдым ықыласыңды замандасым,
Белгілі сенен жақсы таба алмасым.
Сонда да үмітіңді үз, менен түңіл,
Доп емес әркім қағар менің басым.
Көз тігіп қарадың деп күйе жақпа,
Жақсаң жақ, жөні келер жерін тап та.
Ақылмен алды-артыңды шолып алмай,
Қарны ашқан қасқырға ұқсап қойға шаппа!
Қарасам, сүйгендіктен қарамаймын,
Сүйсем де, сол сөзіңе жарамаймын.
Арыстан айға шауып мертігіпті,
Секірме, қолың жетпес көктегі аймын.
Сілтей бер маған жетер қолын болса,
Даңы жоқ, даңғыл жатқан жолың болса.
Ашық жол, асулы қол болар еді-ау,
Бірақ жоқ, әттең дүние, соның болса...
Сен шыда, күйіп тұрсың, бір-ақ отқа,
Болсаң да қандай қызу жалын шоқта.
Аузың айтып, ар жағың біліп тұр ғой,
Екі оттың арасында тұрғам жоқ па?!"
...деп, өзінің сырын Ахметке дүмбілдеу аңғарсын дегендей қылып қойып еді.
Неше күндей тыншымай, жатып тұрып ойланып, жанып-күйіп сандалып, ой түбіне жете алмай, дертке дәрмен ете алмай, жаны-жүрегі, көңіл-тілегі Қамардың жылы жауабын күтіп жүрген Ахмет сорлының жүзі хаттың басқа жолын көрген шағында қараңғы бұлт астынан күліп шыққан күн сықылды жарқырап кетті. "Ойдағым келді ме, жылы жауап берді ме, Қамар мені сүйді ме, сүйгендіктен күйді ме?"- дегендей қылып көзі жасаурап, жүрегі лүпілдеп, өне бойы қалтырап кетті. Аһ, не шара... Талайсыз сорлы! Өлеңнің соңғы жолына аяқ басқан соң-ақ, баяғы қалтыраған жүз, жаудыраған көз күннің бұлт астына қайыра кіргені секілді түнеріп салып жүре берді. Сонда жападан-жалғыз өзі ауылдан жарты шақырым бір төбе басына шығып, қоғамның азғандығына назаланып, бір түрлі тарығып-зарыққан, мұңды лебізбен бір олай, бір бұлай жүріп, қайта-қайта айта бергені мынау екен:
Малдылық, маскүнемдік, қарны тоқтық,
Деуші едім неге керек сыпыра боқтық.
Қазақтың қаны-жаны сонда екен ғой;
Діңкемді құрттың, міне, әттең жоқтық.
Ахмет Қамардың әлгі сөзінің тұқымына ар жағынан қопарып түсініп тұрса да, қозғалып алынған көңілі, құмартып алған жүрегі тағы бір хат жазбайынша тыныш таптырмады.
Бұл жолғы хатын еш нәрсеге түсінбеген құлақсыз саңырау, тілсіз мылқау кісі сияқтанып жанына тидіре, жаралы көңілін күйдіре жазды:
"Әрине, қолым жетпес көктегі айсың,
Қағу көрмей, қарсы өскен қалқатайсың.
Жетпесе де сермедім, ал қолымнан,
Ақыл-ой, зеректікке сайма-сайсың.
Ол рас менен гөрі малын тәуір,
Малы тәуір кісінің сөзі де ауыр.
Теңіне теңелем деп жүргендердің
Талайын қара қарға қылған жауыр.
Не шара, айтқан сөзім ем болмаса,
Сұңқар мен сұқсыр үйрек тең болмаса.
Сен үшін мұнша қапа болмас та едім,
Алды-артым бәрі қысқа, кем болмаса.
Қылмаса құдай нәсіп амал бар ма,
Біраз күн ойнайықшы ең болмаса".
Қамар тағы көрген соң баяғыдай бір жанды, бір күйді, қайтсін, амал бар ма?.. "Қарға" деген сөзіне қарсы тез мынаны жазып жеткіздірді. "Суға кеткен тал қармайды" деген ғой сыныққа сылтау іздемей амал бар ма?..
Апырым-ай, ашық еді сенің көзің,
У жеген қасқырдай ғой кейбір сөзің.
Жайды білмей жарбаңдап жамандарша,
Қарғаң не, қайта ойланып байқашы өзің?
Қамардың ендігі ойы: Ахметтің өзіне бір жолығып, мұңын, сырын ауызба-ауыз айтысып, көңілдерін жадыратып: "Ретім болмады, айыпқа бұйырмаңыз" деп, не де болса өзінен Ахметті түңілдіру еді. Оның ретін тағы келтіре алмады. Себебі: соның өзінде-ақ қатын-қалаш, малшы-құлшы дегендейлер ауылға Ахмет келгенде, Қамармен көз қарастары бір-біріне елжіреп, еріп, елпілдеп тұруларынан сектеніп қалып еді. Қалай ауылға Ахмет келді, солай жиналысып ортаға алып, ешбір оңашалық бермеуші еді.
Ақыр Қамар тағы баяғы хатқа жабысты.
"Жан құрбым, сабыр етші, жанымды алмай,
Күйіп тұрған жаныма жалқын салмай,
Не сенен, не өзімнен жол табылса,
Қалатұғын ойым жоқ саған бармай.
Тіпті жоқ сенен өзге сүйген кісім,
Мағлұм бір Аллаға ұшпу ісім.
Хатыңды көрген сайын қайран болып,
Жол таппай құр қайнайды іші-тысым.
Әрине, өзің теңсің, малың нашар,
Халың жоқ және-дағы алып қашар.
Болса да басың бұлбұл, аяқ дүлдүл.
Беруге кісі тапшы аяқ басар.
Ақыл-ой, сын-сымбатта маған теңсің
Шыбыным, шын сүйгенім - жалғыз сенсің.
Ту бие, қара саба болмаған соң,
Икемге менің елім қайдан көнсін.
Қалса да егер бірі мұны сезіп,
Кетуі-ақ қолын қойып менен безіп.
"Тентекті айып салып айдап жібер",
Деп шулап көк малтасын тұрмай ма езіп?
Бейшара-ау, шырт түкірініп жатпас па едің,
Қымызды ішіп, насыбайды атпас па едің.
Шіреніп маңғазсынып, маңызданып,
Лепіріп ақыра сөйлеп, шатпас па едің?"
Ағайын айдыныңа ермес пе еді,
Жиылып, жылпылдақтар келмес пе еді.
Аузыңнан шықса, "құдай берді ғой" деп,
Өзі іздеп мені саған бермес пе еді?
Дап-дайын көңілімде тұр ақылдары,
Еш шек жоқ сонда бізді мақұлдары.
"Баланың бақыты ашылды, жайлы орын" деп,
Шалдардың таптың қағып, тақылдары.
Түсінсең де түсінбей көп жазасың,
Дертіме дәрменімсің деп жазасың.
Тым болмаса біраз күн ойнайық деп,
Өткелсіз орайы жоқ кеп жазасың.
Шыдайық тілімді алсаң қараланбай,
Досқа күлкі, дұшпанға табаланбай,
Өтейік бір күйікпен арманда боп,
Тағы да жара үстіне жараланбай.
Көрініп көзге түссе осы хатым,
"Оқыды" деген бар ед менің атым.
"Қызды оқытпа, оқытсаң мынау ғой",-
деп,
Кейінгіге тимей ме кесапатым?
Қалдырмай бір жағыңнан мұны да ойла,
Тамағыңнан басқаны жауып қойма.
Не пайда, сен де оқыдың, мен де оқыдым,
Қалмаса арттағыға үлгі бойда?
Қайтейін, мен де амалсыз, арманым көп,
Арманды арылтатьін дәрменім жоқ.
Бүгін саған барамын, ертең оған,
Онан да жақсы емес пе атылған оқ...
Қарағым, қаралама, ая мені...
Аяғаннан айтамын мен де сені.
Күйдіріп бір сен үшін ата-анамды,
Елге бүлік салудың келмес жөні.
Жауапты үзіл-кесіл беріп тұрмын,
Берсем де бетім күйіп өліп тұрмын.
Қайтесің, амал бар ма, қазақ надан,
Сен де көн, мен-дағы һәм көніп тұрмын.
Разы, сүйген жарым, қош-есен бол
Құдайым аша берсін алдыңа жол.
Мен үшін бұдан былай әуре болма,
Біржола үзіл-кесіл айтқаным сол.
Шын сөзге тоқтайсың ғой амалсыздан,
Қарағым-м-м-м... разы бол, қасіретім мол".
Бұл хат кешікпей-ақ Ахметке тапсырылды. Қамардың бұл секілді данышпандығына Ахметтің есі шығып кеткендігі сонша, өзінің тіпті ғашықтығын ұмытты. Таң-тамаша: қазақта "қызды оқытса бұзылуға себеп" деп, қара көңілден шыққан сөзді ойына алып, сол арада жан жеріне тигендей құшырланып-құшырланып айтып жібергені мынау екен:
Қайтейін, қара қазақ шабандығың,
Ойлашы, қай жеріңде адамдығың?
Қыз оқыса, "бұзылды, ал, кетті",- деп,
Мінеки, айтқызатын надандығың.
Кетпейді неге Қамар маған еріп.
Аһ ұрып, зар қылады, көңіл беріп.
Оқумен ойы жеткен шаһыбаздары*
Тұрады-ау атқан оққа көкірек керіп.
Қамар қыз оқымаса нетер еді,
Әуелі бұлтаң-сылтаң етер еді.
Шаһыбаз (парсы сөзі)- сабаз, жоғары санақтағы кісі.
Көзсіз болса, алды-артын болжау кайда,
Әркімнің жетегінде кетер еді".
Енді Ахмет өз ісінің қателігіне Қамардан кешу сұрап, атқан оқ секілді қиындыққа артқы ар-ұятты болжап, қарсы тұрғандығына разы болғандығын білдіріп һәм ақыл айтып, ең соңғы қоштасу хатын жазды:
"Қамаржан, мен күйемін сенің үшін,
Әрине, сен күйесің менің үшін.
Ғапу қыл, байқатпайды ғашық оты:
Азғана күн әурелен деген ісім.
Ғашықтық алды-артымды бірдей жаулап,
Іс түбін ойламаппын ақыл тауып.
Мен үшін өмір бойы қаралан деп,
Тұрған соң айта саппын көңілім ауып.
Ұялмай-ақ ағашқа күйе жағып,
Батылым барды соған әлде нағып?
Ұялам өз-өзімнен жерге кіріп,
Саған жазған сөздерді есіме алып.
Ғапу қыл, данышпаным, айып етпе,
Баспаңыз көрінгенде біздің бетке.
Ал, енді бір азырақ ақыл айтам,
Есіңнен елеусіз ғып тастап кетпе.
Елуге жасы жеткен шалға барма,
Малды деп, маңызданған далға барма!
Ел-жұртым обалыма қарайды деп,
Түбінде соған сеніп қапы қалма!
Шыдадым күймек тұрсын өлсем-дағы,
Жанымды қырық буынға бөлсем-дағы.
Аһ дүние, іш жанды ғой, іш жанды ғой, ...
Амалсыз айтқаныңа көнсем-дағы.
Қош енді, жанған жаным жана берсін.
Басыма кетпес қайғы сала берсін.
Құдая, сол Қамарды бақытты қыл деп,
Ғашығың қолын жайып қала берсін".
Ақырына: "Қош, қарағым, данышпаным, қош... ризамын" деп қол қойды. Сөйтіп, кешке таман араларына хат тасушы баланы шақырып алды да: "Ешкімге жымыңды білдірместен осы хатты Қамарға тапсыр",- деді. Сонан соң өзі үйге барып ас ішуге де шамасы келмей жатып қалды (белгілі қайғы...).
Біз жоғарыда сөз басында: Ахметті күндеп, қолынан келсе аянбайын деп жүрген замандастары бар деген едік. Олар да қанша үзіліп-сүзілгенімен Қамарға сөздерін тыңдата алмай, ақ болған қойдай түңіліп, ендігі бар мақсаттары: Қамарды қаралау үшін, сыныққа сылтау табу еді. Әсіресе, оларға Қамардың Ахметке іш тартып сөйлесіп, басқасьш кісі құрлы көрмегендігі-ақ батушы еді. Нақ осы уақытта Қамарды Ахметке таңған өсек дүрілдеп те тұрған кезі еді. Не қылса да әлгілер онан-мұнан тіміскелеп жүріп, бір нәрсе сезді ме, сезіктенді ме, өздерінен өздері елегізіп, түн бойы ұйықтамастан, итше шұбырып жүру жұмысына мықтап тұрып кірісіп алған еді. Міне, бүгін олардың көктен тілегені жерден табылып, Ахметтің әлгі жазған соңғы хатын қолдарына түсірді. (Сырттан біреу бағып тұрып, бала байғұстың жүйкесін құртып қойған екен). Өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуанып шуылдасты да қалды. "Соқыр тауыққа бәрі бидай", тек хат ішінде "Қамар - Ахмет" деген сөз болған соң-ақ, құдай берді, ақты-қарасын ақтару қайда... Шыдасын ба? Біреу айтты:
-        Қарашы, асын ішіп, текеметін тіліп жүргенін, жүріңдер бәлемді үйінен суырып алып тепкілейік,- деп.
Біреуі:
-        Қой, онда нең бар? Омарға берейік...
-        Ойбай, ол үлкен кісі, баласының жамандығын бетіне апарып басқандай боламыз ғой,- деп біреуі айтты.
-        Өзгеден бұрын Қамардың өзіне көрсетіп, өз қылығын алдына келтірер едік, бірақ ол дүзқара біздің қасымызға маңайласпайды ғой,- деп, оны он түрлі күрілдесіп; келіп-келіп Қасенге білдіруге байласты. Тұрсын ба, тез асығыс-үсігіс Қасенді оңашалап: "Досыңның ісі мынау" деп, хатты бере сала қамалады.
-        "Кім дос, кім қас, байқамайсыңдар: күле кіріп, күңірене шығатындарды білмейсіңдер, аңқаусыңдар, жалқаусыңдар: оның тұқымының ежелден достығы бар ма
еді?",_ деп үсті-үстіне баспалатып, хатты оқып шыққанша Қасеннің жанын қоярға жер таптырмады. Қасен хаты оқып, істің не екеніне түсінген соң:
- "Жігіттер, бұл хатта біздің жүрегімізді мұздататындай еш нәрсе көрінбейді. Қамар болса маған да, сіздерге де бірдей қарындас. Күнәсі болсын, болмасын, жабулы қазан жабуымен қоя қояйық. Ахмет болса жұртқа айтпай-ақ қолымыздан келетін нәрсе ғой. Қане, мұнда не бар?" деп, хатты оқып, осынша түсіндірмейін-ақ десе де, манағы манағы ма, аспанға шалқыды. Қасен тағы бірнеше қайтара: "Мен сіздерден замандастық ақым үшін сұраймын, даурықпай тараңыздар, үлкендердің құлағына тисе ұят болар" деп, өлгенше жалынып-жалпайса да: "Ойбай, сүйексіз шіркін-ау, бәрі өзіңнен екен ғой. Қара
жүрек, шоқынды болмасаң, осыған жаны бар кісі шыдарлық па?.." деп бәрі жан-жағынан итше шулап төнісіп, Қасенді ашуланбаған ерікке қоймады. Қасен жігіттердің көлденең килігіп, сөзге түсінбей, осынша бүлініп, бүлік іздеп тұрғандықтарына күйіп кетіп: "Кет деген соң кетіңдер! Ахметтің сендер садағасына да жарамайсыңдар", "Теңіне тегін бер" деген, Қамар - Ахметке лайық, жұмыстарың болмасын..." деп, ұрсып-ұрсып әлгі мұрындықсыз өгіздерді де, у-шуға жиналған бала-шағаны да ыдыратып жіберді. Ұрынуға қара таба алмай, ермек қылуға жара таба алмай жүрген өңкей есектер солай екен деп қоя қою қайда? Қазір үйден-үйге қыдырып жүріп, әйгілетпесі бар ма: жай жатқызбады... сол түннің өзінде-ақ әр жерден у-шу, гүріл шыға бастады. Бұл әңгіме Омардың туған ағасы Қалтан қажы, Оспан бидің құлақтарына түсіп, Ахметтің түгін қоймай қопарып: "Қап бәлем, саған қылмасам, өлген әкемнің көріне кірейін" деп тістене-тістене үйіне сыймай көпірісіп жатып еді. Ахмет секілді қортықтау атаның баласы шынжыр балақ, шұбар төс Омарларға қол созды деген хабар қазақ ішінде таңырқанбайтын әңгіме емес. "Көтерген сайын көкке шығып, тым дәндейіп кетіп еді. Шоқ! Бола түссін, құдай тобасын есіне түсірсін бір бәлемнің!" деп табалаушылар да болды. "Жәукені құдай жеткізді. Баласының арқасында пәлен етіп, түген етіп кетті деп ауызға тым ілігіп еді. Міне, ондай нәрсенің түбінде апаты болады ғой. Тіл, сұқ шыдата ма? Менің жылында тіл кестіріп қояйық дей
беретінім не дейсің?.." деп, үлгі көрсеткендері де болды. Қысқасы, азуы алты қарыс Оспан бидің тізесі өтіп қалған момындар болсын, жай сыртқы теңбе-тең ағайындары болсын, енді Ахметке таң атырады деп ойлаған жоқ. Ертең ел-жұртты жинап алып, Жәукенің малын талатып, Ахметті абақтыға берер деп ойласты. Бірақ мал иесі Омар болмағанда, бұл ойларының тезден-ақ қате кетпеулері анық еді. Омар турашыл, сәулелі кісі болғандықтан, бірінші: Қамар сияқты баласының абыройын сақтап, екінші, жазықсыз, нақақ біреуді бас салып талата қою оңай ма? Және жалғыз баласы Қасеннің бұрмалауымен түзушілікке шапты. Түнімен жан терге түсіп, ағаларымен талай қызыл
кеңірдектесіп, әзер-мәзер, әйтеуір, ертеңінде еш нәрсе жоқ, тым-тырыс қылды да қойды.
Ал енді, жылпылдақтардың індеріне су құйылды. Дос сүйінді, дұшпан күйінді. "Түрт, шайтан, түрт!" деп, түнімен аунақшып ұйықтамаған жауыздардың діңкесі құрыды. Тағы ушықтырмай қоя қоятын біздің қазақ па?.. "Қай жерден құдай ермек береді" деп, ұрынуға қара таба алмай, жұлынып бара жатқан сыпыра желбуаздар көрінген елге, басқан жерге әйгілеп қана қоймады: түрткілей-түрткілей Омар мен Оспанның арасына от тұтатты. "Бәрі таздың салдары" деп, Ахметке еркін коя бергендіктің ушыққан ушығы еді. Сөйтіп, біраз уақыт өтіп дүрдараз болысып жүрген кезінде, Оспан Қасеннің Ахметпен тағы бірге жүргендігін көрді. Көзі шатынап кетіп сілейтейін-ақ деп ұмтылса да, Ахмет қолына түспеді. Арасына түсіп, арашашы болған Қасеннің өзін көк ала қойдай қылып басын жарды. Тұтанып өршуге бет алып тұрған араздық ал енді дауламасы бар ма? Дүрілдеген өсектер, гүрілдеген өсектер судай ағылды. Әй, не сұрайсың?.. Жылпылдақтардың күні туды, пышағын жалақтатып, көздерін алақтатып, иіс, қоңыс аңдып қанша қысып астын үстіне айналдырса да, Омардың бит шаққандай хабарына бармады. Шашылмады. Жыпылдақ-тықылдақ өсек-мөсек тасушы сұмдарды есігінен де қаратпады. Діңкесін құртты. Міне, сол жазаынан ағайындарының бірін де ұстай алмай жалғыз үй шошайып қалды. Қарап тұрсын ба? Омардың намыскер ағалары ел қолына еркін тиген соң, топ жиып барып Жәукенің үйіне түсіп, ойындағысын орнына келтіреді. Ахметтің айыбына екі жүз теңге, он сегіз ай абақты бұйырып, Оспан бидің кенегесіне тіркесті. "Қанды ат" деп, Жәукенің атын аудартып, болысқа берді.. Ахметтің көз көрген ескі достары абақтысын
сұраған болып өшіртті де, "Екі жүз теңгені осы боқырауда тауып бере алмаса, айтқаныңыз болсын" деп басын ұстасты.
Елдің осынша Жәукені жұлмалаудағы мақсаты: Омарды айтаққа еліртіп алып, Оспанға салу еді, өзді-өзі шабысса, жемсаулары тоятыны белгілі жөне бұл Омарлар ежелден қанды ауыз атанып, арасына жік түспегендіктен маңдайына дақ тимей, қағусыз кеткен: әркімнің мұнда ескі кектері бар. Әсіресе солар осындай реті келіп тұрғанда атыстырып-атыстырып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузына тоздырып, өш алып қалғысы келіп еді. Бірақ қан-
ша айтқанымен оқыған ғой, олардың бұл тұзағына Омар түспеді. Ол ешкімді керек қылмаған соң, құр қайта-қайта Оспанға ұйлығып бара берумен жалықпасы бар ма? Қызы-
ғы-ақ: Омар араз болса ғой. Омардың қақпан баспайтын ыңғайын көрген соң, енді отағасылар жақсы атпен татуластыра қою қамына кірісті. Елінің ықыласына көзі жетіп, "А, құдай, сақтай көр, әркімнің аузында кетпегей едік" деп, Оспанның кісіге сойған бір-екі тоқтысына жаны шығып, тыпырлап жүрген Омар сорлы татулықтың дыбысы шыққан соң-ақ, ағаларымен баяғыдай бал жаласып кетті. Ахметті ат-шапанымен аяғына жығып, енді ондай мінез шығармасқа құран ұстатып, нан жегізіп, баяғы екі жүз теңгені кешкізіп, ат-
шапанға разы қылды. Сөйтіп, біраз күн ішінде гүріл де басылды, дүріл де басылды. Ал енді Қамардың жайына келейік.
Даңқы жер жарған, шешендігі ел жарған, күліп кісі бетіне қарап көрмеген, атақты, ибалы, асыл Қамарымыз жоқ жерден мұндай жалаға ұшырап, бүлік шығып кеткендігіне қайғыра-қайғыра сүзектен тұрған кісідей, құр шыбыны ғана бар еді. Нақақ болса да, жақсыға жала оңай ма? деп кісі көргенде аяғынан жерге кіріп кете жаздаушы еді. Бұрынғы жайраңдап жүретін қалып қайда? Еңсесін көтермей, қабағын түйіп, аһлап-уһлеп, мүсәпірсіп мұңай-
ып төмен қараумен күн өткізе бастады. Барлық жұмысы ертеден кешке дейін кітаптан көз айырмау еді. Қатындардың пыш-пышы қала ма? Қамардың көрінбеуінде бір құбыжық бар ғой деген өсекті қардай боратушы еді. "Нақақ мені қаралап, Ахметті анадай қылуға ұялмаған ел жұртым түбінде не оңдырар дейсің?.." деп, Қамардың көбінесе ойлап-уайымдайтыны сол еді. Қасен оңашада: "Қарағым, сонша жүдеп немене?", "Ит үрді, керуен көшті", мен тірі тұрғанда сені жылатып қор қылар дейсің бе? дегенде: "Қайдан білейін-ау!" деп жапақтаған көзінің жасы моншақ-моншақ келіп қалушы еді. Алайда соңғы күндерінде Қасеннің сол сөзін демеу көріп, бұрынғысынан көрі көтеріліңкіреп жүретін болды. Бұлар осындай дуылмен жазды алды. Күз жетіп август жұлдызының басында Омар Қасенді оқуға алып кетті. Оқитын Омскі шаһары екі жүз шақырым шамасында бұларға алыс еді. Олар жүрердің алдында он күн бұрын Қамардың ашыл-
маған сорына, оңалмаған жолына қарсы Жорға Нұрым деген өз болысының (правитель) бұрынғы хан тұқымынан алған қатыны өлді. Жасында аттан жығылып, бір жақ аяғының ақауы болғанға құрдастары "Жорға Нұрым" деп, сонан елге де "Жорға Нұрым" атанып кетіп еді. Бұл өзі жеті атасынан бері уызы арылмаған, бағы таймаған, қолынан ұры кетпеген, бір жақсылық етпеген, басы сәждеге тимеген, жамандықтан басқаны сүймеген, бірді-бірге атыстырып, елін қан жылатумен шынжыр балақ, шұбар төс, қанды ауыз атанған бір жауыз еді. Белгілі: қазақта ондай залым адамдардың өзіне қауіптілеу орынды
күзеттіріп, сорпа-сумен алдап қоятын иттері болатын. Сол арсылдатып қойған иттерінің ең басты төбеті - біздің Оспан би еді. Сол кезде бұл екеуінің залымдығына бір өлеңшінің айтқаны есімде қалыпты:
Халқыңды қан жылаттың Жорға Нұрым.
Болдың ғой заманымда сорға Нұрым!
Оспан деген жұтқышы тағы шықты,
Бара-бара қайтерсің, қайран күнім!..
деп, құр Нұрымның зұлымдығы мен атағы болмаса, әліпті таяқ деп білмейтін надан, пішіні де жаман, аузы толған боғауыз бен былш-былш насыбай, ішпей мас, әрі нас елу шамасында жасы бар, қой сақтардың басындай басы бар, жай формының өзі сұп-суық бүйі секілді түксиген, бұқа мойын, өгіз құрсақ, алақан көз, жайын ауыз, добыра сақал, тоқпақ мұрын, бір түрлі нысаналы жануар еді. Бұрын қатыны тірісінің өзінде-ақ Қамарды тоқалдыққа сұрауға балаларынан именіп, амалсыз жер тепкілеп өліп жүрген Нұрым, енді не жорық. Күні-түні Оспан досынікіне ат үздірмей, Қамарды сұратты. Оспанға, өзінше Жорға Нұрым секілді дәрежелі кісінің күйеу боламын дегені құдайдың көктен айдап түсірген жақсылығы еді. Шылқымайға кірдім ғой деп мұртынан күліп, тіпті бұрынғы бұрынғы ма, төбесі жайлау, төсі қыстау болып, есі шығып еліріп кетті. Бірақ ізденіп келген "қыдырдың" бетін қайтармай, уәде беріп жіберейін десе де, Омардың мінезі өзіне белгілі ғой: "Құдай жазса, сізден артық кімге береміз. Шыдай тұрыңыз" деп, Омар келуге созбалады.
Нұрым оған да тоқтамай қасына ақсақал, билерін ертіп, "баяғыдан бергі достығымыздың айырылысқан жері осы" деп болыс басымен әдейі өзі келіп салмақты салған соң оны көтеретін лажы қайсы? Қан-жыны араласып қалған неме ғой, қия алмады. Қырық жылқы, он түйе, бес жүз сом ақшаға Қамардың сорын қайнатып, саудасын пісіріп қойды. Ауыл отағасылары да: "Жөні осы. Бәрекелді, қайырлы болсын. Бір-біріңнің ықылыстарыңа қарай міне, жарасты ғой",- деп, өліп-өшіп жарамсақтанып-ақ жатыр. Омар келісімен тез құда түсу хабарын бермекші болып, қонақтарын аттандырды. Артынан көп кешікпей Қасенді оқуына апарып тастап, Омар да келді. "А, құдай, той тезінен болса екен, битімді салар едім" деп, пышақтарын жалақтатып, тыпыршып жүрген ақсақалдар шыдасын ба? Бастығы өзінің екі ағасы: Қалтан, Оспан болып жиылысып барып, іс-міс жоқ Омарға қайырлы болсын айта бастады: "Қамаржан бала сияқты бала еді, бақытына қарай жайлы орын кез келді, тек құдай ұзағынан сүйіндірсін! Жылы суға қолын малып, ақ бөкендей ордаға кіре түседі. Жасау... пәлен-түген дейтін емес, тек кешіктірмей берсек разы болатын көрінеді. "Теңі келсе, тегін бер" деп, нашайына келіп тұрған соң, саған да қаратпастан уәде қылдық. О да келетін кісісіне келеді ғой, болыс басымен әдейі өзі келіп қалған соң, ықыласын қайыра алмадық. Ал енді қайырлы болсын, жабдығыңа даярлан!"- десті. Мынау сөз Омардың маңдайына тоқпақпен ұрғандай жайсыз тиді. Қайтерін білмей, түсі бұзылып кетіп, бір жеріне біз тығып алғандай ыршып-ыршып түсті. Шын күйіп кеткендігі емес пе, аузына не кіріп, не шыққанын да білмеді:
-        Сыпыра бұзылған иттер, дендерің сау ма? Мәжнүн болмасаңдар, қара жүрек болмасаңдар... Апырым-ай, апырым-ай, ұялмай, қызармай періштедей қарашығымды
аяқты малдан жаман дөңкиген жауызға ұйғардық деп, не беттеріңмен айтып отырсыңдар! Неден қысылдыңдар? Неден жүректерің үзілді? Түсіне кірсе қорқатын ноянға Қамарды барады, мені береді деп ойладыңдар ма? Құдай, көз жас, обал деген нәрсе естеріңде бар ма? Жоқ, малмысыңдар? Сендер бір аяқ ас берген кісіге имандарыңды да сатасыңдар! Қысқасы мойныма қапшық салып, қайыр тілеп күн көрсем де, Қамарымды оған беріп жылата алмаймын. Байлығы, болыстығы өзіне. Өзім де аштан өлейін деп отырғаным жоқ. Ет жегілерің келсе, өзім-ақ сойып берейін. Болмаса Қамардан басқа ермек жетпеді ме? Қамар тұрсын, Қамардың тырнағын да бермеймін. Добыра сақал Нұрымың басқан ізінен садаға! Аулақ жүріңдер, аулақ!",- деп ұшып көкке, ұшып жерге түсті.
Сол арада отырған отағасылар:
-        Омар, сен сол томырық мінезіңді қоя тұрып, сөз тыңдашы, ақыр ұнамаса, біреуді-біреу зорлай алмайды ғой,- деп ортаға алып шуласып, ал кеп төністі.
-        Кәне, сен бермегенде Нұрымның қай жерінен мін тауып бермеймін дейсің? Малды десең малды: әлді десең әлді, ата-тегі анау: жеті атадан бері үзілмей келе жатқан бақ-дәулеті мынау. Тегін кісіге бақ қона ма? Сол арасын қарасайшы. Кәрі дейсің, жасынан мыңның ішінен бұлғақтап, мәпеленіп өскен, әлі бейнет көріп беті қайтқан кісі емес; әзер болса қырықтың ішінде шығар, сол кәрілік қылушы ма еді? Ол түгіл алпыстағы мен де бір қызды кәртайтатын жайым бар... Әрқайда Омекең білсін деп, үлкен басын кішірейтіп, алдыңа түсіп жалпылдап жүреді. Сөзіңді қайтарып, көңілің қалып көрген кісі емес, қайта
кекті жерден кегіңді, текті жерден тегіңді әпергеннен басқа, сонша сөгетін Нұрымның не жазасы бар еді? Біз айтсақ, өз пайдаңды айтамыз. Нұрымның малын біз алғалы отыр дейсің бе? Қамар бір сен емес, бәрімізге бірдей, ортақ бала, қастық айтамыз ба? Заман әлдінікі болып барады. Дүниенің не халі жоқ, қанша айтқанмен сондай қолында ісі бар, күші бар кісіге иек сүйеу керек. Ал енді оны қояйық. Мынау сақал-шашы ағарған екі ағаңды осы жасқа келгенде өтірікші қыламысың. Егер алдадың деп өштесіп кетсе, кім біледі, іс басында тұрған кісі ғой, не қылса да Қамарға сол орынды лайық көреміз. Барады,
жылы суға қолын малады! Өзі би, өзі төре, өзі патша болады да отырады. Кеше хан тұқымынан да қыз алған Нұрым емес пе еді? Сен ханнан ақылды емес шығарсың. Қолындағы екі-үш өгей баласы дейтін шығарсың. Оларды күні ертең еншісін беріп... теппекші болды. Жұрт іздеп те таба алмайды. Әйтеуір атаның әруағымен алдыңа келіп
тұрған "қыдырдың" қадірін білу керек қой...- деп бірі қалмай данышпансып, үсті-үстіне баспалатып барып қойысты. Әншейінде тасбиғын тартып, оны-мұныға кіріспей отыратын Қалтан қажы да бұрқырап:
-        Бұларға өзі секілді қара жүрек орыс болмаса, не Ахмет секілді сыпборбай, шала қазақ болмаса, басқа мұсылман кісі жаға ма? Сен шоқынды, былшылдады екен деп, мен пайғамбар жасынан асқанда, қажы басыммен өтірік айта алмаймын. О баланың билігі өзімде. Шоқындырған Қасенді қайда шоқындырсаң, онда шоқындыр! Қамарды тағы орысша оқыған біреуге беріп, сүйегімізге таңба қыла алмаспыз. Қазаққа берсек, қазақта мұнан артық кім бар? Соған барып та обал болатын болса, қияметте мен арқалайын, куә болыңдар! Нұрымнан артық пайғамбарға береміз бе? Басқа былшыл сөзді қой! Келер сәтке құда түсір! Ендігі сұм заманның адамы да бір түрлі: бала бармайды дегенді тауып алыпты. Әке берсе, қыз қайда бармаушы еді? Сені көріп отырып бала қалай оңсын? Қақ
бастан салып жіберейін бе? Әлде, жас деп отырсың ба? Молдалар балығыға батқан әйел баланы күйеуге бермеген қатты обал, дейді. Былтыр Қарбай ишан да айтты... деп, шатып-пұтып бір жағынан ол ақырды. Оспан қанша айтқанмен би кісі ғой, ол жайлап сездірді:
-        Мені өтірікші қылып, өлтіретін жерің де, көметін жерің де осы. Қияметке дейін кқріспей, азып-тозып әркімнің аузында кететін жеріміз де осы. Бар, қай таңдағаның ал. Қабырғаңа да, қатыныңа да кеңес!- деп тұрып кетті. Ол кеткен соң жұрт тарады. Омар енді көптің талқысын көрген соң, қайтерін білмей, от алып ораққа түспесі бар ма? Бір жанды, бір күйді; кісі өлтірген кісіден жаман түсі де өзгеріп кетті. Әлгі ағаларынан безейін десе, азып-тозып әркімнің аузында кетсек, тұқымымыз оңбай кетеді ғой деп, елден қорқып барады (алдында жүрегі шайлығып қалғаны бар ғой). Безбейін десе, Қамар секілді қарашығының әйтеуір суреті адам мақұлыққа қосақталып, өмір бойы іріп-шіріп, жылаумен күні өтуіне көзі жетіп, ойлағанда іші-бауыры елжіреп, күйіп кете жаздаушы еді. "Суға кетіп бара жатқан тал қармайды" деген ғой, қатынына ақылдасқан болып еді: "Өзің
білесің де. Үйінде жасау көп дейді. Не қылсын. Орынды жер ғой. Бұл кімнің құдағиы дегенде де..." деп... отырған сұңқарының дәмді сөзін естіп, саған ақылдасқан мен де
ақымақ деп, онан жаман сақалын жұлды. Ал енді мұнан соң да Жорға Нұрымның түрткісімен "ақылды" ағалары кезекпе-кезек келіп тыныш таптырмады. Омар ең қысылып, кесер кеңірдекке келген уақытта:
-        Қамар көнбейді. Анау күні Қасен де қайта-қайта тапсырып еді: "Айтаққа еріп, Қамарды шатастырып алушы болма" деп. Омардың айтысы сол-ақ екен, жан-жағынан дүрсе қоя берді.
-        Әне, сөйтіп баланы жаман үйрететін өзің. Бетімен жібергеннің жазасын анау күні татсаң да, саппайсың,- деп бір жағынан оны қатыны құрғыры қостап шаужайлады. Омар:
"Осы қатын неге бер дей береді? Әлде, Қамардан бірдеңе сезді ме екен?" деп ойлап:
-        Қамардан сұратыңдар, ол еш нәрсе демесе, мен не қылайын,- деді!
Қатыны ашуланып:
-        Иә, Қамар саған жөнін айтқалы тұр, оның ықтиярына жіберсек, Ахметтің қасында патшаны да керек қылмайды,- деп ол баяғы таусылмас түказзибанға* кетті.
"Шығасыға иесі басшы" деп бұл жолы Қамарды да қара басты. Істің бәрін біліп жатса да, алдыңғы ұятынан жасқанып, дүкенді қызу үстінде соға алмай қалды. "Мен үшін әуреленбе!" деп, көріне батыршылық қылып зарлап тұрса, Омар көнбес пе қайтер еді?..
Омар үндемей төмен қарап отырып-отырып жыламсырап:
-        Қамар секілді асыл туған қарашығым, сендердің надандықтарыңа шынымен-ақ қара тоқты болғаны-ау! Көз жасы, обалы мойындарыңа! Лайым көздерің ашылмасын!
Мейлің итке, мейлің құсқа бер... Ай, бағы ашылмаған, қарағым-ай!.. Надандық-ай-й!..- деп еніреп барып, бүк түсіп жатып алды.
Отырған кісілердің бірсыпырасы:
Түказзибан (арабша)- түпсіз өтірік деген сөз, бірақ бұл жерде шексіз әңгіме деген ұғымда қолданылған.
-        Қайтсін байғұс! Екі қарашығының бірі болған соң қимай жылайтын шығар. Әйел- бала қанша басы алтын болса да жат жұрттық екені есінде бар деймісің? Бұрын бала ұзатып көрмеген кісі сүйтеді ғой...- десті.
Оспан:
-        Жынды неме! Жыны ұстап отыр да. Әйтпесе одан басқа кісі бала өсірмеп пе еді? Бар! Мәймөңкелейтін дәнеңесі жоқ, жұмыс бітті. Келер сенбі - бабаларымыздың сәті, келіп құда түссін,- деп, өзінің суылдақтарының бірін жіберді. Тап жүрерде құлағына сыбырлап:
-        Ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен икемге келтіргенімді Нұрекеңе сездірерсің, жарай ма?- деп қойды.
Неге тұрсың, құлағын тігіп ентелеп тұрған құдалар айтылмыш күнде сап ете түсті.
Омар қайтсін, амалы бар ма? Іші түтін, сырты бүтін, өлмегенге қара жер, құр сүлдері ғана өрт сөндірген кісідей болып жүріп, тойын қылып, құдасын түсіріп жөнелтті. Келер сәтке, онда мал алуға барады. Жанын салып, сый-сыяпатқа ауыздарының суы құрып: "Айттым ба, бір Қамар тұрсын, жүз Қамарлық орын" деп гуілдесіп қайтысты. Жорға Нұрым беретін қалыңмалынан бір тиын да қалдырмастан құтылып, осы боқырау артынан Қамардың соқа
басына разы болатындығын білдірді. Омар "ендігі жолы, пәлен-түген" деп тайғақтаса да, жұрт тағы көндірді. Ал енді Қамардың басына түскен заманақыр былай тұрсын, Қамардың қатар өскен замандас, тұстастары: "Шіркін, Қамар-ай, шынымен сол дөңкиген өгіз секілді
немеге кетеді-ау!.. Қыздың байы мал екен-ау!.."- деп аяп, қабырғалары қайысып, көздеріне жас алды. Тіпті сонына түсіп бүлік шығарған елірме замандастары да Нұрым мен Оспанның дымын қалдырмай, сақал-мұрттарына дейін әдемілеуші еді..
Оны айтасың, Ахметтің шықпаған не жаны, не сәні жүр дейсің. Мынау зұлымдықты көргенше, қаңғып өлейін деп, оқуды сылтау қылып, екі жүз шақырым жердегі ша-
һарға кетті. Кетерінде Қасен досына жазған хаты мынау екен:
"Жан достым, хат жазамын сізге таман,
Құр сүлдер жаным шықпай, жүрмін аман.
Жазбауға шыдатпады сорлы көңілім,
Болған соң Қамаржанның халі жаман.
Құдайым келтірген соң істі қырын,
Кез келді сор маңдайға ақсақ Нұрым.
Ашылмас тұман, айнымас бұлт жапты,
Ал енді, кімге ұрынсаң, соған ұрын.
Толып тұр кеуделері от пен жалын
Есітіп тұра алмастай айтқан зарын.
Көндірді ағанды да өңкей жұртқыш,
Аянбай бұлқынса да қолда барын.
Кәрі ағаң - Оспан, Қалтан құдай атқан!
Қамарды зар жылатып ұстап сатқан.
Болмасқа кетті Қамар ғазиз бауырың,
Үміт жоқ қайта шығар күні батқан.
Бұл күнде осы жайда қарашығың,
Ауыл толған у да шу қара шыбын.
Даярлап, даурығысып, қамданып тұр,
Қамардың батыруға қарашығын...
Шыдай алмай күйіп-жанып кеттім қашып,
Қылмауға көзге күйік жан таласып.
Бұл күнде өлетінім сол қайғыдан,
Қамардың халін ойлап жаным ашып.
Қош енді, бірге жүрген, құрдасым-ай!
Тар жерде талай жолдас, сырласым-ай!
Енді мені көрмессің, разы бол,
Ғарасат майданының күні ашылмай".
Тағы Қамар достының Жорға Нұрым секілді "сүйкімді жануарға" кез келіп зорлауына қарсы, бұрынғы қазақ қалпынша "жар-жар" орнына "зар-зар" айтып қалдырған хаты мынау еді: (Бұрын да сол елде күйеу мен қалыңдығының қалпына қарап "жар-жарды" Ахметке шығартып алып айтушы еді).
"Жар-жар" орнына "зар-зар".
Кетпес қына таулардың тасында дүр зар-зар,
Кетпес қайғы Қамардың басында дүр зар-зар.
Нұрым ақсақ жорғалап қасында дүр зар-зар,
Алжымаса, кәрі емес, дәл елу-ақ жасында дүр зар-зар.
Қошемет, мақтау Нұрымның сөзінде дүр зар-зар!
Қарт бураның форымы өзінде дүр зар-зар!
Ащы қайғы, қанды жас, тыңдаса оны жібір тас,
Сорлы болған Қамардың көзінде дүр зар-зар.
Күйек сақал Нұрымның иегінде зар-зар,
Ит мұрындай тікендер жиегінде зар-зар.
Түсі суық қоңыздай, жеп семірген доңыздай,
Кеспеге қара жоқ шығар сүйегінде зар-зар.
Аузы толған боғауыз, насыбаға тоқ ауыз,
Бір жақсылық жоқ ауыз, Қамарға соны теңгерген,
Көзіңді ашпа, ел жауыз! Зары-зары, зар-зар!
Қарт қарақұс сұқсырға қалайша тең зар-зар!
Мал мен бағы болған соң, көпіріп шалқып толған соң,
Қарға қарға болса да барқылы "ем" зар-зар!
Бірің - күн де, бірің - түн, бір кемеге салса да,
Сыйысу жоқ, зар-зар!
Сүйіп болған ғашықтар қылдай жерде қалса да,
Қиысу жоқ зар-зар!
Әуреленбе, қу ақсақ, төбеден алтын құйсаң да,
Сүйісу жоқ зар-зар.
Аққу құсты жапалақ қалай алар зар-зар!
Ойлап па едің ақтұйғын, текке қалар зар-зар!
Қорлығыңа шыдамас, дүние салар зар-зар!
Мал мен басың таланып, басың отқа қаланып,
Сұлу алғыш ақсағым; сонда болар зар-зар!"
Уәделі күнінде басшы, қосшы, сауықшысымен сәулеттеніп, ілу-жыртыс, кәдені адам айтар емес мол қылып, көшкен елдей пай шіркін! Біздің ынтығып тұрған болыс күйеуіміз де келіп қалды-ау. Не тұрыс бар? Абыр-жұбыр той болып қалмасын ба?
... Келмей жатып қатындардың:
- Бай деп, кісі деп Нұрымды айт. "Кәріліктің алды, жігітгіктің соңы" деп, шіркін ерледі ғой. Қамар секілді қосағының түс келуі сонысына қарай ғой. Ой, өркенің өссін! Алға-
ныңмен қоса ағар!",- деп ауыздарын кере-кере алғыс айтып, мүлгісіп қалғандары Нұрымның шынымен-ақ дүние аямағандығының белгісі еді. Бұл тойдың қалпы мынадай болды:
Жамбас ұстап, жал шайнап, мынау жақта.
Дүрілдескен ақсақалдар.
Сойған малдың қан-жынына тойып ана жақта;
Күрілдескен төбеттер.
Төр алдында қарындарын сипай-сипай,
Қалжыңдасып.
(Бұл арада үш бет жоғалған)
Айран сұрап шелекті жасырмайын.
Ежелден дегдарлымсың тұқымы оңған,
Малыңа, басыңа да қыдыр қонған.
Ағаңа ат мінгізер жөнің келді,
Айырылсаң тағы өзі біл даңғыл жолдан.
Ат берсең алты алашқа мақтар едім,
Аузымда өле-өлгенше сақтар едім.
Басқан жер, барған елге жайып салып,
Ат берген қызметіңді ақтар едім.
Құдайым сүйіндірсін ұзағынан,
Сақтасын дұшпандардың тұзағынан!
Тіл-сұқтан, қауіп-қатер қағас қыл деп,
Қол жайып мен тұрайын бұл жағынан, -
деген кезде Жорға Нұрымның көзі қызарып, екіленіп кетіпті. "Е, еһ..." деп, жан-жағына қарап кеудесімен көтеріліңкіреп жөтеліп қойып, әбден есі шыққандығы сол емес пе, қасындағы атқосшысын көрмей:
-        Жұмабайшы, Жұмабай!- деп айғай салған. Қасындағы Жұмабай:
-        Не айтасыз?- деген соң:
-        Баршы, астымдағы жүз теңгелік сұр жорғамды, елу теңгелік ер-тоқымымен мынаған әкеп мінгізші!- тағы шапаның деп үстіндегі шапанын шешіп тастап, отағасы-
ларға қарап: Ал мынаған салыңдар!- деген.
Отағасылар:
-        Бәрекелді, бәрекелді, мәрттігіңе болайын!- деп шу ете түсіп, ақшасы жоғы жанындағы бәкі, орамалына дейін берген (ақыр "өлімнен ұят күшті ғой").
Жалғыз-ақ өлейін деп өле алмай, өз жанын қия алмай, қайғылы қапада, күндіз-түні жапада, жылау да еңіреу, бәрінен де көңілі қалып, жүрегі от боп жанып, жылаудан
басқа шама жоқ, құдайдан басқа пана жоқ, жылағанмен өнері жоқ, қолынан келері жоқ болып жүрген сорлы Қамар мен халін көріп жаны ашитын Омар болмаса:
Бір күн тойса есектер,
Ми жоқ алдын есептер,-
деп, тойған тоққа, жиылған топқа буланысып, лепіріспеген жан жоқ еді. Қайсыбірін тауысайын; ішті, жеді, қайырлы болсын,- деді. "Қамар"- деп ауызға алған жан жоқ, гуілдесті, көпірісті, кетті, барды,- "той" тарқады. Келгеннен бері Жорға Нұрымның жүздестір деп түрткілеуімен сыпылдақ қатындар Қамардың мазасын алса да, қайда маңайына дарыту, ыршып-ыршып түсуші еді. Міне, бүгінгі кеш қол ұстатпақшы болып, Оспандікі "қыз ұялтар" кәдесін алған, жабағы сойып, әйдік тамаша ойын қылмақшы болды.
Қамар бұл ойынға бармай пәле қылады ғой деп қорықса да, не ойлағанын кім білсін, шақырысымен Қамар өзі бастап оңай-ақ барып қалды. Оған Оспанның да, естіген Нұрым-күйеудің де төбесі көкке жеткендей болды. Жалғыз ол екеуі емес, әркім-ақ: "Ой, тілеуің берсін! Есті тентек қой қанша айтқанмен..." десті. Бірақ Қамар баруы барса да, ойнап-күлумен жұмысы болмады; ас-су іше алмады, көрсең жарылып кетер ме екен дерсің. Қысылғанда тамағына тығылған көзінің жасы моншақтай түсіп, булықты да отырды. Оның үстіне былтыр құда болмастан бұрын тағы Нұрым көңіл қосайық деп, сөз айтқызғанда:
"Ататай, болдым ғашық мұрыныңа,
Көк бурыл иектегі құрымыңа.
Кірпідей аяқ-қолы жиырылған,
Қосылар күн бола ма тұлыбыма?",-
деп әжуалап сыбағасын бергендігі есіне түсіп, "Сүйткен басым!.. Енді шынымен-ақ сол өгіздің арқасын сыйпауға барғаным ба-ау?" дегендей қылып, бір қыздың тізесіне сүйеген маңдайын көтеріп ала алмады. Есі бүтін замандастары мұны көріп, ойнау қайда, бәрі
Қамарға қарап мұңайысып: "Уай, дүние, жалған-ай!" дей түсіп отырып алды. "Арсызға алты күн мейрам" деп, арсыздардың онда не ісі бар, сартта-сұрт мейрамдары қызысып, қызыл кеңірдек болысып-ақ жатыр, бірақ "алдыңғы арба қайдан жүрсе, соңғы арба содан жүреді ғой", татымдылары анадай болып отырған соң, бұлардың мейрамдары да көпке бармады. Бір заманда үйдің іші тым-тырыс, әркімді қапалы мұнар шұлғағандай бір түрлі белгісіз уайым-қайғы да қаптап алған, қара күңгірт, кәрлі тұман ішінде түнерісіп, томса-
рысқан бір түрлі аянышты көріністе еді. Міне, бұл көрініс екі сағатқа созылып, тамашаға батамыз деп жиылған желбуаздар кірерге есік, шығарға тесік таппағандай болды. Әкесін екі аршын шүберек кәде өлтірген қатындар да даладан күзгі ақша қардың аязы қысып, үйден Қамардың жылағаны қысып, не қыларын білмей, құр шыжбалаңдап, жүгірісіп кіріп шыға берді. Тап сол кезде Қамар ұйқыдан шошып оянғандай ұшып тұра келе сала, көзінің жасын төгіп-төгіп жіберіп, жұртқа қарап қамығып мынаны айтты:
Көр, міне, Қамар қандай, аға-бауыр?
Келе ме қайта айналып өткен дәуір?
Еріксіз бір есекке қостың елім,
Дүниеде не қорлық бар онан ауыр?
Бәріңнің аузыңдағы Қамарыңмын,
Ортаңды жарық қылған панарыңмын.
Іш пысса, қайғы қысса, әдейі іздеп,
Бұлбұлдай сайратуға табарыңмын.
Ал, енді көріп тұрсың халім мынау.
Халімді қаріп қылған залым мынау.
Тым болмаса он бестен аспай жатып,
Қорлықпен өткенің бе, қайран күн-ау!
Шынымен сол Нұрымға кеткенім бе,
Бәлеге құтылмастай жеткенім бе?
Малы көп мал сияқты пасық қақпас
Жанымды соған құрбан еткенім бе?
Еткенім бе? Еткенім бе?!- деп тұрып, талықсып жығылып кетті...
Су бүрікті, үйтті-бүйтті, біраздан соң, Қамар уһлеп есін де жиды. Міне, Қамардың мұнысына көз жастары бетін жуып, жанынан жан бөліп бергендей болып аяғандар да болды.
-        Ойбай! Өтірік, жаны шықсын! Сондағысы Ахмет пе?- дегендер де болды.
"Байтал тұрсын бас қайғы", ойнау тұрсын, уайым арқалап бірсыпыра жұрт тарасып та бітті. Таң атып барады. Күзгі ақша қар мен түйдектелген ұшпаның ызғары еркіне қоймай, "қол ұстатарды" тосқан кәдешіл қатындардың аяқтары тоңып қатып барады. Бір жағынан шымылдықтың ішіне сыймай тықыршып, онан бір, бұнан бір өңмендеп қарап: "А, құдай, Қамар! А, құдай, Қамар!" дей түсіп, жалған дүниенің жартысындай дөңкиіп Нұрым отыр, анда-санда көрініп кеткен қатындарға:
-        Бұл немене? Болсаңдаршы!- деп қояды.
Қамар қатындардың қанша жалынған сөздерін керек қылмай маңайына барған кісілерді жұлып-жұлып тастап, әлде қашан жатып алған. Бір бұрышқа бүркеніп, қырғи қуып түсірген торғайдай бір уыс қана доп-домалақ болып тығыла тықсырылып, қайтсем, жан қалады дегендей мүсәпірсіп жатқан формы мұсылман адамның сай-сүйегі сырқырайтын көріністе еді. Бір мезгілде жан күйер жеңгесі - Оспанның қатыны бұрқырап келіп:
-        Қашанғы бұған әке-шүке деп жалынамыз? Міне, таң атты, жүріңдер! Не заман?.. Ұят-ай! Сақалды басы... Ойбай-ай!.. Болыс басымен әлі тосып отыр, әлі тосып отыр. Мұның ықтиярына көне берсең... Ойбай-ау! Дуаға айналған бас емес пе еді? Кешегі жыпсыр Ахметті білемісің?- деп, тұр-тұрдың астына алды. Ал деп он шақты қатын сүйреп, жұлмалай бастап құдайыға соятын асау құлындай бірі басы, бірі қолы, бірі аяғы-
нан алып, алысып-жұлысып, қаумаласып, шырылдатып, қақсатып, әйтеуір, мың пәле, жүз машақатпен Нұрымның қасына жеткізді-ау... О қылды, бұ қылды, "құйрықтан алды, құлақтан басты" деген секілді қолын ұстатты, шашын сипатты, тиісті кәделерін алды. "Міне, жаным, әйтеуір сіз үшін көрмегенді көріп, қолыңа әкеп бір тапсырдық... Обалың өзіңе..." деп, қатындар шықты кетті...
Не тұрыс бар, Нұрым қатындар шығар-шықпастан-ақ, Қамарға жармасып, мамықтай үлбіреген мойнына кеспелтектей қолын жіберіп, күйектей бір қап сақалы мен сасық аузын таяп аймалай бастады. Апырым-ай! Қамарға әзірейіл шеңгелі тигендей, тер онан да, мұнан да кетіп қалшылдап, қысылып ыршып түсіп шалқалаймын деп, басын бөренеге соқты. Қызылшеке төбелесіп жатқан кісі секілді дүңгір-дүңгір етеді. Нұрымның "Маһ! Моһ! Неге... неге?!." деп жұлмалап тартқан дыбысы естіледі. Ақыр Қамар:
-        Не болды, жарықтық, тоқтай тұршы! Сөйлесейік,- деп алдап тоқтатты да, мынаны айтып, көлеңкесін бір-ақ көрсетті де үйден шықты:
Айтайын шын сырымды ауызба-ауыз,
Дөңкиген күйек сақал, сасық ауыз!
Ақ жүзді, ақыл-ойлы ақ сұқсырға
Дәрі емес мал секілді малды жауыз.
Уай, шіркін, өмір сүрмек меніменен,
Мал шашып, маңызданған ебіңменен;
Өлсем де отқа күйіп, суға түсіп,
Бір минут тұра алмаспын сеніменен,- деп...
-        Қап, бәлем!- деп ("өлмегенге қара жер") Нұрым қалды; ызаланды, қорланды, оттай жанды. Ақыр ызасына шыдай алмай, әлгі ат берген өлеңшісіне мынаны шығар-
тып, Қамарға бергізді:
Әй, Қамар, бұлқынсаң да түстің торға,
Абайлап қарасайшы оң мен солға.
Бекерге тәтті аузыңның дәмі кетер,
Тілімді ал, осы күннен әуре болма.
Қалатұғын орның жоқ, менен қашып,
Айтамын жақсы көріп жаным ашып.
Бүгін солай жүрсең де ертеңгі күн,
Отырарсың мойныма қолыңды асып.
Енді біл, жатар орның жайлап қойғам.
Басыңды қу қазыққа байлап қойғам.
Өл десем өлетін ғып сайлап қойғам.
Әрине, сөз сенікі келмей кетсең,
Келер болсаң, иттей қып басқа тепсем,
Ішкізіп итаяқтан сары суды
Дүниеде арманым жоқ соған жетсем.
Қамардың хатты көріп қайтарған жауабы мынау еді:
Ол рас, менің жоқ қой басар тауым,
Нәрсенің көз алдымда бәрі жауым.
Жалғыз-ақ тиыш жерім - қараңғы көр,
Сонда барып жатамын, бар ма дауың?
Етімді сен сипаған құрттар жесін,
Қабырдағы хашарат* жұрттар жесін!
"Ауызға сөз, маңдайға көз боп жүріп,
Қор болған міне, осылай Қамар",- десін.
Бір өлсем күнде өлгенше саған тиіп,
Кетемін келмес жерге қаным қиып.
Ол жерден ала алмассың, бара алмассың,
Болыспын деп айқайлап, кісің жиып.
Майысып солқ-солқ еткен өрім талмын,
Жас алма пісіп тұрған шекер балмын.
Елуде сенің жасың, мен - он бесте,
Ойлашы, мен қалайша саған дәлмін?
Сүю сүю бола ма зорлауменен,
Көңілді ұстап түру жоқ торлауменен.
Көңіл болса, қосылмай тоқтала ма,
Оқ атып, қылыш шауып, қорғауменен.
Оңа ма қылған кісі малды жолдас,
Әйтеуір, суреті адам, жанды жолдас.
Мен емес сүйетұғын сені көңілім,
Буланба, бұрқылыңның ақыры оңбас.
Осыны көргізбейтін надандығың,
Надан болсаң, болмайды адамдығың.
Мен адам, сен жануар, ал қалайша?
Қайтейін, түсінбесең жамандығың!
Әрине, сен қу қазық, сен қу қазық,
Қалмапсың ол жеріңде жолдан жазып.
*Хашарат (арабша)- құрт, құмырсқа мағынасында.
Балауыз, балбыраған бала бұлбұл
Қалайша жапалаққа болады азық?!
Мына сөздер де Нұрымға жығылған үстіне жұдырық болып, одан жаман салын суға кетіре берді... Және ішіп кетер, жеп кетер суылдақтар мен жаман-жұман қатындар болмаса, жас атаулы қыздардан жалғызы Нұрымның қасына жолаған жоқ. Бөрінің көңіл-көзі: Қамарды аяуда, жыласа жылап дегендейін қолдарынан келерлері болмаса да қасында еді...
Міне, бүгін кеш Қамардың некесін қиып ертең дүйсенбіге жөнелтпекші күні. Уау, дүние! Мұны естіген Қамар не халде, Омар не халде?.. Біраздан соң Қамардың басына түскен қайғы секілді түйдектелғен ызғарлы ұшпаның бұлтымен аралас мейірімсіз кеш қараңғысы келіп жайлады. Үйлерге шам жағылып, жұрт іңір шайларын ішіп болған мезгіл еді. Сол елде указной молда Бәйтек деген мұндай иіс-қоңыстың дыбысы сезілісімен-ақ Құласатіл масаилін* арқалай келіп Нұрым мен Оспанның арасында өтірік-шынды сабап, қыбын тауып неке қиярға пышағын жанып, талай бас, жамбастардың түбіне жетіп жатқан еді. Бүгін оның да көңілі көтеріңкі, әншейін-ақ саңқ-саңқ етеді. Апырым-ай! Қайдан толып кеткенін білмеймін, күйеу отырған үйде аяқ басарға орын жоқ. Бірін-бірі кимелеп, тікесінен тік, қылқиысқан бозбаласымақ жастар да тіпті иін тіресіп есікті сындырып барады. Бұ бишаралардың әттең Қамарды аяп, іштерінен Нұрымның етін жегендей болып тұрса да, "Сендерге не бар? Шық!" - деп, біреуі көзін алартпаса жарар еді деп, бәйек болып тұрудан басқа амалы жоқ еді. Бір бұрышта әкесі бүгін өлгендей түнеріп, жауап та жоқ, сөз де жоқ, жермен жер Омар отыр. Жоғарғы Қамар отырған бөлмеде сар масадай дуылдаған қыз, қатын, бала-шағаның көптігі сонша, тіпті аяқ алып жүргісіз, ине шаншар орын қалмаған... Бір қыздың қолтығына тығыла қарлыққан дауыспен өлеусірей булыға зарланып бүк түсіп жатқан - Қамар. Оның жан-жағы толған замандастары: "Есіл, Қамар-ай! Шыныңменен сол жауызға кетесің-ау?.." дегендей қылып, "жан тәсілімде" қоштасқан секілді ығы-жығы, бірі басында, бірі аяғында мұңайысып отырып алған. Көргенде көңілінде жарты мысқал мейірім-шапағаты бар адамның жүрегі жарылып кете жаздайтындай бір аяушылық көріністе еді.
Не ғажап?! Оны-мұнысына жүріп тұрған кісілер де көңілсіз, біреу зорлағандай ғана амалсыз, ілгері басқан аяғы кейін кетіп жүр еді... Міне, екі күннен бері Нұрымның да жүні жатыңқы, иығы салбырайып, тәңір алғырды қара басып кеткен. Әне! Бір мезгілде Бәйтек молда ұшып тұра келіп, киіз боқшасының ішінен шеттерін тышқан кеміріп кеткен жал-
ба-жұлба "Құласатіл масаилін" ашты, көзілдірігін киіп:
-        Қане! Дастарқан, неке... су, күміс салу керек... куә,- деп белсеніп, сыбанып жұмыла бастады. Тез бір-екі жануарды өкіл сайлап, ауызбен: "алды, берді, тигізді,
сүйгізді..." Ал енді куәлікке әлгі үйге сыймаған жастардың қане бірін тапсыншы. (Молда боқшасын алысымен-ақ: "Ойбай! Қамарға бетіміз шыдамас" деп бәрі қашып кеткен).
Күйеудің ат қосшысы мен бір жасамыс біреуді әйтеуір сүйрегендей қылып, куәлікке тұрғызып:
-        Бар! Сұрап, ырымын қылыңдар. Ата-анасы берген соң жетеді, сонда да...- деп Бәйтек молданың мыңқ-мыңқ еткен ызғарлы суық дауысы анау үйдегі Қамардың жүйкесіне тиіп кетті. Апырмай-ай! Бүктетіліп, сұлық қана өлеусіреп жатқан Қамар жылан шағып алғандай басын жұлып ала сала; қарлыққан даусына да қарамастан, жұлынып-жұлынып айтып жібергендегісі мынау еді:
Жұртым-ау, құдайыңды ойлаймысың,
Ұстап сату әдетін қоймаймысың?!
Көптен бері зарлатты аямастан,
Жетер енді со-дағы тоймаймысың?
Шыныңмен сол Нұрымға қиғаның ба?
Бес қара сатып алған иманың ба?
Әділдік, құдай, құран естен шығып,
Жауыздың жалмауына сыйғаның ба?
Жұртым-ау, Қамар қандай, Нұрым қандай?
Құрым сақал, қонқиған мұрын қандай?
Нұр шашып, жалт-жұлт етіп жайнаған жүз,
Қарашы, бүгін қандай, бұрын қандай?
Уай, дүние! Болмаса еді жалғыз аты,
Құл болсын маған салса арғы заты,
Қол ұстасып жүрсем де, теңім болса,
Жиһанда табылар ма рақаты?
Тұратын мал емеспін тоққа алданып,
Ұшатын қарға емеспін боққа алданып.
Жұртым-ау, саңылау қайда, миың қайда.
Қалайша бар дейсіздер жоққа алданып?
Есекке еп білмейтін зорлап қосып,
Жүрмісің бәлі тілеп, ажал тосып?
Жүзін көрсем, көргендей әзірейілді,
Селкілдеп тұла бойым кетер шошып.
Ұзақшыл, рақымы кең құдай қалай,
Жазықсыз жапа тартқан қыршын жан-ай.
Егер, алла ұзақшыл болмаса еді,
Жер жұтарлық ісің бар талай-талай,-
деген кезде, Бәйтек молда қолына кітабын ұстай сала жалма-жан Қамарға жүгіріп келіп Нұрымға жақсы атты көрінбек үшін, мыжып-тыжып, ақыл-тоқтау айтқан болды...
Сонда Қамар әйтеуір ақ үстінен қара тани ма деген адам еді деп, бір жағы жұртына шаққандай қып, қапасын бөліп ұжмақ шишмасының* тамшысындай сап мөлдіреген
көзінің күйікті жасын тырс-тырс өксіп төгіп отырып, мынаны айтты:
Уһ-уһ, молда-ай шықты жаным, күйді жаным!
Өлімді сол сұмырайдан сүйді жаным.
Не жаздым қор қылғандай ел-жұртыма
Дөңкитіп соңыма сап хайуан-малын.
Шыдатпай күйіп-жанып іші-тысым,
Чаходка, құрт аурудай кеткен түсім.
Шишма (татарша) - бұлақ, бастау деген сөз.
Күлкі жоқ, көңіл қапа, жүрек жалын
Қайтейін, өз ағамнан болған қысым.
Не болар соған менің халім,
Барады ішке сыймай қайғы-зарым.
Өмірімді сол жауызға қор қылғанша,
Өлтір, жұртым, қолыңнан, адал қаным!
Бармаймын матасаң да, байласаң да,
Кәрі итті алтын жағып майласаң да.
Өлемін осы арада оны көрмей,
Көнбеймін бұғаулатып айдасаң да.
Он беске жаңа келді менің жасым,
Келмейді түндегі ұйқы, батпайды асым.
Малды деп, мал секілді шалды көрдің,
Құрығандай өзім теңді замандасым.
Жүретін сойып сатып, жасы-қарты,
Мал емес төрт аяқты әйел халқы.
Уау, молда, түзулікті айт құдай үшін:
Жоқ па еді күпу* деген неке шарты?
Молда:
-        Шырағым, ренжітпе атаңызды,
Бұзбаңыз құдай дескен батаңызды.
Сүннетін пайғамбардың қабыл қылмау -
Зор күнә; мен айтайын қатаңызды.
Қамар:
-        Күнә емес кемге бармау, сауап шығар,
Қарның үшін қайтарған жауап шығар.
Қызықты қызыл гүлдей жас жүрегім
Сорлы боп қандай жалын қаулап шығар.
Пайғамбар тең емеске бар деген жоқ
Зар жылатып бес қара ал деген жоқ.
Шал болсын, пасық болсын, сасық болсын,
Сата бер, әйел заты - мал деген жоқ.
Күпу (арабша)- тең, дәрежесі бір деген сөз.
Басыңды өлектікке сал деген жоқ,
Өмір бойы бөлеге қал деген жоқ.
Шірісін шірік байдың табанында,
Әйелде жарты тиын жан деген жоқ.
Молда:
-        Ата-анаң сені өсірді қандайыңнан,
Асырады ас кетірмей таңдайыңнан.
Әуелде бір алланың жазуы сол:
Шал болса да, бара көр маңдайыңнан.
Қамар:
-        Ай, молда, түзушілік қайда қалды,
Жазып па құдай бізге сасық шалды?
Құдай тұрсын, ынсапты пендесі де
Қоса ма қу ағашқа өрім талды?
Молда:
-        Тәуекел, бекем байла беліңізді!
Түсірме бүлгіндікке еліңізді!
Пәленшенің баласы солай демей,
Сөкпеңіз құдай қосқан еріңізді!
Қамар:
-        Қызыл жібек тәнімді жүн қылмаймын,
Жарқыраған күнімді түн қылмаймын.
Неке қияр ала алмай қаласың деп,
Шалға барып басымды күң қылмаймын.
Батады деп қорықпаймын елім дауға
Тым болмаса бермеді дені сауға.
Мені аяса, мал үшін жылатпасын,
Бермесін опсырайған обыр жауға.
Созім сол - мейлің жандыр, мейлің өлтір!
Қисық десең, қанеки, дәлел келтір!
Не шариғат, не низам айтты ма екен,
Елудегі шалға бар деп жемтір-жемтір.
Молда:
-        Не дейді ұялмастан мына арсыз?
Кәпірдің көрмейсің бе беті қансыз!
Ахмет жас, Нұрым шал ғой деп ұйтқытып,
Аздырып жүретіндер бар ғой жансыз.
Айтайын шариғатты, низамды қой!
Разы шариғатқа боласың ғой!
Ажамға* ажам күпу, арабқа араб,
Басқалардың бәрі де жаңылыс ой.
Қамар:
-        Кім шыдар шариғатқа, жалаңызға?
Бояма қара көңіл қараңызға.
Дұрыс-ақ, ажамға күпу болса,
Кемпір тең бе он бестегі ер балаңызға?
Молда (ашуланып):
-        Көп сөзді қой, су әкел, неке оқимын,
Аятыл күрсі, алхамды жеті оқимын,
"Бысымылла" деп, ішіне ақ күміс сал!
Бір-бірін сүйгендей ғып жеке оқимын.
Қамар:
-        Бола ма ризасыз неке дұрыс?
Ұялмастан айтасың неге бұрыс?
Дуала, мейлің үшкір, мейлің түкір!
Бақыр, шақыр болмасқа кеткен бұл іс.
Молда:
-        Үндеме, дұрыс-дұрыс, дұрыс-дұрыс.
Өз мойныма обалы болса бұрыс.
Бұзылған бадбақыттың бұзық сөзін
Біздерге жарамайды тыңдап тұрыс.
Қамар:
-        Тыңдамасаң, әрі кет мыңқылдамай,
Жүк артқан өгізге ұсап ыңқылдамай.
Жерді қап, жемтігіңді жегір, молда!
Неке қияр алам деп қыңқылдамай.
*Ажам (арабша)- араб жұртынан өзге елдер.
Молда:
-        Шырағым, ашуланба, жай бір сөзім!
Монтандығым болмаса егер шықсын көзім!
Араңа мұсылмандық айтамын деп,
Бәлеге қалдым, міне, менің өзім.
Қамар:
-        Мұсылман болсаң, ауылыма айт, жылатпасын,
Көл қылып, көзім жасын бұлатпасын.
Жас алма, қызыл гүлдей уыз тәнге
Добыра сақал дуракты құлатпасын.
Молда:
-Мұндай іс, білемісің, жаман атақ,
Бармасаң да береді байлап-матап.
Малдан құрық, басынан сырық кетпей,
Бермесе дау көбейер болып шатақ.
Кіргізбе дау-жанжалға атаң басын:
О да отыр амалсыздан төгіп жасын.
"Баталы құл арымас" деген сөз бар.
Бір жолға бар, қарағым, асыл тасым!
Қамар:
-        Сөзіңді естімеймін кетші, молда!
Өлемін оған бармай осы жолда.
Қасық қаным берейін өз қолымнан,
Підиемді алып мақсатқа жетші, молда!
Мал үшін малға табынып құдай атып,
Шырланып бір жауызға мені сатып.
Мастанып бір тең мен кемді көзі көрмей,
Жойылсын, жұртым емес, қалсын қатып!
Талансын дауға малы, жауға басы!
Қиылсын қырық буыннан қыршын жасы!
Осының бәрін қылған Оспан ағам,
Жібермес, құдай білер, көздің жасы.
Кеу-кеулеп, қыздырмалап, қымыз ішіп,
Сыртынан бәрін билеп өлшеп-пішіп.
Әділдік, құдай, құран естен шығып,
Қайырлы болып десіп, бір күлісіп.
Ұялмай оны қостап өңшең күшік!
Жапырылып, ыңғайына ұшып түсіп.
Атың өшкір, ақылсыз Оспан ағам!
Мейірің қансын енді қаным ішіп!
Құдай-ай!!!..
Жас жүрек бола ма екен шалмен күпу?
- Қу ағаш бола ма екен талмен күпу?
Майысқан өрім талдай жас қыздардың
Болмайды екі аяқты малмен күпу!
Ұялмастан "күпу" деп неке оқып,
Тіпу, молда, жүзіңе тіпу-тіпу!
Ойласаң, таза менен сасық тең бе?
Ғалымға қара көңіл пасық тең бе?
Неге, неге көрмейсің, соқыр молда,
-        Байқасаң, асыл менен жасық тең бе?!
Молда (біраз төмен қарап, көзіне жас алды):
-        Қайтесің, шал болса да, малы бар шал,
Мал болған соң, аузында балы бар шал;
Сен бұлбұл, ол қарақұс болса-дағы,
Қосатын сені өзіне халі бар шал.
Шырағым, бәрі де рас айтқан сөзің,
Өртеді іш-бауырымды жасты көзің.
Қайтейін, аясам да, амалым жоқ
Әркімнің көз ұшында жүрмін өзім,-
деп Қамардың шырқырап шыққан зарлы сөзіне еріп кеткендіктен өзінің қай жерде отырғанын білмей сөйлеймін деп, молда бейшара қол-аяғы жерге тиместен далаға шы-
ғып қалғанын бір-ақ біледі.
Нұрым мен Оспанның:
- Тепкіле! Тепкіле!- деп қатты-қатты тығылған дауыстары естіліп, сол сағатта-ақ аузын шие жегендей қылды да тастады. "Байтал тұрсын, бас қайғы", молда-екеңнің бес теңгелік ақ шапаны да әркімнің қолында кетті; "Бастан құлақ садақа": астындағы атынан және айырылып, жаяу үйіне қашты. "Ілем деп жүріп, ілігіп кетті" деген сол, әйтпесе, ең
құрығанда он теңге мен бір жақсы шапан кимеймін деген молда бейшараның ойы бар ма еді? Енді оған указдық па, тағы қалған сақалын жұлғызып, абақтыға жібермей мұнымен қойса сол!.. Ойбай, ана жақта Қамарды бас салып құшақтап:
-        Асыл туған қарағым, данышпаным! Қара басым қанға боялып, малым жауға, басым дауға таланса да, ренжітпеймін, бермеймін, жүрегім! Бермеймін, қарағым, асылым, құлыным, жұлыным,- пәлен-түген,- деп өкіріп-бақырып, сақалынан суы сорғалап Омар жатыр. Өксігені өксіп, томсарғаны томсарып, жыламағаны өтірік те болса, ауыздарын кемсеңдетіп, әйдай, Қамарды айнала, түнерген қатын-қалаш, қыздар отыр. Қанша қара жүрек болғанымен, сондағы кісілер не шығарларын білмей, не отырарын білмей, әркімнің көз алды қараңғыланған секілденіп, ал енді, белгісіз қиямет күні тумасын ба? Бір олай, бір былай аунақшып, жарыла жаздап, булығып, анда-санда үйелеген өгіз секілді ыңырана түсуден басқаға шамасы келмей, ардақты күйеуіміз - Нұрым отырды. Онан сайын Омардың "кетші, кетшінің" астына алған жан дауысы тамам ауылды басына көтеріп, өрлеп барады. Оспанның да құйрығына қыл батпай Нұрым ыңыранған сайын бетіне қарай түсіп, жаны шыға жаздап, құр анау үйден, мынау үйге кезекпе-кезек жүгіре берді. Міне бұл ақыр заман, ақыр таң атқанша бірден-бірге қаптап ұйлыға берді. "Бұларың ұят, қойыңдар!" деп айтуға ешкімнің тілі келе алмады, қайта "қызық көреміз бе, ойбай, құдай басқа бермесін, жүр!" десіп, жұрттың көбі үйлеріне тарасып кетті. Ың жоқ, шың жоқ. Жалғыз-ақ Омардың: "кетші, кет! Қамарымның басқан ізінен садаға кет!",- деген баяғы қорқынышты жаман дауысы мен кейбір жарамсақтанған шалдардың Нұрымды жақаура-
тып: "Өй, қызды оқытып... Қызды оқытып... Бәрі сол оқып... Ахметпен жақындасқанның кесірі ғой, дуалы бас қой, дуадан күшті болып па?"- деп коңырсытқаны ғана естілуші еді.
Оспан Омардың жанына барып:
-        Мұның не, ұят емес пе?- деп бірдеңені мыңқылдайын деп еді:
-        Өзіме де, саған да пышақ саламын! Түбіме жетіп, тұқымымды құртайын деп жүр екенсің,- деп өзіне дүрсе қоя беріп ұмтылған соң, әзер қашып, жан сауға қылып қана құтылды. Ақыр Оспан Нұрым досына:
-        Ісіміздің жайы мынадай болды. Әлгі жынды немее баласы жылаған соң қимай жүр. Қазір бірімізге пышақ салудан да тайынатын емес. Қамарға да кінә қойып болмайды: дуадан күшті болып па? Жәукенің шала қазақ баласы қыларын қылып болған соң, өз ұятын біліп, қашып кеткенін көрмеймісің? Қап! Құдай соны қолға беретін күн болса... көремін де, мырза. Бұл жолы ұят та болса қайтып, соңынан өзіңіз білсеңіз қайтер еді?- деп, тартып алу жағын сездірді. Нұрымның қасындағы төбеттер:
-        Біз мұндай қорлықты қайда көріп едік?.. деп бұлқынайын десе, Нұрым әлгі Оспанның тартып ал деген сөзіне түсініп, баса берді. Нұрым енді ішкі пікірін ішінде сақтап қайтпақшы болды. Жүрерде ауыл ақсақалдары жиылып:
-        Бұл жолы жердің үстімен келіп, астымен қайтқандай болдыңыз. Көптен бетіңіздің қайтқаны да осы шығар. Құдай құдіреті - дуаға амал нешік? Ендігі келгеніңізше Омарды, бәрін көндіріп даярлап қоямыз; болмаса, өзіміз болып тартып әперейік, көңіліңізге еш нәрсе алмай кетіңіз, мырза, мырзеке!- десті... Қайтсін, амалы бар ма, "Өлмегенге қара жер" солбырайып атына әзер мініп:
-        Әй, бәлем-ай, сені ме?- деп, тістене-тістене Нұрым қайтты.
Мұны естіген жұрт:
-        Ойбай, Омардың соры қайнады, тәтті аузының дәмін кетірді ғой,- десті.
Нұрым кетісімен-ақ:
-        Ал, шоқынды, түбіме жеттің! Қане, мықты болсаң ұстап тұршы, көрейін. Қияметке дейін көрмеймін!- деп, Омардың жер-жебіріне жетіп, жан күйер ағалары Қалтан және Оспан да шықты.
-        Құдайға тапсырдым. Көрмесең, көрге көміл жауыздар!- деп Омар қалды.
Тағы да шуыл, тағы да дуыл, тағы өсек даулап ала кетті-дағы, онан басқа не дейсің? Жұрт аузындағы: "Пәлен-пәлен" етем деп айтыпты; анау шабам, мынау қабам деп айтыпты..." деп күн бұрын үрейін алып гуілдескен өсекке қарағанда, ертеңінде-ақ Омардың күлі де қалмаса керек еді. Жоқ, аман-есен он күн, он бес күн өтті. Омар онан сайын қатайып, бойына ие болып алды. Шабысты қалаға, жаудырысты арызды, бұтты-шатты дегендей ұшы-қиыры жоқ сасық даудың ішіне кіріп кетіп шатасты да жүрді... Мұнан бұрын Омар "Әне, келіп қалды... Міне, әкетеді Қамарды" деп көлеңкесінен қорқып дегендейін елегізіп бөтен үйге қоюға өзінен басқаға жөне сене алмай қару-жарағын даярлап, үйінің ішімен түн бойынша үрпиісіп, көрер таңды көзімен атқызушы еді... Міне, бүгін елінің "жақсылары" жиналып, жаз жайлауға барысымен, Омарды беруге көндіріп, Нұрымды алуға көндіріп, қай уәдені бұзған жағыңнан беземіз деп, жайғастырған болып қойып еді.
Соның үшін Омар үйіне келіп:
-        Оған шейін бір қара қалай көрмеспіз? Құдай жеткізсе Қасен ағаң да келер, қарағым!- деп көптен көңілдері тыныш тапқандай болып, бұрынғылары ұмытқа айнал-
ғандай есін жиып, етегін жапқандай Омардың да, Қамардың да әлдеқалай бір балбырап, алаңсыз тәтті ұйқыға кіріскен түні бүгін-ақ еді. Аһ! Не шара?! Таң алдында күндізгі бітімнің құр алдап, бейғам қылу екендігі көріне бастады. Алаңсыз тәтті ұйқыда жатқан Қамар әкесінің:
-        Ойбай! Кісі! Қарағым, Қамар!- деген асығып шыққан жан дауысын есітіп, төбесіне мұзды су құя салғандай атып тұра келсе, бейбақ, бейшара не көзімен көрсін: көз
алды самсаған сары қол: қолдарында белсенген білектей-білектей қамшы, әке-шешесінің басы-көзі қып-қызыл қан, үсті-басы далба-дұлба, әрбіреуінің қолында жүр құр: "Ойбай! Ойбай! Өлдім!.. деп қырылдаған даусы ғана шығады, жабыла ашаға байласып жатыр. Нұрымның:
-        Бәлем, бермейтін мықты неме ғой! Көрейін мұның сотын! Әйтеуір, сүйегін сындырып, көзін шығармай, өлмесе де өлімші қылыңдар! Дәндейін деген екен!.. Әлгі мені
сүймеймін дейтін дүзіқара қаншығы қайда? Тигіз менің қолыма...- деп, төбет иттей гүрілдескен ашулы суық дауысы үйді басына көтеріп барады. Жүрегі төбесіне шығып қорыққаннан қалш-қалш етіп дірілдеп, діңкесі құрып тұрған Қамар сорлыда ненің есі болсын, үш-төрт жігіт ақырып:
- Жүр! Неге тұрсың?- деп ұмтыла берген кезде, апырым-ай, Қамар жанталасқандай терезе деп ойлады ма немене, пәрменімен ұшып кеткендей үйдің бөренесіне басын соғып шалқасынан түсті. Ес те жоқ, түс те жоқ, құр кірпігі ғана қимылдап, көгеріп сұлқ жатты: "Соқырдың қолына, саңыраудың жолына түспе" деп, қолына түскен соң сыпыра көңілі соқырлар өлген-тірілгеніне қарасын ба? "Ойбай, бұл дүзіқараныкі айла ғой" десіп, арбаға
көтеріп ұрып, ең алдымен жөнелтті. Алмасақ та бізді талады ғой,- десіп Омардың үйінде іске жарарлық нәрсе қалдырған жоқ. Не қылса да, ойына келгендерін істеп, дүрілдесіп кете барды. Қамарды алды. Қалтан, Оспанның айыздары қанды. Мұны ауылдың көбі күндіз білсе де, "Ойбай, бірдеңесіне ілігіп кетерміз" деп, Нұрымнан қорқып жолағысы келмеді, қайта, Омар ойбайлаған сайын, жүнді күпілерін бүркене түсті. Таң атысымен-ақ, "Нүрекең жүз кісімен өзі барып, Қамарды әкепті, бірақ айла болса керек, Қамар үйінен
шыққаннан талып, әлі есін жөнді жимаған, әлсін-әлі аузына келгенін сөйлеп, шатаса береді дейді"- деген хабар жұртқа дүңк ете түсті. Әйдай!.. Не сұрайсың, қайырлы болсын айта Нұрымға қарай ағылған лек-лек кісі!.. Бара салысымен "Ой, сабазың! Жарайсың! Сол керек еді... Қоса ағар" деп, қайырлы болсынды тұс-тұс жақтан жаудырысып-ақ жатыр. Нұрым да "әмин-әмин" деп, аузын толтырып, жалаң бас, есі жоқ, түсі жоқ, терлеп-тепшіп, екі езуі құлағында, алақандай шегір көзі ақайып, жирен сақалы қаудиып кеткен, әншейін-ақ күр-күр етеді. Барын аяп қалмай, "Аста-төк" деп, келгенді ақ майға жығып жіберіп жатыр. Және мына даудың көзінде жұртқа жалыныштылау ғой, қанша мықты болғанымен "батырға да жан керек" емес пе? Ат сұраған ағайынның да, ас сұраған ағайынның да бетін қайырмай, дос-досына ат шаптырып, күні-түні дамыл көрмей, әйтеуір жұртты өзіндік
қылып алды. Жауы жанынан табылған жақындары жабылып діңкесін құртқан Омар сорлының құр қынжылып, сақалын жұлудан басқа не әдді бар? Бірге туысқан ағаларының сиқы анау... Ондай-мұндайлар бүгін ішіп-жеп отырғанда Омарлық болса да ертеңінде қорқып Нұрымға кетеді. Жалғыз басы олай шапты, орысқа-орманға барды, малын да, жанын да аямаған болды: "Жалғыз қаздың үні, жаяудың шаңы шыға ма?" Шыбын құрлы көрген кісі жоқ, бір айдай далақтап тптығына жетіп бара жатқан соң шарасы бар ма? "Көп қорқытты, терең батырды", жүні жығылды да қалды... Нұрым қолына еркін тиген соң, Қамарды күтпеу қайда? Шыбын жаны соның үстінде шықсын деп, иіліп төсек, жайылып жастық болып, өліп-өшіп барады. Дөңкиіп келіп қолын артып, яки аяған болып бір жерін сипап, сүйем дей ме, немене күйектей бір қап жүнді сақалы мен сасық аузын Қамардың үлбіреген аузына тақап апарғанда, Қамардың шыбындай жаны шығарға орын таппай шыр-
қырап, қиналғандағысын құдай мұсылман баласының басына бермесін! Қандай талмаусырап әлсізденіп жатса да, қалай маңайына Нұрым келді, солай шағатын жылан келе жатқандай тітіркеніп, қысыла бастаушы еді, без-без етіп қырғидың тырнағы таянған торғайша шырылдап тулағанда, денесін кез келген нәрсеге соғып, бұрынғысынан он есе төмендеп қалушы еді. Қамардың мұнысын айла деп, жекіріп-ұрысып, сабап көріп те байқасты. Жоқ, жоқ, күн асқан сайын еттен, халден айырылып, айла болмай, шынға айналды. Уайым-қайғымен әлдеқашан-ақ чаходка болып қан-сөлден айырылған сорлы ғой, оның үстіне мына қайғы қосылып, әлгі ұшқан жүрегі орнына түспей дамыл-дамыл
басы айналып, шатаса беретін болды. Белгілі, қазақта мұндай ауруды жалмауыз ишандар, алдамшы қожа-молда, басқалардың қарайтыны. Және бұл жарықтықтардың қайсысы да болса, қазақ елінде бар ғой. Аяқ жетер жерден алдырып қарата бастады. Бұл алдаушы жауыздардың қайсыбірі басында дуа бар деп, қайсысы қызылды-жасылды тіл-сұқтай бірдеңе жабысқан, басын айналдырып тұратын сол деп, қайсысы дәнеңе де емес, жастық-мастық деп, Ахметпен желігіп әруақты қорлағандай болды ғой, кешегі қара шаңырақтағы
жарықтық бабаң Құттымбектің әруағы тегін дейсің бе? Сол әруақ мұны тауып жатқан. Әне, Омарды соқты ма?  Тағы қарап тұр, Ахметті де соғады. Зиратқа түнетіп, шырақ жағып, құрмалдық союға керек деп жүз түрлі ем айтып жатушы еді. Міне, бұлардың қайсысына болса да Нұрым мырза сүттей ұйып:
- Пәле, пәле, тіпті жөні бар, әруақ асыға ма, саса ма? Біз ұмытсақ та, жарықтықтар желеп-жебеп жүреді ғой,- деп арқасы шымырлап кетіп, тез мола басына түнетіп, талай ай
мүйізді, аша тұяқтыларын құрмалдық қылып, жамбасы мен терісін емдеушінің өзіне ұстатса да жазыла алмады... Онан соң үшкіру, түкіру деген нәрсе күнде нөпір. Қолында сандықтай құраны, алхам мен құлқуалла білетіндердің аузында дамыл жоқ. Емдеуші мұндай көп болар ма, үйге сыймай лық-лық етеді. Көбіне тиын түспесе де, "Бір тойған шала байлық" деп, өңмендей беруші еді... Тағы қорықтық құю ма, қара малдың өкпесімен қағып көшіру ме, жынға орау, "қырық аяқ сумен ұшықтау", "бозбұға, сарбұға", жеті түрлі дәрі-дәрмектің басын қосып емдеу ме, не керек әйтеуір осылар секілді "қасиетті" қазақ
емдерінен оллау ағлам қалғаны бар ма екен? "Қамардың басын айналдырып, сені сүйдіреміз",- деп жеті қара мейізге, тұзға, қантқа да дуа қойып, Нұрымды алдаушылар да толып жатыр. Нұрым тек ауылға басына шалма ораған біреу келсе: "Қырықтың бірі Қыдыр деп еді, лепесі қабыл болмас па екен?" деп, жанына мейіз, тағы сондай тәттілер алып жүгіріп, үшкіртіп жүруші еді. Садақаны кесек-кесегімен тастайды. Не қылса да ауруы күннен-күнге күшейіп, болмасқа айналды. Маңайына Нұрым жақындаса, яки ем қылдырса, тым төмендеп кетеді. Сонда Қамардың ішінен күбірлеп, ылғи аузынан тастамай айта беретіні жалғыз-ақ мынау еді.
А, құдай, енді мені күйгізбей ал!
Жауыздың суық тәнін тигізбей ал!
Антым бұзбай алдыңа мен барайын,
Ахметтен басқа жанды сүйгізбей ал!
Мұны шала-шарпы естіп қалғандар: "Әне, дуа! Әне, дуа, көрдің бе?"- бір-бірін түртісіп, шулай қалушы еді. Қамардың жайы мұндай болған соң, "іштен шыққан шұбар жылан" шыдата ма, араздық пәленді қойып, Омар да күні-түні қасында болды... Мұның емі ылғи қожа-молда қоймай үшкірте беру десе де, Омардың жан ұшырған іждаһатымен қаладан доктор алып көрсетіп еді:
-        Емдейтін уақыттан өтіпті. Апырым-ай! Чаходка болғанда да бір түрлі қуаттысы екен, болса бір-екі айлық қана өмірі болар. Шатасатыны қорқып, жүрегі ұшқандық, әлсіз
болған соң есін жия алмай тұр. Емдетпей өз ықтиярына қойып күтсе, онысы басылады. Қаратам деп әуре болма, жай күте беріңдер,- деді. Мұны естіген жұрт: "Ойбай доктор былшылдайды, түкті де білмейді. Чаходка дейтін мұныкі жөтел емес қой. Қашан да болса, иелі дертке сенбейтін доктордың әдеті емес пе? Өзгесін қойшы, сөйлеп шатасатыны қорыққандық деген көпірдің көпірлігі ғой. Мұныкі иелі дерт ғой. Әбділда ишанға бақтыру керек. Сол кісіге қаратып Иманбек, Жамантайлар жазылып кетті ғой.." дескен соң тез өзінің баласын қос атпен жіберіп, елінің жақсыларына қағаз жазып, екі күндік жердегі ишанды алдырды. Жарықтық екі-үш мүриді қасында бірге келді. Келісімен-ақ Нұрым асты-үстіне түсіп:
-        Тақсыр, мынадай бір мүскіліміз болып тұр. Сәті болып жазылып қалса жанымнан өзге қалағаныңыз сіздікі,- деп, арғы көмейін білдірді. Мұны естіп ишан-екең де мұртынан күліп:
-        Иншалла, қара кітапқа қарап, әруақ жар болса бірдеңе қылармыз. Анау бір күні ерте намазынан соң, таһаратпен жатып көрген түсім теріс емес еді. Біз тәжірибе қылмай келмейміз ғой,- деп, Нұрымның танауын күн бұрын шелектей ғып делдитіп қойды.
Әйда-ай! Бүгін түнде әне жерде шарта жүгінген, жыбыр-жыбыр далайыл қайрат, мына жерде сарт-сұрт еткен таспиқ пен субхан алла су жағала дей ме, немене көзін жұмып, дамығып кеткен мүридтер. Жай етке бола жиылған кейбір шалдардың өзі еліктей алмай, солықтап, тіпті ишаныңнан асырып өлтіріп барады. Қазандай ақ сәлде, пұшпақтарына түскен ақ шапан төмен қарап тізіліп, үзіліп тұрған бір түрлі айбынды, құдайы жандар болғанға, ауылдың кіруге қорғанған жаман-жұман кісілері де:
- Жарықтық, әулиелер ғой!- деп, сырттан тұрып мүлгісуші еді. Босаға талып сығалап кеткен қатын-қалаш жабықтан сығалаймын деп таласып мүлдем киізді жыртып өлтіріп барады. Ишанның шатып-бұтып айтқан түпсіз өтірік ертегісі мен қиратып, сындырып айтқан азанын естігендер де:
-        Ой, садағаң кетейін, жарықтық әулиелердің дауысын қарасайшы, бүркіттің дауысындай қалай саңқ-саңқ етеді. Осы күнгі ноғайша киінген қатыбас молдалардың қандай хатым-кәрдасына жолықсаң да ау-у-у деп, даусы к...нің астынан шығады ғой,- деп, арқасын қиқаңдатып қоюшы еді. Анау тамырымды ұстатамын, мынау кітап аштырамын, тағы тұмар алып үшкіртемін, қақтырам, соқтырам... деушілер де көп, күн бұрын беретін садақаларын даярлап, жоғы қарызданып жүгірісуде еді. Жарықтықтар тартатынын тартып, аузы-басын қисаңдатып делбе болған мал секілді бірсыпыра селкілдеп, шұлғысып болған соң, екі сағаттай күтіп отырған етті жеп лықсиып ұйықтады-ау... Ертеңінде бір мүриді:
-        Аурудың иесі арамызға көк өгіз боп келіп жүр екен, әйтеуір қудым,- деп, түс те көріп шықгы. Нұрым соған нанып, едәуір көтерілді. Таңертеңгі шайды ішер-ішпесте-ақ жиылған кісілер ишанның қолын ұстаймын деп етік-метігімен періп кетіп, мүлдем үйді былғап бітірді. Жұрт жабырласып басылған соң, байға байша: бала-шаға асты-үстіне дейін қазып сұрап, кедейге кедейше: иегінің ұшымен жүргізіп, амандасып болды. Қазандай ақ сәлдесін қошитып шарта жүгінді; қозы құйрығындай аршын жарым таспиғын тізесінің үстіне қойды, көзілдірігін киді; белінен шүберекпен буған арасының көгерген иісі кеудені ататын, жалба-жалба шеттерін тышқан жеп кеткен, сандықтай атам заманғы бір кітапты
ашып бұрқыратып отырды да, ең әуелі кітаптың жайын сөйлей бастады:
-        Бұ кітаптың ең түбі бабам хазірет Ғалидан қалған Жағпар Садық әулиенің кітабы. Атам марқұм Бұхарадан жеті жыл іздеп, қолына әзер түсіріп алған екен. Жарықтық өзі өлерінде: "Күтпесең, таһаратсыз ұстасаң, соғып кетеді, болмаса өле-өлгенше азық болады" деп өсиет қылып еді: ақыры тегін кісі емес қой, айтқаны келді. Осы ғой біздің сүйенетініміз - деп ал кеп шулатты. Оған үй ішіндегі ақсақал, қарасақалдарының "ие, иә"
деп жандары кіріп:
-        Ой, жарықтық-ай, әулие кітап екен ғой. Бәсе жазуын қарашы таяқтай-таяқтай, қағазының қалыңдығынан-ақ белгілі боп тұр ғой,- десіп, жабылып жүзін сипап, сүйгені сүйіп, қолдан-қолға түсірмеуде еді...
Ал енді ишекең қасиетті кітабына қарап жібере сала:
- Апырым-ай, дуа бойына әбден сіңісіп алған екен. Жүрегінің басына барып байлануға аз-ақ қалыпты. Мұны көптен неге қаратпаған? Сонда да әзір қатер деген сөз көрінбейді. Бойында қызылды-жасылды тіл-сұқ бола жабысқан көз секілді ұшығы да бар-ау өзінің... Тап осы кезде екі-үш түрлі аурудың басы қосылып, ерегісіп тұр екен: мұның ең әуелі ұшығы кетсін үшін жеті жылғы ту қойдың өкпесімен қағып, сары ешкінің қарнын құшақтату керек. Сонан соң жеті күн ұдайымен оқып зікір салып, басындағы дуасын аламын. Оған болмаса...- деп, ал емдеуге кірісті. Қақты-соқты, сойледі жоқты, үшкірді, түкірді - бәрін де қылды. Ақ шыны аяққа ішірткі қып, мынаны жазып ішкізді: Егер біркім ерсе бұ бұғаны бітіп ішсе бәс, кішіге жын зәхмәти тидагай, межіреп дірки дұға бодыр.
Ағузи белләхи мен әл-шайтан алраким биссимилла и
Имлақа           Мәкселмана   Мырнош        дыбырос
Шазноп          Кіпішттыйош Қытмыр         Сакыр ағыр ғымыр рып йо-ян
Мойнына һәм киімінің сау жерін қоймай, шоқпардай-шоқпардай ғып зияндаш дұғасы деп тақтырды:
Зияндаш дұғасы бодыр
ааа       ғғ         һһ        арсым мм
ддд      бб        ааа       ғғ         һаа
Тұсындағы шымылдықтың бауына ілген Исым ағзам* ба керек, әлде не мазарат етектей-етектей дұғалықтан Қамардың беті-жүзі көрінбейді. Жан-жағын Меккеден... деп, қажылар әкелген алтынды құран, түрлі мешіттің планын (формын) салған қағаздарменен қоршап қойған. Тіпті, адам сұрар емес тілдей-тілдей ұзыншақ дұға жазулы қағаздардан аяқ алып жүргісіз.
Әншейін-ақ қасына сүре* танитын сопысымақ сұмырайларды жиып алған, қырық мәртебе ясин** шулатып
*          Исым ағзам (арабша)- құдай аттары тізіліп жазылған дұғалық.
*          Сүре (арабша)- құранның бөлімдері.
** Ясин (арабша)- құранның бір бөлімі, аят аты.
шыққызып, әр шыққан сайын түрегеліп азан,, тәкбір*** айтып, "онынзыл мен алқуран ма һо.. лақол ола қот... ақыры... жақыры... шаң-шаң! Ан... ын..., қойшы, ыс-с-с суп, күп-п! Тіпу-түп-тің!" астына алып, баспалатып-ақ жатыр-ау... Бірақ бұл емдердің қай-қайсысына болса да Қамар разы емес, аза бойы тік тұрып бір нәрсе дейін десе:
-        Әне, дертінің иесі ерегістірді,- деп онан жаман екіленіп кетіп, былш-былш үшкіруші еді. Міне, бүгінгі кеш зікір сала бастамақшы. Нұрымның кең зал үйіне "таһаратсыз бір жан отырмасын, соғып кетеді" деп қожа-молда, алхам құлһуалланы**** сындыра біледі-мыс деген заттардан қырық-елу жанды алқа-қотан отырғызып, бәрінің нақ ортасына Қамарды ұстатып қойып, ал ишекең зікір бастап, жағалай отырған кісілер өкіріп
кеп, тулап шуласпасын ба? Көзің жамандық көрмесін! Жұлынып алды кетті, алды кетті...
Біраздан соң:
Қайсысы қылжалақтап, маған "зікір түсті" дегендей қылып жығылып жатыр...
Қайсысының ауыздары көпіріп қиқылдап шиқылдаған болып... қайсысының бөріктері ұшып кетіп, бастары бір-біріне соғылысып...
Әне біреуі ишанның қолынан ұстап, шыр айнала жүгіріп, бұрқылдап...
Міне біреуі мырс етіп күліп жіберіп, кейін шегініп, аузын басып қырқылдап...
Онан-мұнан сығалап қараған балалар мен қатын-қыздардың шек-сілесі қатып, жырқылдап...
Кейбір есті қатындар күлгендерге ашуланып:
-        "Кетіңдер, не бар онда? Қызық көремісіңдер",- деп бырқылдап...
Одан сайын ишекең де кеудесін көтеріп қойып дәуірлей түсіп:
-        Бабамнан қалған көк кептер,- деп, аптыға-аптыға ыңқылдап...
Анадайдан көз жіберіп:
-        Апырым-ай, жарықтық ишекең!- деп, үңіле қараған шалдардың да бастары қылтылдап.
*** Тәкбір (арабша)-құлшылық ретінде құдайды ұлықтау.
**** Құлһуалла (арабша)-дұғаның бір түрі.
Өкіре тулап, жұлына-жұлына ән қосқан мүридтердің даусы да екі шақырымға жетіп сұңқылдап... Қайсыбірін айтайын, әйдай-ай, не сұрайсың, мерекеге батысып-ақ жатыр-ау!
Зікір қызып келген кезде, Қамарды еліктіріп жүгіртем деп, ишекең әлденеше қайтара барып сүйресе де, болдыра алмаған соң, назаланғандай болып, әруақ, құдайға жалбарынып, әулие машайықтарға сыйынып, бабаларын шақырып, дөнен бұқаның кеудесіндей күжілдеп, омырауын ашып тастап, көзі қызарып кетіп, жұлына-жұлына
танаулатып, мүридтерімен ду қосылып айтқандағысы мынау еді:
"Кеспи-теспи, ай алдау!
Мапи қалби Ғайрулда-ау!
Ин ләм алдау құлқынға,
Мал түспейді, аллам-ау!
Әуелі жар боп жебей гөр!
Құтты қожа Сартымбет!
Одан соң сүйеп, демей бер,
Әр уақыт туған Байымбет!
Алдау үшін айтамын:
Мәдинеде Мұхамбет!
Ауызға алдым сені де
Түрікстанда Қожахмет!
Қалдырмасын тағы да,
Үргеніште балуан Ахмет.
Құлқын жайын қарастыр,
Пел-түрейсік, ишан-хазірет!
Суммел ашми хазірет...
Айналайын ишан-ау!
Әруағыңды жисаң-ау!
Мүридтің халі мүшкіл
Бұна насырат қылсаң-ау.
Баһауаддин дуана,
Пәлекетін қуала.
Ин лам якун біраз күн,
Нұрымның ғайнын уала.
Япірім, ғайып иран қаусыл ағзам!
Шадияр, машайықтар, имам ағзам!
Мақсұты - алқом, суммел, құлқын.
Сол үшін мөжнүн тамам ағзам.
Я ғалиял - зүлпуқар!.. һу-һу-һу... леп, алды кетті, алды кетті. Ишекеңдер екі-үш сағаттай құтырған өгізше өкіріп болған соң күндегі қалыпша ақ майға лықсиысып, тағы бірсыпыра ауыздарын қисаңдатып, табиқ алып отырған болып ұйықтады. Ертеңінде бір мүриді ұйқыдан тұрысымен, Нұрымның көзінше ишекеңе қарап:
-        Апырым-ай! Дертінің иесі күшті екен: қасына жатқан менімен алысып, мынау көзіме түнде қара кездігін тығып алғанын көрдіңіз бе? Әйтеуір сіз арашаламағанда,-
деп, күбілжітіп қойды. Ишекең тамағын кенеп, көзін алайтыңқырап қойып:
-        Иә, түндегі ме? Ол маған неше күндей келіп бата алмай жүр еді, ешкімге әзір ауыздан шығармасқа керек. Соңғы екеуінің атын аңғара алмай калдым, бастапқы үлкендерінің аты: Әмина, Сәлима, Халима ма еді?- деді де, боқшасын ақтарып қағаз алып жаза бастады. Қағазға қамыс қаламмен баттитып тез Әмина, Сәлима, Халима деп
жазды да, "күйдірейік бәтшағар дұспандарды" деп отқа жандырды. Нұрым енді аурудың иесі күйді, жазылады деп нанып, қуанышы қойнына сыймауда еді. Өстіп жеті күндей шатпаған шатақ қоймай, пәрменінше көңілденіп-ақ қараған болды. Қамарды үш-төрт жігітке ұстатып қойып, шапқымен төбесін тесті. Өзінің күн бұрын шаш, тырнақ, жібек, тағы түрлі нәрселерден істеп даярлап қойған түйіндерін қанға бояп, әлгі тесіктің ішінен:
-        Оқуменен бойындағы дуасын шығардым, енді жазылады, мінеки!- деп алып, жұртқа көрсетті. Бұған халықтың нанғандығы сонша:
-        Бейшараны құдай ал, құлым, - деді ғой,- десіп шу ете түсті. Бірақ Қамар күн асқан сайын кері кетіп, нашарланып барады; онда жұмыстары да жоқ:
Қожекең қарағалы өңі тәуір, пәлен-түген...- деп, Нұрымның ыңғайына қарай сөйлеушілер көп еді. Солай біраз шатып-бұтып шаршаған соң, ишекең жарықтықтар қайтуға қамданысты. Тап жүрерінде Нұрымға қарап:
-        Әйтеуір сіздің шақырып, біздің келгенімізге қарай, бабаның кәрі әруақтары жар болып, садағаң кетейіндер, басындағы дуасы алынып, ең күшті науқасының беті қайтты ғой, енді қызылды-жасылды анда-санда есін аударыңқырап тұратын үйреншіктілеу бірдеңесі бар, о да біраз әлсіреді. Мұнан былай бірте-бірте тәуір бола бастар. Ақыр бойына сіңісті болып бара жатса, мына жердегі Көңілбай бақсыға бірер оқытып жіберерсіздер; мұндай иелі уақ дертке тәуір дейтін. Бірақ оңаша қалдырмаңыздар, дәретсіз маңайына бармаңыздар, ерегісіп кетеді. Онан соң "Үйге кіргізбе кесепаты бар" деп, Нұрымның бір-екі жек көретін адамын көрсетті. Нұрымның қуанғандығынан шелектей танауы делдиіп кетіп:
-        Жеті атадан тілеулес әруағыңнан айналайын, тақсыр, пірім-ай! Мұнда тағы бір-екі күн болыңыз,- деп үзір қылып жібермеді. Жат елдегі пәлен мырза барғанда, соны беріпті деген атақ болсын деп, олжаны ишекеңдерге ойдағыларынан екі есе артылдырып берді. Сонан біліңіз: жанындағы мүридтеріне дейін бір-бір ат, шапан кидіріп қайтарды. Ишанның Нұрымнан қашан босауын аңдысып тұрған қазақтар, ишанды қайдан еліне қайтарсын: қолдан-қолға түсірмей ала келіп жөнелді. Оның ішінде кітап аштыратыны бар, қақтырып-соқтырып, үшкіртіп түкіретіні бар, төспі аламын, балалы боламын деп жүр-
ген сопылар да бар,- не қылса да сол маңайдағы қазақтар: "Іздесең табылмайтын жарықтықтарды құдай қолға айдап кеп бергенде..." деп жүзі жүз түрлі мұқтаждықпен алды ат, айғыр, қошқар, арты теңге-тебен садақаларын, тым-ақ құштар болып тұр еді, қолдарына тиді. Онан соңғы есебін құдай өзі білмесе, пенденің аузы жеткізе алмас.
Мұнан былай Қамардың жайы күн сайын төмендей берген соң, ишанның әлгі сілтеуі бойынша Көңілбай бақсыны алдырды. Ишанға қылған сый-құрметтерді оған да көрсетіп,
айтқан лепесіне бәйек тұрып, Қамарды қолына тапсырды.
Бақсы:
-        Қамардікі үйірлі жын, қайда... бұл ауырысымен-ақ маған сезілген. Әуелгі жындарымды шақырып, әруақтарымды жинап, үш күндей ойнаймын. Жеті қуыршақ, жеті
қара тікен, тұз, үш жылғы қара ту ешкінің сүйегімен көшіріп, жолға тастап зират айналдырамын. Тіпті жазылмай қалмайды. Дертінің иесі жеңілейіп бара жатса, жылайды, жалынады, сүйтті екен деп, зынһар, аяушы болмаңдар, бәрін қылдыратын жыны, аурудың иесі,- деді. Алдында ишанның умалауынан зәрезеп болып қалған сорлы Қамар бақсы ойнайын десе, ойнамақ тұрсын маңайына жақын барса да, ұядағы балапандай шырылдап міз бақтырмады. Ойбайдан ойбай салды. Бақсы:
-        Әне, құдай берді!- Ол дертінің алдымнан қорқып, именейін дегені. Иншалла, жазылайын деп тұр. Ауру - құдай ісі, айыбы бар ма? Жамандығынан болған жоқ қой.
Мұны ортадағы подвалға винт қағып, мойынан байлап және екі қолын артына жұмсақ орамалмен таңып қоярға керек,- деді. Отырған жұрт: "құп, құп" деп, бас салып айтқанның бәрін қылды. Сонан бақсы білеудей сегіз қырлы сарбас қамшыменен өзін-өзі ұрып, бүлініп кеп: "аруақ! аруақ!" деп жындарын шақырып, көзін алақтатып, тілін салақтатып, шыр айнала, бір олай, бір бұлай зырылдап жүгіріп, ал кеп ұрмасын ба?
Қамар сорлы мүсәпірсіп, шырылдаған дыбыспен:
-        Әй, ағатайлар! Дүние, ақыретте көк есегің болайын!
Мынадай қорлықты көрсеткенше, жанымды қинамай біржолата өлтіріңдер, құным сұраусыз болсын. Болмаса қолымды босатыңыз, өзім өлейін!..- деп, мұсылман адам-
ның сай-сүйегі сырқырағандай зарлап кеп жалынып еді, оны қазақ қайдан қабылдасын?
-        Апырым-ай! Мына бақсыға ерегісуін қарашы! Ишанды да шыбын құрлы көрген жоқ еді. Құдай бірдеңе берер, үндеме,- десіп, онан жаман қымтып былай түсті.
Қамар осындай жазықсыз қиналуга ызаланып, тым болмаса, өлуге де босана алмай тарыққан соң, аузына не келсе соны сөйледі. Бақсекең онан сайын бұрқырап бірдеңені
көріп тұрған кісі секілденіп:
"Ақ боз атты қасында,
Әуей көгі басында,
Анау кірді миыңа,
Жүректегі жиынға;
Аруақ жәрдем бермесе,
Істің түбі барады
Шама келмей қиынға..."
деп, Қамардың үстіне төніп, дырау қамшысыменен басқа, көзге бет алды төпелей бастады, Қамар сорлының құлындағы даусы құраққа шықса да: "Бейшара-ау, дертіне шипа берсін, саған кім болса да қастық қылып отырған жоқ қой" деуден басқа бақсыға қой деуші кісі жоқ еді. Себебі: күн бұрын бақсы ұқтырып қойған: таяқ дертінің иесіне тиеді, тіпті басын отқа тықса да зиян жоқ, қайта жыны күйеді деп. Қамар қанша жалынса да мейірім қылар жұртының сиқы мынау болды; өз бетімен өлуге де қолын босатпай қойды. Қашан шығып кеткенше ыстық жан шіркін шыдата ма, тұщы етіне ащы таяқ өтіп шыдатпай бара жатқан
соң, Қамар бақсыны ағатайлай бастады ("Қасқырдан қайрат кетсе, ешкіні апа қылады" деген сол) және көп кісі жиылған ыстық үйдің сасық ауасы ауру Қамар тұрсын, сау кісіні булықтырып өлтіріп барады. Міне, Қамардың таяқ өтіп жалынғандығына үйдегі өңкей мисыз өгіздер:
-        Әйда-ай! Құдай берді! Қамар жазылды! Дерттің иесін біздің бақсының жыны жеңді,- деп мәз-мәйрам болысты.
Бақсы да енді сабауын қойып:
-        Ә, солай ма? Ә, сүйтуші еді ғой, баяғыда...- деп, біраз күліңкіреген болып, тағы екіленіп бұрқырай бастады. Бұрқырап, қырқырап, тәлтіректеп, есін білмеген кісі болып жүріп, ақыра жұлынып мынаны айтты:
Айналайын, әруақ-ау!
Толғанайын, әруақ-ау!
Жан қысылған кезінде,
Қолға алайын, әруақ-ау!
Қара қасқа ат бек мініп,
Жал-құйрығын шорт түйіп,
Бурадайын түксиіп,
Қарт қабандай бүкшиіп,
Көк кептер, менің жолдасым
Көз жасымды исейші!
Ап жыланды қолға алып
Айдаһарды соңға алып,
Ақ борандай долданып,
Қара бүркіт қарағым,
Түйіліп келіп тисейші!
Ақ боз ат мініп жарысқан
Ауыздықпен алысқан,
Жоғымды іздеп табысқан,
Дұшпаныммен шабысқан,
Ай астында алты аруақ!
Сауыт-сайман асынған,
Нас адамды басынған,
Омырауы ашылған,
Аузынан көбік шашылған,
Жер астында жеті әруақ.
Қара Шотай, бабам-ау!
Медеткер бол балаңа-ау!
Иектен сүйеп жіберсең,
Қалай да жол табам-ау!
Осы үйде бар бір құла ат,
Екі жылдай құр құла ат,
Тағы да бар көк өгіз,
Осында бар көп өгіз.
Бар да көзін тез жоғалт,
Кесел болып тұр бұл ат.
Бесеуін зорға өлтірдім,
Ең үлкенін келтірдім:
Бұған шамам келмеді,
Не қылсам да өлмеді,
Садақаменен болмаса,
Ауыртпалық соған түсіп тұр,
Құр айтқанға көнбеді...-
Жалған айтты демеңіз.
деп бақсы талықсыған болып, қиқалаңдап жығыла кетті.
-        Ой, аруағыңа болайын,- деп бақсының қатты-қатты күрілдегеніне разы болып отырған жұрт:
-        Уай, сабазың! Енді қайтсін-ай...- деп бақсыға су бүркісіп, әрқайсысы өз білетін құлһуалларын оқысып, біраз дем салысты. Аузын қылжалаңдатып ішінен әлденеменені
күбірлеген болып, жыбырлап сұлқ жатқан бақсы: "Ой, алла-ай, ұйықтап кеткен екенмін" деп жарты сағаттан соң, біреумен алысқан кісіге ұқсап, екі иығынан дем алып түрегелді.
Және бақсының "дәретсіз кісілерді шалып кетеді, мұныкі керемет күшті һәм үйірлі жын" деп, жұртты қорқытып, су жүрек қылып қойғандығы сонша: қашан кеш болды жарықсыз, серіксіз, қандай әулиемін деп жүрген болса да далаға шыға алмады. Түсінде ме, өңінде ме әйтеуір, елегізіп, о жер, бұ жерден сары ит пе, қара ит пе керек, топтанған қыз-келіншек, пәлен-түген көрдім деушілер де көбейіп кетті. Әйтеуір сол ауылдың кісілерінің көздеріне ажал көрініп тұрғандай-ақ тәубе-таупыққа бір келтірді. Бет алды үрейленіп, көзіне әлде нәрселер көрініп, кірпігін ілмей шығушылар да аз емес. Тіпті өмірінде басы сәждеге тиіп
көрмегендердің өзі дәретсіз, біссімілләсіз жүрмей, қалтырауық сопы болып алды. Кеш болса жүректері ауыздарына шығып, лүпілдеп, ауыздарында: "біссіміллә, біссіміллә...
лахаулы уала қуатен..." жан-жағынан оқынып жүруші еді. Бақсы жұрт нанған сайын құтырып, күнде-күнде: "Мен бүгін пәленмен алысып шықтым, түгенмен жұлысып ұйықтамадым",- деп, қиюы түпсіз өтіріктерді ағызып, құр зәрелерін ала беруді білді.
Бақсының әлгі ауыртпалық түсті деген малдарынан тезінен садақа қылып құтылысты. Көбін еңбек иесі - бақсының өзіне қойды.
-        Бейшараның бақыты бар екен: Ахметке барса, несін беріп қаратар еді, барлығыңыздан білінбей жатыр ғой,- деп, Нұрымды онан сайын қаудитып қоюшылар да аз емес еді. Осы қалыпта бақсы үш күндей қараған соң, міне, бүгін зиярат айналдырып, көшірмекші күні, зиярат ауылдан екі шақырым жол үстінде. Қасында он шақты құдай ұрғандар бар, бастығы Нұрым Қамарды түндікке орап алып, әруақ-құдайға жалбарынып, зияратқа барды... Бақсекең тағы бұрқылдап, жез қамшысын бір олай, бір бұлай бұлғап, Қамарды тізерлетіп зияратты айналдырып жүрген кезі еді. Анау жерден бұларға қарсы бұрылып жүрген бір-екі атты кісі көрінді. Бұ кім деп тұрса, Омар мен баяғы күйікке шыдай алмай, оқуға қашқан Ахмет
сорлы болып шықты. (Қамардың мынадай жайын естіген онда жүріп тағы тынши алмай, көзі барда көріп қалайын деп, қалашымен бірге аңсап-сусап келіп жеткен екен). Нұрым "бұ кәпір қайдан жүр?",- деп таяқтың астына алып, қуайын десе де, қасындағы Омардан бата алмады. "Амансың ба?"- деген болып, алақандай шегір көзінің оғымен қарап, жақтырмаған ызғарын көрсетіңкіреп қойды. Ахметтің басқада ісі жоқ, есі-дерті Қамарды көруде. Сөйлесе ықтиярсыз жылап жібергендей көз жасы тамағын булықтырып, бақсыны ішіп-жеп қайнады да отырды. Бақсы зияратты жеті айналдырып, жұмысын жұмыстап болған соң Ахмет Қамарды көруге ыңғайланды. Нұрым:
-        Қой, әлі үйге барсын, сендерді көрген соң тағы да далада сөйлеп, үйтіп-мүйтіп жүдеп қалады ғой...- деді.
Бақсы:
-        Ойбай, көшірген соң тоқтатып тұру жарамайды, ауруды артына қаратпастан тез алып жүру керек,- деп түндікке оралған қалпынша ду кеп ала жөнелісті. Омар мен Ахмет аттарына әрең мініп, әлгі кісілердің соңынан ақырын салбырап қана ілбуде еді. Анда-санда іштерінен "уһ" деп шыққан ыстық деммен ытып-ытып кеткен көз жастары беттерін жуып отырды. Қастарындағы Нұрым-күйеудің әлдене мазарат әңгімелер сұрап: "Маһ-моһ" деп, маңқылдаған дауысы естілсе де, жауап беруге шамаларынан келе алмады, өз жұмыстарымен бола берді. Ақыр, Нұрым мырза бұлардың қасында шыдай алмай ешкім үндемеген соң жоқ бір нәрсені сылтау қылып ауылға қарай озды. Біраздан соң, бұлар да келіп түсіп Қамардың қасына барды. Омарды қойшы, ол неде болса істің басынан көріп
көзі үйреніп жүр ғой, мінеки, тосыннан көрген Ахмет сорлыны айтсайшы! Оның көзіне Қамар қайдан Қамар болып көрінсін? Бір көрген кісінің елестеп, есінен кетпей неше күндей ішін жандырып, ұйқы-күлкісінен қалдыратын сұлу Қамар адам шошып кеткендей қияпатқа кіріп өзгерілген. Азырақ көз пернесі мен сыңсып шыққан нәзік қана дыбысы болмаса, мынау Қамар деп жанын берсе де, нанарлық қияпатта емес еді. Соның үшін көрген жерден-ақ Ахметтің жүрегі тас төбесіне шығып:
-        Ой, пірім, алла-ай! Мынау Қамар ма? Қамаржан ба, қалқажан ба, шын сол ма?- деп, киімін шешпестен жүгіріп барып, жастығымен қабат құшақтап, өкіре құлай кетті...
Омардың өз басына түсіп отырған ақыр заман аз емес қой. Міне, бұған мына Ахметті қуып жібермегендігіне өкініп, көгеріп-сазарып отырған Нұрым қайтті дейсіз? Бір істі, бір кепті, не қыларын білмеді, қалшылдады, дірілдеді. Ақыры ашуға булығып шыдамағандықтан, үйден шығып кетті. Бір ол жақ, бір бұл жаққа шығып ебелектеп, Ахметті айнала қипақтап бақсы жүр. Анда-санда:
-        Не болды? Қойыңдар, қойыңдар. Жаңа жазылып келе жатқан тағы ауруы ерегісіп кетеді ғой; мынаның өзі бір есер екен ғой!- деп қаттырақ жекірген болып қояды. Жай
отырған кісілерге Нұрымның ыңғайына қарай қозғалуға арғы жүректері ырық бермеді.
Ахмет біраздан соң басын көтеріп Қамардың маңдайына қолын қойып, үстіне түсіп кеткендей бір түрлі аянышты қияпатта бетіне қарады да отырды. Қамар бақсының жұлмалауымен есін жия алмай жатыр еді. Ойында жоқ жерден қасында төніп отырған Ах-
метке көзі түсіп кетіп "құдай көрсеттің бе?" дегендей қылып күлімсіреп жіберді. Ұмсынып, қозғалыңқырап еді, тұруға шамасы келмеді. Құр қолын созып, Ахметтің қолын
жүрегінің басына әкеп, сырттан басып қысып-қысып қойды. Біраз жаутаңдап қараған соң көрген қорлықтарын шаққандай ғып, көзінің шып-шып шыққан жас тамшысы екі жағына қарай, бірінің артынан бірі қуып моншақтай бастады. Кезеріп, көгілжім тартыңқыраған ернін жиырыңқырап, кемсеңдегені білінді.
Омар:
-        Қой, қарағым, қиналып қаласың ғой,- деп жыламсырап көзін сүртіп еді.
-        Аға, тұра тұршы!- деп, Ахметке қарай аударылды.
Шақкансымақ, ыңырсып қана:
- Жан достым, Ахметпісің, жанымбысың! Қайдан, қайдан келдің? Қайда жүрдің? Қарағым дейтін Қамарыңды көруге келдің бе? Міне, Қамарың! Көр, көр!.. Міне, көр...
Қорлықты зорлықпенен көрген Қамар,
Амалсыз бәріне де көнген Қамар.
Айдай әлем аузының суын құртып,
Арманда арсыздардан өлген Қамар.
Құдайға бүгін алса арманым жоқ,
Түксиген түк сақалға барғаным жоқ.
Қорлықта қосыла алмай кетсем-дағы
Әйтеуір, жүзің көрмей қалғаным жоқ.
Қарағым жатыр едім сені тосып,
Әуелден сүйген жарым құдай қосып.
Мұндай күйге ұшырадым, ғашық достым,
Сақалды перғауыннан жаным шошып.
Кетейін, берірек кел, арыздасып,
Азырақ сөзіңді естіп, мауқым басып.
Тіріде обалымыз - қазаққа ғой,
Құдайым қияметте қылсын нәсіп.
Санаулы, қалқа жаным, қалған күнім,
Талмаусып шықпай жатыр көрдің бе үнім?
Нұрыммен өмір сүрген бір күнімнен,
Жақсы ғой қабірдегі мың күн, түнім.
Уақытым жоқ қош айтысар болды сізге,
Баратын әлгіде айттым жолды сізге.
Мың қайтара жаныңнан құрмалдық боп
Әкелші мен берейін қолды сізге.
Қайтейін мен қимаймын, шыбын жаным!
Аһ, дүние, қимағанмен не дүр халім?!
Сүйгенге бір қосылып, сүйсіне алмай,
Құртқа жем болғаның ба, ғазиз тәнім?
А, құдай, өзің тексер көз жасымды,
Әділсің, көріп тұрсың жас басымды.
Мың шүкір, бүгін өлсем, арманым жоқ,
Көрсеттің жаным сүйген жолдасымды.
Жаратқан құдайымсың мейірбанды,
Асырадың рахметіңмен барша жанды.
Айтайын қолым жайып тілегімді,
Аясың мейірім қылып, нақақ қанды.
Тоқтау бер, мұнан былай қазағыңа
Шалдардың қызды салмай мазағына!
Дуасы бейшараның қабыл деп ең,
Сол үшін мен разы азабына.
Сонан соң жұртты аздырған ишанын ал!
Соңынан судай ақсын жөні жоқ мал.
Надан, сопы, мүридін айырмастан,
Тамұқтың дәл түбіне апарып сал!
Тағы да балгер-бақсы - бәрін де жой,
Жалғыз-ақ жаны ашитын жастарды қой!
Қақшаңдаған қақбас шал тағы кетсін,
Қабыл ғып тілегімді, құдайым-ой!
Қазақта қыз туған жоқ менен артық,
Құлпырдым он бескеше бағым артып,
Майысып пісіп тұрған дер кезімде,
Малды шал анталады иттей тартып.
Ғибрат ал мен сорлыдан, қазақ қызы!
Түйрейтін мал менен шал - саған бізі.
Оңбайды бұл әдетпен қазақ халқы,
Бол себеп ақырында қалмасқа ізі.
- Уай, дүние!.. Арманда кеткен қыршын жаным-ай!..
Қазаққа мұнан былай жарық көрсет... Қанағат бер, құдайым-ай!..- деп, басын изеп қойып, ақырын айта алмай шаршап қалды. Ахмет естіген сайын өн бойы шымырлап, үзіліп кете жаздағандай болып, егіліп жылап отырып мынаны айтты:
Кетіп ем күйік қылмай сенен қашып,
Шыдамай, тағы келдім жаным ашып.
Астында алты қырдың жүрсем-дағы,
Өртедің іші-бауырымды қайран ғашық.
Сені кім отқа салған шырылдатып,
Қойыпты тамағыңды қырылдатып.
Құтырған көк төбеттей арс-ұрс етіп,
Бақсыны кім әкелген ырылдатып.
Келіп ем көзі барда көрейін деп,
Көрген соң күйігіңнен өлейін деп.
Шыдамай бұл қорлыққа мен отырмын,
Өзімді сенен бұрын көмейін деп.
Артыңда не боламын тірі қалып?
Барады ішім күйіп от боп жанып!
Көрсеткен саған қорлық жауыздардан
Кетермін, тым құрығанда, өшіңді алып...-
деген кезде, анау үйден Нұрым есікке қарай аптығып жүгіріп келді. Келді де Ахметке дүрсе қоя берді:
-        Тұр, шықшы! Сүйреп шығарыңдаршы! Қарашы, мұның сығандығын, аярлығын... Дуаны қылып-қылып, сиқырлап, міне, бір кісіні өлтіріп отырсың, сөйтіп монтансығаның - мен сенен осының өшін алмай қоятын шығармын, сыбағаң сақтаулы. Өзің не істеп жүргеніңді білемісің? Бәлем, осы сен кімді басынып жүрсің? Байла итті ашаға! Орысқа апарып беремін!- деп. Сол-ақ екен жай отырған бақсы ұшып тұра келіп, жұлынып ала жөнелді:
-        Дерттің иесі тіпті ерегісіп кетіп, міне, көрдің бе, дерт бұрынғысынан күшейіп болмасқа кеткен. Құдайдың құдіреті, жазылғанша кісі жуытпай қоя тұр деп едім. Бәрін
қылып, сиқырлап жүрген мына залым сен екенсің ғой,- деп.
Тағы тұрмады, "шық-шықтың" астына алып, бас жоқ, көз жоқ Ахметті жұлмалап, есікке қарай сүйрей бастады.
Ахмет отырған жұртқа қарап:
-        Ағатайлар, бір бес минеттей ғана пұрсат беріңіздер. Өзім де шыққалы отырмын. Тым болмаса біраз арыздасып, көңілімізді басалық,- деп жыламсырап, ғұзыр қылды, жалынды.
Сол арада тағы Нұрымның:
-        Арыздасатын мұның несі еді? Үр итті! Байла! Байла!- деген дауысы мен Қамардың:
-        Жан достым, қайда кеттің? Менен қаштың ба? Көзіңнен жөнелт!- деген дауысы қатар естілді.
Үйдегі кісілер Ахметке:
-        Шырағым, бағанадан бергің де жетті. Шыға ғой, Нұрекеңнің ашуы басылсын,- деді.
Бақсы:
-        Шыға ғой, жалынатын не бар? Мұны да бірдеңе ерегістіріп тұр. Дәдесін қолына берейін!- деп жүгіріп келіп, дырау қамшымен Ахметті ал кеп сойды, бір нәрсені көрген кісідей екіленіп-екіленіп, тіпті араша беруді қойды. Отырған кісілер арасына түсіп, арашашы болса да итеріп-итеріп тастап, қайтадан Ахметке ұмтылды. Апырым-ай! Жан дәрмен Ахметтің неғып қолы тиіп қалғанын білмеймін:
-        Бүйтіп аяған жанның...- деп салды пышақты бақсыға, жығылған жерде теуіп-теуіп тастап ұмтылды Нұрымға. Қолының ұшы тиер-тиместе-ақ оны да қызыл ала қан қылды. Әйтеуір ортаға кісілер түсіп, тез қашып үлгергендіктен ғана өлмей қалды. "Өз бетін аямаған кісі бетін шиедей қылады" деп, қане жалғыз адам ұстап қолына Ахметті түсіре алсыншы! Көбінің-ақ бетін шиедей қылды. Ұстамақ тұрсын ешкім маңайына да баспай алды-алдына қашты. Ақыр жан тәтті. Сонда да оңай ма? "Ер екеніңді білейін, ер өлтіріп байқашы!" деген ғой, жүректің қызуы қанның қайнауы, жанның күюі, ызаның тасуы шыдатпай Ахмет мынадай іс істеп салды. Істерін істесе де қайтерін білмей, құр айналақтап үйдің ішіне жүгіре беруден басқаны білмеді. Әбден есі шығып кеткендігі ғой, солай сандалып жүргенде, жиылып келіп қалған кісілерді көріп:
-        Қарағым, Қамар, міне, сенің үшін жаным, қасықтай қаным, қош!- деп жүгіріп есіктен шыға берген кезде, алдынан қатарымен екі сойыл тиіп, Ахмет бұл дүниенің залым тұрмысынан ақыреттің әділ тұрмысына қарай арманда көшіп жүре берді. Жұма күні екінді уақыт еді.

1914

Comments