Өлеңдері‎ > ‎

Жазғы қайғы

Жаз жетіп, қарлар кетті, сулар ағып,
Күн де тұр жарқ-жұрқ етіп нұрын жағып.
Құлпырып, жүз құбылып жердің жүзі
Қуанбас жан-жануар бұған нағып.

Маужырап кеш болғанда жұлдыз, айы,
Мұнартып көкшіл тартқан қыр мен сайы.
Қой маңырап, түйе боздап, сиыр мөңіреп,
Жылқы кісінеп, ойнақтап құлын, тайы.

Сылдырлап қайнап аққан бұлақтары,
Секірген жағасында лақтары.
Үй тігіп, көк шалғынға желі қаққан,
Кешегі қайран қазақ тұрақтары.

Алыстан күліп-ойнап сағымдары,
Сулардың гүр-гүр етіп ағымдары.
Сыңсып түрған шынарлар саясының
Мал-жанға қандай еді жағымдары!

Бетіне айғыз-айғыз салған шимай,
Жүрген жер талай шауып жылқы жинай.
Біріңді күзек, біріңді жайлау қылып,
Сонда да даурықтым ғой саған сыймай.

Қыс болса бір жағыңды қылып қорық,
Тақақтап, атқа мініп, жорытқан қорып,
Жазатайым аяқты енді бассам,
Тартқызды кісі құнын, қанын сорып!

Жағалап ауыл қонған көлдерім-ай,
Суында жүзіп ішкен төлдерім-ай!
Шарқ ұрып, шалқып қонған қайран қоныс,
Зар болып бір күнгіге шөлдедім-ай!

Жайқалған сыпсың қағып нуларым-ай,
Қиқулап ән салатын қуларым-ай!
Арқаңда малым өсіп, мырза атанып,
Күпілдеп, көкке шыққан буларым-ай!

Көлшімек, бықып жатқан томарым-ай,
Томарға жылжып барып қонарым-ай!
Суыңа тай жүздіріп ермек қылған,
Енді көзім жетпейді оңарыма-ай!

Жиылып, қала салып алмадым-ай,
Табам деп кең орынды қармадым-ай!
Қайда барсам «бытбылдың» бөденеге,
Жаңа өкіндім, амал не, аңдадым-ай!

. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

«Ал құтыл, жау жетті» деп, қойдай үркіп,
Иең – мен, өлмей жүрмін әзер аштан.

Әндетіп қойшыларым қойын бағып,
«Иә, пірім-ай! кеттің дәурен әлде нағып?»

Қасиетті бабалардың зияраты,

. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Ал енді, бізге келген заман қандай,
Заманға қарсы тұрар шамаң қандай?
Басқаның көк желке боп тепкісінде,
Талайсыз неден болдың, аһ, сор маңдай!

1913

 

Comments