Өлеңдері‎ > ‎

Оқуда мақсат не?

Оқуда мақсат не: Медреседе жату ма,
Ескі нұсқа бақастарды татуға;
Қанша жыл Хашия мен Мантық* шайнап,
Керілдесіп шатуға.

 

Көп жатып «хатымкәрда»** есімін алып1

Елге апарып сатуға?

Ә! Бұлай болса керек енді:

Сәлде, шапан киюге;

Мүрит*** болып ишанға бас июге,

Жас басымнан таупықты**** сопы болып,

Сол есіммен тоқты-торым жиюға.

 

Яки мақсат: молда атанып төрге отыру ма,
Ет, қымызға қарнын толтыруға;
Підие, зекет, пітірге***** қапшық болып,
Миллетке микробтігі тие отыруға?

 

Бұлардың бар тапқаны көзін сату,
Кім өліп, кім жіткенін аңдып жату,

 


*) Мантық (арабша) — сөз, логика деген ұғымды білдіреді, бұл жерде кітап аты.

**) Хатымкәрда (арабша) — белгілі бір оқу орнын бітіруді айтады.

***) Мүрит (арабша) — пірге қол тапсырған адам.
****) Таупықты (арабша) — бір нәрсенің анық-қанығына жеткен кісі.
*****) Пітір (арабша) — ораза тұсында адам басына берілетін садақа.

 

Білмесе де әлхамның ғибарасын*,
Жемтік көрсе молдамын деп тістей қату.

 

Яки мақсат: тілмаш боп жем табу ма,
Жылтыратып сары түйме шен тағуға;
Кеміре-кеміре жыртылған жырық дорба,
Басқалардан қалғанын сен қағуға?

 

Яки мақсат: өнер, білім алуға,
Алға қарай баруға.
Намыстанып қорланып,
Хұқықтан махрұм** қалмауға.

 

Миллет көзін ашуға
Терістіктен қашуға.
Заманаға көз салып,
Аяқты жөндеп басуға.

 

Жақсы тұқым шашуға,
Дария Нілдей тасуға.
Микроб болған наданның
Пітінелерін*** басуға.

 

Өнер тұқымын егуге,
Жарыққа қарай келуге,
Пайда, зиян айырсақ,
Жүре бермей жегуге.

 


*) Әлхам (арабша) – құран аяты. Әлхамның ғибарасын білмеу, құран қарасын танымау.

**) Хұқық (арабша) – право, махрұм қалу – құр қалу деген сөз.

***) Пітіне (арабша) – бұзықтық, бас бұзарлық.

 

  

Отанымызды сақтауға
Ақиқатты жақтауға.
Біз де басты көтерсек,
Қала бермей таптауда.
Рақат өмір жасауға,
Бәліш болмай асауға.

 

Кім дейсіз әр халықты тентіреткен:
Әуелгі үш түрлі оқу түпке жеткен.
Бұл үшеуі көзі батып көмілгенде,
Кейінгі жалғыз мақсат көкке жеткен.

 

Демейміз оқымады біздің халық.
Болса да, оқу — анық, мақсат — танық,
Болса егер ойларыңда соңғы мақсат2
Еш мұндай болмас еді артта қалық3.

 

1912.

 

 


Оқуда мақсат не? (1912) — Алғаш рет 1933 жылғы толық жинақта басылды. Бұл өлең ақынның негізгі жинақтарына енгізіліп келген.

1) Көп жатып хатымкәрда есімін алып. – Қолжазба бойынша жіберілді. Бұл жол 1933, 1950, 1957 жылғы жинақтарда:

Көп жатып «хатымкер» атын алып, – делінген.

2) Болса егер ойларында соңғы мақсат. – 1950, 1957 жылғы жинақтары бойынша берілді. 1933 жылғы баспада:

Болса еді ойларында соңғы мақсат, – делінген.

 

Comments