Өлеңдері‎ > ‎

Талиптарға* (Шәкірттерге)


Миллеттің кел майданға, талиптары1,
Дерті бар, дәрмені жоқ, ғарыптары!
Оқыған жастарының арқасында
Көз ашты көрші жұрттың халықтары.

Көрдің бе миллетіңді ұйқы басқан?
Тебіренбей жер қозғалып, жарылса аспан.
Ойлайық бәріміз де миллет қамын,
Бірігіп, ынтымақтан еш қалмастан.

Миллетке бек зор үміт – шәкірт халқы,
Ат болса да, біздерде жоқ қой қалпы:
Жабыстық көрінгеннің етегіне
Бір бақас жаттап алып шала-шарпы.

Кейіміз пәнді оқу – арам дедік,
«Хашия»** жаттап, ұжмаққа барам дедік,
Бұрынғы тақыр талас қалпымызда
Атаның жолын қуып қалам дедік.

Кейіміз халық ұйқысын ашам дедік,
Ұмтылып ілгері аяқ басам дедік.

Ата тұрсын, бабаның жолы болсын,
Залалды жолдан безіп қашам дедік.


*Талип (арабша) – шәкірт деген ұғымды білдіреді.

**Хашия (арабша) – түсінік деген сөз. Бұл жерде кітап аты.

 

Дөңінен надандықтың асам дедік,
Миллетке раушан нұр шашам дедік.
Үйреніп әрбір түрлі өнер-ғылым,
Теңіздей дария болып тасам дедік.

 

Кейіміз сәлде, шапан кием дедік,
Сүзіліп басты төмен ием дедік.
Ақпейіл адалсынған сопы жан боп,
Сүйтіп-ақ підие* зекет** жиям дедік.

Кейіміз оны көріп, оған ердік,
Аздан соң оны тастап, буған келдік.
Көңілді ешбіріне бой салғызбай,
Тоқтаусыз ортасында аттай желдік.

Кейіміз тиіп қашпа алаңғасар
Қылдай сөзді таудай ғып жұртқа шашар.
Жанды қиған кісі боп жылтыраймыз2.
Кісіні мықтап сайлап үркіп қашар3.

Білеміз ынтымақсыз іс оңбайды,
Тартынып шу-шулеткен кісі оңбайды.
Бізде бар аққу, шортан, шаян қалпы4.
Біздің іс бүйтуменен еш оңбайды.

Миллеттің кел де бірік, ал жастары,
Қызмет қыл, өткір қылыш алмастары!
Бәріміз қуат қосып бірге тартсақ,
Анық қой надандықта қалмастары5.

1912.

 

*Підие (арабша) – өліктің басына азық, яки соның құнына шағып шығарған садақа.

**Зекет (арабша) – ислам шариғаты бойынша мал санына берілетін садақа.

 

 

Талиптарға (шәкірттерге) (1912;— Сұлтанмахмұттың 1933, 1950, 1957 жылғы жинақтарында басылып келді. 1950, 1957 жылғы баспаларында «Талаптыларға» деп аталған.

1. Миллеттің кел майданға тапиптары.— Қолжазбаға сүйеніп берілді. Бұл жол өзге баспаларында:

Миллеттің кел майданға! — болып басылған, «талиптары»—деген сөз жоқ.

2. Жанды қиған кісі боп жылтыраймыз — Қолжазба бойынша қабылданды. 1933, 1950, 1957 жылғы жинақтарда:

Жанды қиған кісі боп жалтыраймыз — делінген.

3) Кісіні мықтап сайлап үркіп қашар — 1933 жылғы жинақ пен қолжазба бойынша берілді. 1950, 1957 жылғы жинақтарда:

Қиын-қыстау іс келсе, үркіп қашар, — делінген.

4) Бізде бар аққу, шортан, шаян қалпы. — Қолжазба бойынша қабылданды. 1933, 1950, 1957 жылғы жинақтарда:

Бізде бар аққу, шортан, шаян халқы — болып басылған.

5) Анық қой надандықта қалмастары.— 1950, 1957 жылғы жинақтар бойынша жіберіліп отыр, осы жол 1933 жылғы баспасында:

Жақын ғой надандықта қалмастары — делінсе, ал қолжазбада:

Яқинан (иқина) жаһилатта қалмастары — деп жазылған.

 

Comments