Өлеңдері‎ > ‎

Сарыбас

Жалаң бас, жалаң аяқ, жыртық дамбал
Кір көйлек, қомыт күпі, шидем шалбар.
Сары үрпек, көгілжім көз, өңі жүдеу,
Қу мойын, аш қабырға аңғал-саңғал.

Жарық қол, қара табан, жалақ ерін,
Толтырған кеудесіне қайғы-шерін.
Жеті атасы құлдықта күн өткізген,
Кірме деп кемітетін ата-тегін.

Ата-анасы қартайып, жасы жеткен.
Кедейлік жас күнінен тентіреткен.
Кірсіз киім, дәмді асты арман қылып,
Қайғылы жоқшылықпен күні өткен.

Азамат үш ағасы сақа бойдақ,
Енбектің қазанында піскен қайнап.
Атасына басылған нәлет таңба,
Бұлардың да сендей ғып басын жоймақ.

Шүкібай шал әкесі заты Керей.
Адал қара бітпеген тұлдыр кедей.
Сарыбасын оқытуға былтыр берген,
Жалшы боп пайда тапсын бұл да демей.

Бұл іске тұра алды ма байлар күлмей,
Кекесін, өткір зілді тілі тимей:
«Артында жоқ кесеумен қамшылайды,
Ақымақ әуре деген әлін білмей».

Ондай сөз Шүкібайды налытпайды,
Үйреншікті кедейлік қажытпайды.
Сарыбасымды оқытам, адам қылам,
Деген ой барған сайын шалықтайды.

Малға кедей, көңлі бай, зарықпады,
Сөзі семіз, мінезін арытпады.
Бар еңбегін Сарыбастың оқуы үшін
Ант қылды соған арнап сарыққалы.

Сарыбасқа өткір зейін дарытқаны,
Бір-ақ жылдың ішінде анықталды.
Қойшының көк шолағы жүйрік шығып,
Шабысты барған сайын дамытқаны.

Жақсы оқып, зиректігін танытқаны,
Жолдас түгіл молданы аңыртқаны,
Піскен бас, көбік өкпе бай баласын
Таң қылды, сөйлесе естен жаңылтқаны.

«Кедейдің ақылы жоқ мәңгі» деген,
Растыққа бай сөзін дарытпады.
«Малға бас, бай баласы кеше» деген
Асанның мақал сөзін анықтады.

Comments