Алғы сөз орнына

Сайтты құраушы автордың ұлы Мырзабаев Асылбек - Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, №199 орта мектептің информатика мұғалімі

Құрметті оқырмандар, өткен жыл Тұрмағамбет ауылы тұрғындары үшін мерекелі жыл болды.

Өйткені, Сыр сүлейі, ақын атамыздың туғанына 130 жыл толып, аудан әкімінің шешімімен жылды «Тұрмағамбет жылы» деп белгілесе, сол жылы Тұрмағамбет ауылының іргетасының қаланғанына 82 жыл толған болатын.

Аудан әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың қолдауымен ауданымызда тау тұлға, шайыр Тұрмағамбет ақынның 130 жылдығын атап өтудің іс-шаралары жасалып, ауқымды шаралар өткізілді. Осыған байланысты «Тұрмағамбет» ЖШС-нің төрағасы Нұржан Айдарбекұлы Пірмантаев ініміз маған «Атаулы мереке аясында ауыл тарихы, Тұрмағамбет ауылынан түлеп ұшқан түлектер мен еңбек майталмандары туралы естелік кітап шығару жоспары барын, оны құрастырушы өзіңіз болсаңыз қайтеді»-деп, ұсыныс жасаған еді.

Бұған дейін кітап жазу, құрастыру жұмыстарымен шұғылданбасам да, бұрынғы көнекөз кісілерден естігендерімді, көргендерімді құрастыруға келісім бердім және мүмкіндігім келгенше орындауды мақсат еттім.

Міне, енді қолдарыңызға тиіп отырған осы естелік кітапқа ауылдың тарихы, ел мерейін асқақтатқан ардагер ағалар, аңтаңдақтар мен батырлар, ақын-жыраулар мен ұста–зергерлер, ауылдан түлеп ұшқан ғалымдар мен басқа да қарапайым еңбек адамдары туралы қолда бар материалдар енгізілді.

Бұл естелік кітап толыққанды жинақ болды деп айтудан аулақпыз. Әлі де толықтыратын, өзгертетін жерлері жетерлік. Бүкіл ауыл азаматтарын бір жинаққа енгізудің де мүмкіндігі болмады.

«Аманат жүгі азаматқа тапсырылады» дегендей, ел ағасы Нұржанның маған азамат деп тапсырыс берген соң, тәуекелге бел буып ағайынның бірінің дұрыс, бірі қалып қойыппыз деп реніш айтатынына, кейбір азаматтардың құрастыру барысына риза болмайтынын білсек те сенім жүгін арқалап отырмыз.

Әр елдің өз тарихы бар. Оны қалпында сақтайтын ол қағазға түскен жазба. Бізден де кейінгі ұрпақ, алдағы ағалар мен ғалымдар бұл тақырыпты кеңінен зерттейтіндігі белгілі. Бұл бастама деп түсініңіздер.

Сұлтанбек Мырзабаев

естелік кітапты құрастырушы

топ жетекшісі.