Өлеңдері‎ > ‎

Түсімде

Басында жаназаның қызғыш көрдім
Сырты — қой, іші — қасқыр бұзғыш көрдім.
Жұрт көзінше сүзіліп, түсін бұзып,
Тәсбиқ деп кез жарым тас тізгіш көрдім.

Бір жол сия дәру деп езгіш көрдім,
Қиялменен жер-көкті кезгіш көрдім.
Алғысын ұжмақ, қарғысын дозақ қылып,
Көзінен кез айырса безгіш көрдім.

Және де бір тайпа аңды көрдім,
У да шу, айғай-ұйғай даңды көрдім.
Бірі іреп, бірі сойып, бірі тартып,
Әуліккен ынтымақсыз жанды көрдім.

Тағы да бір даулаған отты көрдім,
Қап-қара қисабы жоқ топты көрдім.
Мас болған дау-жанжалмен әлгі аңдарға,
Ұсынған әр тараптан оқты көрдім.

Аңдардың мұнан ешбір хабары жоқ,
Көз салып жан-жағына бағары жоқ.
Қыран көз қиядағы ақ сұңқарын
Қырғидай тым болмаса санары жоқ.

Бір уақыт анық көріп оттың шетін,
Қашарға бұлар қойды енді бетін.
Қашқанмен қарсы алдында жар мен су тұр,
Болды енді сорлылардың ісі шетін.

Білмейді тұрарын да, қашарын да,
Қайтсе аман еркіндікпен жасарын да.
Қарсақ көрсе қорқады жолбарыс деп,
Білмейді қалай қарай басарын да.

Және де түсінбейді айтқан сөзге,
Өзінше бұлардың да пікірі өзге.
Егер де отырықшы бола қалсақ,
Деп айтар «ұсталдық қой көрер көзге».

Аңдар тұр от пен судың арасында,
Сахраның әр жердегі даласында.
Әр нешік ғаріптердің ісі мүшкіл,
Я, рахман, өзің бір жөн табасың да.

1913

 

Comments